«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Гүлфайруздың таза жемістен жасалған чипстерін жесеңіз, өкінбейсіз

Гүлфайруздың таза жемістен  жасалған чипстерін жесеңіз, өкінбейсіз
ашық дереккөз
Гүлфайруздың таза жемістен жасалған чипстерін жесеңіз, өкінбейсіз
 width=

Ол болашақта «Отандық» деген дүкен желілерін ашпақшы...

Кәсіпкер болғыңыз келе ме? Болғыңыз келсе, не үшін? Тұрақты жұмысыңыз болса да, өзіңіздің жеке бизнесіңізді бастағыңыз келетін шығар. Оған себеп не? Әрине, сананы тұрмыс билеген қай заманда да оның ең басты себебінің бірі – көбірек ақша табу, қаржылай тәуелсіздікке қол жеткізу. Менің де кәсіпкер болғым келуінің басты себебі сол, сіздікі де солай екенін жасырмай-ақ қойыңыз.

Ал бірақ байзақтық Гүлфайруз есімді жас келіншектің жаңа кәсіпті бастаудағы негізгі мақсаты – балаларды пайдалы және залалсыз тағаммен қамтамасыз ету. Сол үшін жемісті чипстер шығаруды қолға алған. – Чипстерді жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, сірә. Өзімнің де үш балам бар. Сондықтан олардың жейтін тағамының әрбіріне ерекше көңіл бөлемін. Ал ғаламтор бетін ашсаңыз, картоп, ірімшік қосылып жасалған чипстердің зиянды тұстарын оқығанда денеңіз түршігеді. Қарапайым картоптан-ақ жасалған чипстер акриламид деген улы канцероген бөледі екен. Ал акриламид – рак ауруына апаратын төте жол. Мұндай чипстер, әсіресе, болашақта ана болатын қыздарымызға өте зиян.

Менің мақсатым – миллионер болу емес, неғұрлым халқымызға пайдамыз тиіп, елімізде отандық өнімдер қатарын көбейту. Бізде ол үшін барлық мүмкіндіктер бола тұра, неге соны ұтымды пайдаланбасқа деп қынжыламын. Шетелдің химиялық заттар қосылған, құрамы белгісіз тауарларына қымбат болса да, елітіп тұрамыз. Қазір мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беріп, жастарды қолдап жатыр. Мен осы кәсіпті бастамас бұрын «Атамекен» ҰКП-ның «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша дәріс алдым. Өзімнің жобамды ғаламтордан көріп, бүге-шігесіне дейін зерттедім, балаларға еш зияны жоқтығына көз жеткіздім. Сөйтіп жобамды қорғап шығып, 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Аппаратын Қытайдан сатып алып, міне, осымен үшінші ай түрлі жемістерден, оның ішінде алма, апельсин, банан, киви, ананас, тіпті қарбызға дейін 1 күннің ішінде қытырлақ чипс етіп дайындап бере аламыз. Ешқандай қоспа қоспаймыз, барлығы табиғи. Тіпті алмаға дейін ешбір дәрі-дәрмек қосылмай өсетініне көз жеткізіп, жергілікті, байзақтық шаруа қожалығымен келісіп сатып аламыз. Цитрусты жемістердің де Қытайдан шыққандарына жоламаймыз, – дейді Гүлфайруз Рахметова. Негізгі мамандығы мұғалім Гүлфайруз Байзақ ауданындағы Құмжота ауылының тұрғыны. Айтуынша, жемісті чипстер – алғашқы кәсібі емес. Қолынан іс келетін келіншек 2016 жылы 2 қызды жұмысқа алып, шағын тігін цехын ашқан екен. «Еркетай» деп аталған бұл цехта нәрестелерге киім тіккен. – Өзім алғаш рет ана атанғанда шақалағыма алған киімдердің көбі кигізгенде ыңғайсыз болды. Бірінің алды дұрыс жабылмайды, бірінің мойны дегендей. Сосын өзімнің және сіңлімнің қолынан тігін тігу келетін болған соң, тағы бір қыз алып, тәуекел етіп, Тараздан 1 бөлмелі пәтерді жалға алдық. Тігін машиналарын сатып алып, істі бастап кеттік. Несиесіз, өз қаражатымызға бастадық. Бірақ мен ол кезде бизнеске ешбір білімсіз келген едім. Оны қалай сату, істі жүргізу, келісімшартқа отыру дегендерден мүлдем бейхабармын. Содан не керек, матасын Қырғыз Республикасынан әкеліп, біраз киім тіктік. Оның ішінде жөргектер, нәрестені перзентханадан шығарарда кигізетін, орайтын киімдері, біраз дүние бар. Сосын базарға апардық. Ал онда барлығы дерлік қырғыздар. Біздің тауарымызды алғылары келмейді. Өздерінің Қырғыз Республикасынан алатын бағасымен берсем де, көнер емес. «Біз өз елімізден әкелеміз. Өзіміздің қырғыздарымыздан ғана аламыз» деді. Болмаған соң жұбайым біраз тауарды Нұр-Сұлтанға апарып сатты. Ол жақта тауар өтті, бірақ жеткізіп беру жағы қиын әрі шығыны көп болды. Ол кезде жаспыз, тәжірибе жоқ, күйеуім де тік мінезді. Бір жылдан соң банкрот болдық та, қолды бір сілтедік. Одан соң аз ақшамен онлайн-бизнес жасай бастадым. Тапсырыс жинап аламын да, интернет арқылы тапсырыс беремін. Тапсырысым келген соң таратып беремін. Жақсы нәтиже болды. Бірақ бұл да маған аздық етті. Сосын ізденуге тура келді. Қазақтың, шетелдің кәсіпкерлерінің өмір жолдарын оқып, онлайн тренингтерге қатыстым, онлайн университеттерде оқыдым. Ютубтағы тегін видеожазбаларын қарап, кітаптарын сатып алып парақтадым. Осылайша кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге тырыстым. «Бизнес-Бастау», «Жас кәсіпкер» деген онлайн курстың сертификаттарын алдым да, осы ісімді бастадым. Әрине, қазір де қиындықтар кездесуде. Көтерме бағамен сатып алатын нүктелер таппай жатырмыз. Қаладағы ірі супермаркеттерге барып, ұсынып көріп едім, олар «мұны көп адам білмейді, жарнамасы аз, өтуі қиын болады» деп шығарып салды. Тағы бір супермаркет жауабын енді беру керек, – деді кәсіпкер келіншек. Чипстер 35-50 грамдық қалташаға салынған, бағасы да қолжетімді. Бір қалташаға жұқалап тілінген 3-4 жеміс сыйып кетеді. Бұл дегеніңіз, бір бала мультфильм көріп отырып-ақ, сол мөлшердегі витаминдерді бойына сіңіре алады деген сөз. Ал 3-4 алманы оларға бір күнде жегізе алуымыз екіталай. Гүлфайруз Абдуллақызының мұнан да басқа идеялары көп. Болашақта «Отандық» деген дүкен желілерін ашып, онда тек қана жергілікті жердің өнімдерін, табиғи заттарды сатқысы келеді. «Қашанғы шетелдің заттарын ала береміз? Өзіміздің бар дүниелерімізді неге жарнамалай алмаймыз, қолданбаймыз? Мен балаларыма мүмкіндігінше тек отандық заттарды алуға тырысамын. Өздеріне де шетелдің заттарын алдыртпаймын. Өйткені шетелдіктер, әсіресе, Қытай ешқашан бізге бірінші сортты тауарын жібермейді. Біздің халық соны түсінсе екен» деп сөзін тәмамдады рухы биік, іскер, ұлтжанды келіншек. Құмжота ауылы, Байзақ ауданы. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Эльвира Жарылқасынова

Ұқсас жаңалықтар