- Advertisement -

Атаулы әлеумет тік көмек мәселесі үнемі назарда болады

55

- Advertisement -

Көп балалы аналар облыстық әкімдікте тағы да бас қосты. Басты себебі әрине, атаулы әлеуметтік көмек мәселесі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков төрағалық етіп, жүргізіп отырған дөңгелек үстел «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек: Кімге? Қашан? Қалай?» деген тақырыппен, аз қамтылған отбасы мүшелері мен көп балалы аналардың, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің, Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы өкілдерінің қатысуымен өтті. Басқосуды ашқан Бекболат Серікбекұлы:
– Бүгін республика деңгейінде барлық облыстардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Онда АӘК, кепілдендірілген әлеуметтік көмек, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қаралатын өзге де жеңілдіктер жөнінде талқыланды. Біз осы мәселені өңірімізде тағы да бір талқылап, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды өздеріңізге егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында барлығыңызды жинап отырмыз.
Қазіргі таңда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке байланысты туындап отырған сұрақтармен мәселелер көп екенін білеміз. Олардың қатарында тіркеу, АӘК тағайындау, 21 мың теңге көлеміндегі АӘК-ны қайтару, 7 жасқа дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу, бір тоқсанға ғана емес, ұзақ мерзімді АӘК төлеу сынды мәселелер бар.
Жалпы 2020 жылға республикадан бұл бағытқа 326 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл жерде басым бөлігі, яғни 117 миллиард теңгесі отбасы кірісіне қарамайтын, 4 баладан жоғары баласы барларға төленетін қаржы, 114 миллиард теңгесі АӘК-ке деп жоспарланып отыр. Қалған сома кепілдендірілген әлеуметтік көмекке бөлінді.
Кей отбасында балаларға деп берілген әлеуметтік көмек қаржысы перзентіне емес, басқа мақсаттарға жұмсалып кеткені жасырын емес. Сондықтан үкімет АӘК алушы отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ететін болады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 18343 бала әр ай сайын азық-түлік жиынтығымен және тоқсан сайын гигиеналық құралдармен, 6-18 жастағы балалар кеңсе тауарларымен қамтылатын болады. Ескерте кетейін, бұл жиынтықтар әр балаға 1 данадан, яғни отбасында 4 бала болса, 4 жиынтық беріледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі АӘК алмайтын балалар да ыстық тамақпен, мектеп киімімен қамтылатын болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі, – деді де, берілетін азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдарымен жеке-жеке таныстырып өтті.
Жиынтық 1-3, 3-6 және 1-6 жасқа деп топтастырылған екен. 1-3 жастағы балаға берілетін жиынтық құрамына тоқталар болсақ, онда «Lactel» маркасының 2 литр сүті, «Бонди» балалар печеньесі, сұлы жармасы, жарма, арпа ботқасы, картоп пюресі бар. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларға берілетін азық-түлік себетінде осы заттар көбірек мөлшерде және оған қоса макарон, күнбағыс майы, гемотоген, сүтті таяқшалар, қарақұмық, бұршақ, табиғи бал бар. Ал гигиеналық жиынтық құрамында балалар жақпамайы, иіс сабын, кір сабын, тіс пастасы, балалар шампуньі, балалар тіс щеткасы, кір жуғыш ұнтақ қарастырылыпты. Кеңсе тауарларының құрамында да мектеп сөмкесінен бастап, барлық дерлік құрал-жабдықтар бар.
Келесі кезекте сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов биыл АӘК-мен 14919 отбасы қамтылатынын, ол үшін 10907,1 миллион теңге қарастырылғанын айтты. Бүгінде АӘК-ке 4091 отбасы өтініш бергенін, қазір соны тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов биыл әр оқушының мектеп формасына – 32450, бір күндік ыстық тамаққа 450 теңгеден айналатынын айтып, білім басқармасы тарапынан көрсетілетін өзге де көмектермен таныстырып өтті.
Көп балалы аналар болса, осы мәселеге байланысты кездесетін түрлі кедергілердің тізбегін ағытты. Оның ішінде тіркеу, тұғын үй, ЖК ашу мәселелері, тиісті мекеме қызметкерлерінің біліксіздігі, АӘК-ге құжат тапсырудағы түйткілдер бар.
Облыс әкімінің орынбасары бұл жыл басындағы алғашқы басқосу екендігін, алдағы уақытта әрбір өзекті меселе бойынша тағы да жиындар ұйымдастырылатынын, әрбір ананың мәселесі маңызды екендігін айтты. Аналар өздерін мазалаған сұрақтарға толыққанды жауап алғандықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып тарқасты.

Эльвира Жарылқасынова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support