«Меркі қант зауыты» қарызын қашан өтейді?
Қант қызылшасын өсіру оңай емес. Алайда өңіріміздің қант қызылшасын өсіруші шаруа қожалықтары өткен жылы күзде өткізген тәтті түбірі үшін әлі күнге зауыттан ақшасын ала алмай отыр. Бүгінгі таңда «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 177 шаруа қожалығына қарыз. Келісімшарт бойынша бұл қаражат 90 күнде төленуі керек болатын. Дегенмен 50-ден астам диқанның ақша алатын мерзімі белгіленген уақыттан асып кеткен. Табанақы, маңдай терінің ақысы қолына тимеген шаруа қожалықтарының жетекшілері тиесілі ақысын талап етіп отыр. Мұндай жағдай 2019 жылы да орын алған болатын. Атап айтсақ, 2018 жылы өңір диқандары 208,9 мың тонна балтамыр жинап, қант зауытына 126,3 мың тонна тәтті түбірді өткізген. Бұл үшін облыс бюджетінен 211 шаруа қожалығына 1 миллиард 359 миллион теңге субсидия төленген. Ал «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019 жылдың 1 сәуірінде 671 миллион 337 мың 857 теңге қарызбен шыққан еді. Ол кезде де қарызды әне-міне төлеп береміз деп уәде беріп, шілдеге дейін сөзбұйдаға салып келгені есте. Бұл мәселені шешу үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қосымша 500 миллион теңге бөлініп, шаруалардың қарызынан әзер құтылған.
Соның салдарынан 2019 жылғы қант қызылшасын егудің жоспарланған егіс көлемі бар-жоғы 62 процентке ғана орындалып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 мың гектарға кеміп кетті. Сөйтіп 5494,9 гектар алқапқа себілген тәтті түбірден өткен жылы 173 748,8 тонна өнім жиналды. Былтыр заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланудың, жоғары сұрыпты тұқым себудің арқасында балтамырдың әрбір гектарынан орташа өнім 316 центнерді құраған. Мәселен, Тараз қаласының шаруалары 20 гектар алқаптың әр гектарынан орташа 634,6, меркіліктер – 367, байзақтықтар – 315, шулықтар – 301, қордайлықтар – 283, жамбылдықтар – 252, таластықтар 250 центнерден өнім алған. Өңірдегі қант зауыттарына шаруа қожалықтары барлығы 135 564,1 тонна қант қызылшасы өткізілген. Одан шамамен 17 мың тонна қант өндіріледі деп жоспарланған.
Шаруалардың қарызын өтеу бойынша облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевты сөзге тарттық.
– Жоспар бойынша өткен жылы өңір диқандары 9 мың гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырулары керек еді. Оның бірден 3 мың гектарға төмендеп кетуіне алдыңғы жылы да зауыттың шаруашылықтардың ақшасын жазға дейін созып, кешіктіруі сеп болды. Биыл да зауыт тарапынан сол келеңсіздік қайталанып отыр. Тығырыққа тірелген шаруалар оны өсіруде биыл да екіойлы болып отырған жайы бар. Әйтпесе, биыл егістік көлемін 7 мың гектар алқапқа жеткізсек деген жоспарымыз бар еді.
Бүгінгі таңда қант зауыттары балтамырды өңдеп болды. Бағаның түсіп кетуіне байланысты зауыт өнімін нарыққа өткере алмауда. Өйткені біріншіден, сұраныс жоқ, екіншіден, сатып алушы кәсіпкерлердің сұрап отырған бағасы өндірген өнім шығынын жаппай отыр. Сондықтан зауыт шаруалардың қарызын өтей алмай тұр, – деді ол.
Жалпы, жергілікті бюджет тарапынан шаруалар өткізген балтамырдың әр тоннасына 12 мың теңге бөлініп, оларға 1 миллиард 512 миллион теңге субсидия берілді. Жасалған келісімшарттағы мерзімнің асып кетуіне байланысты оның 4-тармағының 4,5-тармақшасына сәйкес 45 шаруашылыққа қосымша төленетін айыппұл мөлшері де артқан. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың айтуынша, бұл қаражатты зауыт алдағы уақытта шаруашылықтарға өсімпұлымен толық төлеп беруге уәде еткен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді