Экономика
Шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеру үш жылға шегерілді
- author «Ақ жол»
- 28 қаңтар, 2020
- 284
Шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеру үш жылға шегерілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елде микро және шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Атап айтсақ, Президент Жолдауында: «Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек», – дей келіп, Үкіметке шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырған болатын.
Бұл заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың қаңтарынан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімі күшіне енді. Заңға енген өзгерістер шағын кәсіпкерлікті көлеңкелі бизнестен шығаруға, жалдамалы жұмыскерлерді заңдастыруға бағытталған. Енді жалдамалы қызметкерлерді тартусыз жүзеге асырылуы мүмкін емес қызмет түрлері бойынша табыс табуға патент талап етілмейді. Мысалы, тәулік бойы сауда жасау, азық-түлік сату, базарларда сауда жүргізу және тағы басқа. Мұнда халықаралық тәжірибеге сай ұсақ қолөнершілерге қойылатын салықтық тәртіп негізінде кірісті қадағалауды және жалдамалы жұмысшыларды бақылауды күшейту көзделген.
Рұқсат етілген тізімге енбеген қызмет түрлерін көрсететін кәсіпкерлер салық төлеу тәртібін өзгертуі керек. Олар 2 түрлі тәртіптің бірін таңдайды. Біріншісі, жеңілдетілген декларация негізіндегі немесе тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық тәртібі. Екіншісі, жалпыға бірдей белгіленген тәртіп. Сонымен қатар жеңілдетілген салықтық есеп жүргізу және салықтық есептілікті тапсыру, бухгалтерлік есеп жүргізуден босату қарастырылған.
Жалпы, өткен жылы облысымызда салық түсімдері бойынша атқарған жұмыстар баршылық. Атап айтсақ, 2019 жылы републикадан берілген жоспарды облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті 101 процентке орындаған. Ал өсім 111,8 процентке жоғарылаған. Сонымен бірге жергілікті бюджет кірістерінің орындалуы 108,1, өсімі 115,7 процентті құраған.
Бұдан бөлек, облыста сауда айналымы 1 миллиард 401 миллион 369 мың долларға жеткен. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру 99,9 процентті құрап, департамент тарапынан көрсетілетін 816378 қызметтің 92,9 проценті электронды түрде жүргізілген.
Бұдан былай заңға енген өзгерістерге байланысты қолма қол есеп айырысу кассалық апараттар арқылы жүргізіледі. Бұл бірінші кезекте салық қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Екіншіден, кәсіпкерлер қолданыстағы кассалық аппараттарын онлайн жүйеге ауыстыруға тиіс. Осылайша өңіріміздегі 400 мың кәсіпкер төлем операцияларын онлайн жүйесінде жүргізетін болады. Бұл талапты орындамаған кәсіпкерлер 36 075 теңге (15 АЭК) айыппұл арқалайды. Атап өтерлігі, бұл жүйені мемлекеттік кірістер комитеті «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алып отыр. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режимде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылау. Яғни заңсыз ақша айналымының алдын алу болып табылады. Елімізде кассалық аппараттарды ауыстыру 2016 жылы басталған.
Сондай-ақ алда зейнеткерлер мен кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар да салық төлеу қабілеті туралы есеп береді. Студенттер мен шетелдік туристер де декларация тапсырулары тиіс. Бұл Елбасының «100 нақты қадам – Ұлттық жоспары» бағдарламасының 47 қадамы аясында іске асырылмақ.
Қазақстандықтарды декларация тапсыруға міндеттеудің басты себебі – заңды тұлғалардың кірістері мен мүліктерін заңды тұрғыда бақылап, көлеңкелі экономикамен, жемқорлықпен күресу. Бұл жүйе салық төлеуді бір ізділікке түсіріп, кәсіпкерлердің салық төлеуден жалтаруына тосқауыл болмақ.
Ал енді декларацияны кімдер тапсырады деген мәселеге оралатын болсақ. Атап айтсақ, кәмелеттік жасқа толған Қазақстан азаматтары, оралмандар және уақытша тұруға арналған құжаттары бар тұлғалар. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған азаматтың атына жазылған мүлік және оның табысы болған жағдайда, сонымен қатар шетел азаматтарының Қазақстан Республикасы аумағында мүлкі болса немесе ел аумағындағы мүліктің бір бөлігіне қожалық етсе декларация тапсырады.
Салық кодексінің 71-тарауына енген өзгерістер жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды және бұдан әрі кезең-кезеңімен көшу көзделген. Бірінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау шеңберіндегі декларациялар тапсырылады. Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады. Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары да тапсыратын болады. Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары декларация тапсыруға міндеттеледі.
Қазақстан Республикасының Салық және Кеден кодексінің өзгеріс енген кейбір нормаларында жеңілдіктер де қарастырылған. Ең алдымен ол жеңілдіктерді көп балалы аналар пайдалана алады. Атап айтсақ, 2020 жылы көп балалы ата-ананың біреуіне ай сайын 23 айлық есептік көрсеткіш бойынша салық шегерісі есептелген. Бірақ ата-ананың екеуін қосқанда жылдық салық шегерісі 282 АЕК-тен аспауы тиіс, деп хабарлады Қазақстанның қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті. Көп балалы отбасыға арналған салық шегерісі 2020 жылдың 1 қаңтарында төрт немесе одан көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар жеке тұлғаларға қатысты қолданылады. Олар көп балалы отбасы екенін балаларының туу туралы куәліктерімен растайды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері еліміздің экономикасын арттырудың берік негізі. Әсіресе шағын кәсіпкерлік елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Біріншіден, бұл ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етсе, жұмыссыздықты азайтуға өз септігін тигізеді. Сонымен қатар салық базасын қалыптастыру жергілікті бюджетті де толықтырады. Бұл орайда бюджеттің толтырылуына біздің облыстық мемлекеттік кірістер басқармасы айтарлықтай үлес қосып келеді. Біз бұл туралы қалалық Мәдениет үйінде аудандық, қалалық кірістер департаментінің қызметкерлерінің басы қосқан жиында Жаңа жылдан бастап Салық Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен айтып, түсіндіріп өткен болатынбыз.
Ерлібек ЗІКЕЕВ,
облыстық мемлекеттік кірістер
департаментінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді