Діни білімді өз елімізде алған абзал

Діни білімді өз елімізде алған абзал
ашық дереккөз
Діни білімді өз елімізде алған абзал

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғой, қазақстандық жастардың бір бөлігі діни-теологиялық білім алу мақсатында шет мемлекеттерге оқуға кеткені. Олардың көпшілігі сол елдің саяси ахуалынан, ұстанатын діни бағытынан хабарсыз болды. Өз мәдениетін, ата-бабасы ұстанған дәстүрлі жолды діни біліммен сабақтастыра алмағандар өзге жат ағымның шырмауына түсіп қалғанын өздері де сезбей қалды. Діни білім алу үшін ең ыңғайлы болған Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігі артып, дінаралық қақтығыстардың белең алып, экстремистік, сондай-ақ террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуы қоғамдық-саяси және діни ахуалды күрт күрделендіріп жіберді. Сонымен бірге әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық насихатталып, басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтарын өз қатарларына тарту фактілері орын алуда. Қазіргі таңда Қазақстан билігі сырттан діни білім алуға ұмтылған жастарды бөтен ойлы деструктивті ұйымдардан сақтандыру ісін қолға алып, сырт елдерге діни сауатын көтеруге ұмтылған жастарға түрлі талаптар қойып, олардың білім алу барысын қадағалауды күшейтті. Сондықтан талапкерлер алдымен өз елімізде базалық діни білім алып (бакалавр), содан кейін ғана шетелдік діни білім беретін оқу орнына мемлекет тарапынан берілетін арнайы жолдама негізінде оқуға түсе алады. Мысалы, Мысырдың белгілі діни оқу орны әл-Азхар университеті Қазақстаннан тек жолдамасы бар студенттерді ғана қабылдайды. Бұдан бөлек студенттер, барған елінде дін істері комиететі тарапынан әзірленген «Қазақстан Республикасының шетелге білім алуға шығатын азаматтарына арналған дін мәселелері бойынша жадынама» атты құжатта көрсетілген талаптарды орындауы қажет. Мұның бәрі мемлекетіміздің өз азаматтарын шетелде жүрген кезінде қорғауға, қиыншылыққа тап болғанда дер кезінде көмек беру үшін жасалып жатыр. Соңғы жылдары мемлекетіміз өз елімізде діни мамандар дайындау бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы бағытта, жастардың шетелдік күмәнді діни оқу орындарына түсіп, санасының улануының алдын алу және діни экстремистік идеялардың таралуына тосқауыл қою мақсатында сапалы діни мамандар даярлайтын бірқатар отандық діни оқу орындары ашылды. Бүгінгі күні Қазақстанда бір ислам университеті (Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті) мен 9 медресе (Нұр-Сұлтан, Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарында) қызмет етеді, бұдан өзге православие мен католиктік діни семинариялары жұмыс істейді. Елімізде жоғары білімді теолог, исламтанушы мамандарды даярлау мақсатында 2003 жылы Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Алғаш құрылған жылдардан қазіргі кезге дейін ол елдегі белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған. Университетте ислам дінін оқытатын мұсылман елдерінің жетекші ғалымдары сабақ беретіндіктен, студенттер шетелге шықпай-ақ Қазақстанда да халықаралық білім деңгейіне сай білім ала алады. Қазіргі күнде аталған оқу орнында біздің облыстан 94 студент білім алуда. Сонымен қатар зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында «Дінтану» мамандығы бойынша кадрлар дайындалады. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Алматы қаласындағы Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандары даярланады. Жоғарыда аталған университеттерде облысымыз бойынша жалпы 31 студент оқуда. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 19, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде – 7, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде – 5 студент оқиды. Осы тұста тағы бір ескере кететін жайт, соңғы жылдары мемлекет тарапынан дінтанушы мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді. Мысалы, 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Дінтану және теология» мамандықтарын даярлауға бөлген білім гранттарының негізінде 332 түлек оқуға түссе, 2019-2020 жылға арналған оқу жылында аталған мамандықты даярлау бойынша 430 грант бөлінген. Ал дінді тереңірек зерттеуге ниеттенген жастар үшін «Исламтану» мамандығына 2018-2019 жылы 250 білім гранты бөлінген. Бұл діни білім алуға ниетті жастар үшін мемлекет тарапынан жасалған керемет мүмкіндік. Қазіргі уақытта елімізде дінтанушы мамандарға мемлекеттік қызметте (министрлікте, дін істері комитетінде, жергілікті әкімдіктердің дін істері, ішкі саясат, жастар басқармаларында), құқық қорғау органдарында (ІІМ, ҰҚК, прокуратура органдарында дін саласы бойынша маман ретінде), ғылыми-зерттеу институттарында, мұражай орталықтарында, діни ұйымдарда (ҚМДБ, мешіттер және т.б.), мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары. Қорыта айтқанда жастарымызға бастапқы діни білімді яғни бакалаврлық базалық білімді шетелдердің діни білім орталықтарында емес, өзіміздің отандық оқу орындарында алғаны абзал. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өз елімізде де білікті мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары жеткілікті. Ойымызды түйіндесек, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.

Асылхан ҚАЛМЫРЗАЕВ, облыс әкімдігінің дін істері басқармасы христиан және басқа да діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар