Аудан әкімі Нарбай Ергебеков тұрғындар алдында есеп беру мақсатында Нұрлыкент ауылына барды. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, алдымен учаскелік полиция инспекторының және Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Назардың баяндамалары тыңдалды. – Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің аппараты штаттық кестеге сәйкес жасақталған, өздерінің функционалдық міндеттерін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысына сәйкес «Сервистік әкімдік» бағдарламасы аясында атқаруда. 2019 жылы жеке тұлғадан – 35, заңды тұлғадан – 6 өтініш, жалпы саны 41 өтініш-шағым түскен. Олардың барлығына қанағаттанарлық жауаптар беріліп, «АИС, ЕУОЛ» автоматтандырылған бірыңғай жүйесіне енгізілді. Өтініш-шағымдардың сипатының негізі – өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін, яғни, тұрғын үй құрылысын салуға және өздері пайдаланып жатқан жер учаскелеріне техникалық тексерістен соң шешім шығару. Округіміз негізінен егін шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысады, шаруашылықтар Электронды үкімет порталына толықтай енгізілген. Шаруашылық жөніндегі кітабында 60 шаруа қожалық тіркелген. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 26 жеке кәсіпорын жұмыс істейді. Үш елді мекенде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сататын барлығы 17 дүкен қызмет көрсетуде, сонымен қатар, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмыстарын өнімді жүргізуде. Өткен жылы округке қарасты Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы Мейірбек Төлегенов Чехия мемлекетінен 64 миллион теңгеге 64 бас асыл тұқымды «Симменталь» сиырларымен қоса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2 дана «МТЗ-82» және 1 астық жинайтын комбайн сатып алды, – деді Бақытжан Қалданұлы. Келесі кезекте аудан басшысы Н.Ергебеков 2019 жылғы атқарылған жұмыстар мен 2020 жылға жоспарланған межелі міндеттер туралы тұрғындар алдында есептік баяндама жасады. Алдағы уақытта атқарылар шаруалардың жайына да кеңінен тоқталды. – Өткен жылы ауданға қарасты ауылдық округтер тұрғындарының алдындағы есептік жиындар барысында барлығы нақты 20 сұрақ назарға алынып, қазіргі таңда оның 19-ы орындалып отырғанын баса айтқым келеді. 2020 жылы осы күнге дейін орталықтандырылған ауызсу жүйесі мүлдем болмаған Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы ауылдарына ауызсу жүйесі тартылатын болады. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке қосымша спорт зал, Нұрлыкент ауылында тұрғындар көптен күткен Мәдениет үйінің құрылысы басталады деп күтілуде. Биыл ел өмірінде мерейтойлы жыл болмақ, – деді Нарбай Әбілқасымұлы. Жарыссөзде алғаш болып ауылдық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Айдарбек Сейдалиев сөз алып, Нұрлыкент пен Теріс ауылдарының арасын жалғайтын жолды жөндеуге, аудан аумағын басып өтетін үлкен күре жолдың бойынан мал айдап өтетін өткел салуға көмек сұрады. Ал Түктібай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Батырхан Досыбаев аталған ауыл тұрғындарының көп жылдан бері ауызсуға қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Сонымен қатар ауыл мектебі жанында бос тұрған ғимараттан аула клубының филиалын ашу мәселесін көтерді. Жарыссөзде сөйлеген азаматтар ауылдық округ және аудан әкімдерінің есептік баяндамаларын қанағаттанарлық деп бағалады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді