- Advertisement -

Профессор Қонақбаев атындағы орталық ашылды

207

- Advertisement -

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің №5 оқу ғимаратының базасында профессор, Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдың иегері болған марқұм Ерімбет Қонақбаев атындағы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету орталығы ашылды. Осы орайда Ерімбет Қонақбайұлы саналы ғұмырының 50 жылын білім саласына арнап, 27 жыл бойы аталған университеттің «Педагогика және практикалық психология» кафедрасында еңбек еткенін айта кеткеніміз жөн. Сондықтан бұл іс-шара жас ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан ұстазға деген лайықты құрмет.
Орталықтың ашылу салтанатында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, даңқты боксшы Серік Қонақбаев лентасын қиды. Іс-шара сол Е.Қонақбаев атындағы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету орталығында жалғасты. Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы бұл университетте 7 мың студент бар екенін, соның ішінде 583 студентке түрлі жеңілдіктер жасалып отырғанын айтып өтті.
Мұнан соң Серік Қонақбаев сөз алып, әкесінің ағасы Ерімбетті, өз әкесі Керімбекті еске алып, толғана сөз сөйледі. Осы орталықты барлық жабдықтармен, қажеттіліктермен қамтып, күрделі жөндеуден өткізген де Серік Қонақбаев екен. Қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы да Тараздың бүгінгі жаңаруы, облыс әкімінің бастамасымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени, «Тектұрмас» этнотарихи кешендерінің бой көтергенін айтып, профессор Е.Қонақбаевтың жас ұрпаққа сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмай, ел жадында жаңғыра беретінін жеткізді. Мұнан соң профессордың ұзақ жыл бірге еңбек еткен әріптестері Алтынбек Болтаев, Тұран Бегалиев, Дәрігүл Сәбекова толғана сөз сабақтады. Д.Сәбекова өз кезегінде Ерімбет ағайдан үйреніп едім деп, халық әні «Қарғам-ауды» орындап берді. Кейіннен университеттің доценті, күйші Аман Малдыбаев өзінің «Көне Тараз» атты күйін орындады. Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жиынға келген ардагер ұстаздардың, ғалымдардың көңілінен Ерімбет ұстазға деген үлкен құрметті аңғардық. Ұзақ жыл мектепте ұстаз, мектеп директоры, облыстық «Білім» қоғамының төрағасы, университеттің профессоры болып тәуелсіз еліміздің болашағына өлшеусіз еңбек сіңірген Ерімбет Қонақбаевтың есімі жас ұрпақтың жадында қалары анық.

Тараз қаласы.

Есет досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support