Жемқорлыққа қарсы орталық ашылды

12

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында «Аntikor ortalygy» қызмет көрсету ғимараты ашылды. Жаңа нысан еліміз бойынша ашылған орталықтардың он екіншісі.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен өңірімізге арнайы іссапармен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар орталықтың лентасын салтанатты түрде қиды.Орталық қызметімен таныстыру үшін жасалған шағын экскурсия барысында облыс әкімі мен Агенттік төрағасының орынбасарына Әбдірахым Қуанышбаев есімді азамат балық шаруашылығына қатысты субсидия, жаңа технологиялар енгізу мәселесімен қайырылған екен. Азаматтың мәселесін арнайы қабылдау бөлмесінде жан-жақты тыңдаған өңір басшысы Асқар Исабекұлы:

– Мен өзім сіздің шаруа қожалығыңызға арнайы барайын. Балық шаруашылығы, бұл республикалық азық-түлікпен қамтамасыз етуде бірден-бір үлкен әлеует. Өкінішке қарай бүгінде қаншама өзен-көліміз болса да, біз оны өз деңгейінде пайдаланып отырған жоқпыз. Сондықтан ол бағытқа субсидия бөлу мәселесі ол – бір, екіншіден өзіңіз айтып отырғандай ол салаға технологияларды қолдану мүмкін болса, онда арнайы семинар өткізуге болады. Сол үшін мен тиісті мамандарды бірге алып барайын, сол жерден барлық мәселеге жауап табамыз, – деді.
Сервистік орталықтың мәжіліс залында өткен арнайы жиын барысында адалдық алаңының жалпы жұмыс бағыты жан-жақты айтылды. Жиынды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ашып, жүргізіп отырды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
– Соңғы кездері азаматтық қоғам құруға қатысты мемлекет басшысының қойып отырған талаптарының барлығы белгілі. Осы саясатты жүргізу бойынша облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Өткен жылы «Жамбыл – адалдық алаңы» орталығы ашылған. Одан өзге сервистік әкімдіктер құрылған. Сондай-ақ әрбір ауданда ақпараттық орталықтар аштық. Мұның бәрінің мақсаты – қойылып отырған талапты орындау, ортақ мүддеге жұмыс істеу. Сол бағытта түрлі деңгейдегі азаматтармен ақылдасып, «Азаматтық бақылау» жүйесін қалыптастыру мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл жөнінде тиісті құжаттың жобасы дайындалды. Бүгінде аталған жоба қоғам қайраткерлерімен, осы саладағы белгілі азаматтармен қызу талқылануда. Жақын арада ол ережелер қабылданып, осы жұмысты департаментпен бірге бастағалы отырмыз. Бүгін ашылып отырған «Аntikor» сервистік орталығы осы бағыттағы жұмысты күшейтуге өзіндік үлесін қосады. Әрине, бір ғана орталық облысқа жеткіліксіз. Келешекте мұндай нысандардың ауқымын кеңейту керек. Мақсат түсінікті, жоспар бар. Енді тек бірлесе жұмыс істеу керек, – деді өңір басшысы жиын барысында.
Ал Нұрлан Шабдар бүгінгі мемлекеттік аппарат – ол азаматтарға кедергісіз қызмет пен жан-жақты қолдау көрсетуі қажеттігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ аталған тақырыпқа байланысты «ЖаңаРу» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, үгіт штабының басшысы Қасымхан Төлендиев, облыс бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, арнайы мониторингтік топ басшысы Бауыржан Мөрбеков баяндама жасады.
Келесі кезекте облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар қайта жөндеуден өткен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыстық филиалы ғимаратын аралап көрді.
Нұрлан Амангелдіұлының жұмыс сапары Тараз қаласының «сервистік әкімдігінің» жұмысымен танысумен жалғасты. Сервистік әкімдік Тараз қаласының тұрғындарына жер және архитектура салалары бойынша ашық форматта қызмет көрсетеді. Келесі нысан Полиция департаментінің ашық форматтағы азаматтарды қабылдау фронт-офисі болды. Оның жұмысымен облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев таныстырды.
Сондай-ақ «Ізгілік елшісі» жобасы аясындағы әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысу, облыс жастарымен кездесу, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекетік универститетінің «Демеу» орталығының салтанатты ашылуы, облыстағы орта және шағын кәсіпкерлік иелерімен кездесу, «JARDEM-109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен және «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенімен танысу шаралары қамтылды.

Суреттерді түсірген
Юрий Ким.

Маржан
Рақай

Comments are closed.