Тұрғындарды толғандырған мәселелер толық шешілсе...
Ерназар ауылында тұратын халықтың алдына ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне талдау жасап, алдағы жоспарлармен бөлісуге келген аудан әкімі Сәкен Арубаев есепті баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жүктеген міндеттерден бастады.
Ерназар ауылдық округінің әкімі Мырзахан Әбдіқұловтың есепті баяндамасын тыңдаған Сәкен Қаланұлы аудан әкімі қызметіне келген аз уақыт ішінде осы елді мекен тұрғындарының тұрмыс жағдайымен, тіршілігімен, ауылдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, ой елегінен өткізіп үлгергенін, көпшілік көкейінде жүрген маңызды мәселелерге ден қойғанын және сол мәселелерді жергілікті жұртшылықпен бірге ашық талқылауға келіп отырғанын айтты. Бар ризығын жер мен малдан айырған халықты толғандырған басты мәселе – егінсу тапшылығы, сапалы ауызсу және елді мекенді газдандыру екенін ауылды аралағанда және тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдағанда білгенін, оларды шешудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
Мәселен, егінсу тапшылығын жою мақсатында қазіргі таңда осы ауылға су әкелетін «Айтақ» каналының 19,2 шақырым арнасын тарылту бағытында «Қазсушар» мекемесі тарапынан пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесі көп күттірмейді деген сенім бар. Ал талай жылдан бері ауыл халқын қинап келген «көгілдір отын» мәселесін шешу бойынша Үкіметтің өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2019-2021 жылдары аудандағы 13 елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаға Ерназар ауылы да кірген.
Аудан әкімі ауылда 2004 жылы пайдалануға берілген орталықтандырылған ауызсу желісінің тозығы жеткенін, алайда оларды қалпына келтіруге мүмкіндік болмай отырғанын мәлімдеді. Өйткені облыстық энергетика басқармасы ауызсу құбыры жүргізілмеген елді мекендерге құбыр толық тартылып бітпейінше, ескірген құбырларды қалпына келтіру жұмыстарының құжаттарын әзірлеуге рұқсат бермей отыр.
Аудан басшысы ауыл адамдарын алаңдатқан басқа мәселелер – фельдшерлік-акушерлік пункт қызметі, ауылішілік жолдар, Қаратау қаласына шығатын автожол, мектеп пен балабақша, көшелердің түнгі жарығына қатысты жайларға жете назар аударып, жағдайды түзеудің нақты тетіктерін түгендеп берді. Тұрғындардың сұрақтарына толыққанды жауап қайтарып, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Дүйсенбек Орманов, журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді