Депутаттарды қуантқан игілікті істер көп

Депутаттарды қуантқан игілікті істер көп
ашық дереккөз
Депутаттарды қуантқан игілікті істер көп

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшелері облыста жұмыс сапарымен болды. Арнайы жұмыс кестесіне сай Тараз қаласындағы бекітілген нысандарды Мәжіліс депутаттары Гүлшара Әбдіхалықова, Әбдіманап Бектұрғанов, Кеңес Әбсаттаров, Зәуреш Аманжолова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев және Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мадияр Қожахмет аралап, ондағы жұмыс жайымен танысты. Арнайы топ өкілдерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков алып жүрді.Жұмыс тобы ең бірінші Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылған жас кәсіпкерлердің жұмыс жәрмеңкесіне барды. Жәрмеңкеден бұрын Мәдениет үйі маңында орнатылған «Әуендер әлемін» аралаған оларға жамбылдық өнерпаздар жайлы Бекболат Серікбекұлы аз-кем әңгімелеп берді. 

Ал бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 20 кәсіпорын барлығы 327 жұмыс ұсынды. Оның көбісі техникалық мамандықтар мен қарапайым жұмысшыларға қажеттілік басым екенін айтады. Сондай-ақ жәрмеңке барысында кәсіп ашқан жастар өздері өндірген өнімдерді ұсынды. Дайын өнімін көрмеге қойған жастың бірі – Айғаным Айтбаева. Ол «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 505000 теңге арнайы грант ұтып алған. Бұл қаржыға бүлдіршіндерге арналған көрпелер мен түрлі жасаулар тігіп сату үшін қажетті құралдарын алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Әзірге әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабыдап, өнімін сатып жүрген ол алдағы уақытта арнайы дүкен ашсам деген арманын айтты. Халық қалаулылары жұмыс іздеп келген жастармен тілдесіп, оларға мемлекет ұсынған түрлі бағдарламалар бар екенін айтты және оларға қатысу тетігін түсіндірді. – Бүгін біз Жамбыл облысында «Еңбек» бағдарламасы толыққанды жүзеге асып жатқанын байқап отырмыз. Аталған бағдарлама ел тұрғындарының өздеріне қажетті мамандықты меңгеріп, игеруіне бағытталған. Техникалық мамандықтарға деген сұраныс мәселесі таяу уақытта шешіледі деген ойдамын. Жоғары оқу орындары академиялық тәуелсіздігін алған соң өздерінің ыңғайына сай мамандық ұсына алатын болады, – деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов. Халық қалаулылары атбасын бұрған келесі нысан – «Сәуле» кондитерлік фабрикасы болды. 3 миллиард теңге көлемінде несие алып, сол қаражатқа салынған өндіріс ошағында бүгінде тәттінің түр-түрі өндіріледі. Шығарылған өнім Қытай, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркменстанға жөнелтіледі. Мұнда еңбек ететін 90 жұмысшының басым бөлігі жастар. Фабриканың бас технологі Максим Лищиннің айтуынша, алдағы күндері төртінші цех іске қосылып, тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ кәсіпорынның 40 адам еңбек ететін ұн өнімдерін өндіретін наубайханасы тағы бар. Құрал-жабдықтарын Австрия мен Швейцариядан алдырып, өнімдердің барынша сапалы шығуына мән беретін кәсіпкердің ісі депутаттардың да көңілінен шықты. Ал «Taraz HUB» IT орталығында «ІТ индустриясының дамуы және жас кәсіпкерлердің жобасын қолдау» тақырыбында арнайы таныстырылым өтті. Жоба жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіхалықова пікірін білдірді. Ол мұндай заманауи істе латын қарпін енгізу тиімді жүзеге асырылса деген ойын айтты. «Kids park» ойын-сауық кешені бүгінде тараздық балақайлар мен олардың ата-аналарының сүйікті орындарының бірі. 15,5 миллион теңге көлемінде несие алып, сол қаржыға осы орталықты ашқан кәсіпкер Бақыт Шілдебаевтың ісіне жұртшылық дән риза. Бүлдіршіндердің асыр салып ойнап, дене қозғалысы мен ақыл-ойын жетілдіру үшін таптырмас кешен қаладағы шағын кәсіпкерлік нысаны ретінде де бағалы. Орталықта болған халық қалаулылары балалардың дамуы үшін жасалып жатқан жұмысқа жоғары бағасын берді. Сондай-ақ депутаттар «Galaxy Arena» ойын клубында болды. Клуб иесі Регина Ибрагимова бұл кәсіппен айналысу үшін мемлекеттен 16,4 миллион теңге шағын несие алғанын айтты. Бекітілген нысандардан тыс мәжіліс депутаттары көп балалы және тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық көрсету бойынша Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмалары қалайша жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында өткен жылдың соңында пайдалануға берілген жатақханаға да атбасын бұрды. 90 отбасына арналған жатақханадан үйлі болған Ұлбосын Тәжібаева өзінің 7 бала асырап-бағып отырғанын және жұмыссыз жүрген ол мұндай жағдай жасағаны үшін мемлекет басшысына алғысын жеткізуін өтінді. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай алдағы ақпан айында 90 пәтерлі тағы екі жатақхана пайдалануға берілетінін және қаладан осындай 4 нысан салынып жатқанын айтты. Келесі кезекте ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бесінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» тақырыбында көшпелі отырысы өтті. Жиынға арнайы топ мүшелерінен өзге министрлік өкілдері, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму саласының мамандары, сарапшылар мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев баяндама жасап, аталған бағыттағы жұмыстарға, туындаған мәселелерге кеңінен тоқталды. Ол еліміздің барлық өңірлерінде жұмыспен қамту шаралары, оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, өзінің бизнес-идеяларын іске асыруға, қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуге, тегін техникалық және кәсіптік білім алуға бағытталған жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жайлы айтты. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 24,6 мың жасқа жеке іс ашуға мүмкіндік берілген. Оның ішінде, біздің облыста 3,2 мың жас кәсібін бастаған. Сондай-ақ жиында Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев, «АЖУР» шығармашылық студиясының жетекшісі Дилафруз Махмадулоева, кәсіпкер Шохиста Мұхамеджанова сөз сөйлеп, өңір жастарына жасалып жатқан жағдайды баяндады. Отырысты қорытындылаған Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова жастарды жұмыспен қамтудың белсенді нысандарына тарту жөніндегі шараларды одан әрі күшейтуге мемлекеттік органдардың назарын аудару қажеттігін атап өтті.

* * * Облысымызға жұмыс сапарымен келген халық қалаулыларының екінші тобы Байзақ ауданына атбасын бұрды. Парламент Мәжілісінің депутаттары, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері Жамбыл Ахметбеков, Фахриддин Қаратаев, Наталья Жұмаділдаева, Нұрлан Әлімжанов алдымен аудандық Жастар ресурстық орталығына соғып, ондағы жастармен жүздесті. Орталық алаңында ұйымдастырылған көрмеден аудандағы жас кәсіпкерлердің сан алуан кәсіпті қолға алғандарын аңғардық. Мұнан соң депутаттық топ аудан орталығынан ашылған «Толғанай» сән салонына бас сұқты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 505 мың теңге грант ұтып алған жас кәсіпкер Толғанай Жанғабылова бүгінде өзі құралпы 3 қызды жұмыспен қамтып отыр. №3 Байзақ аудандық колледжіндегі тың бастама депутаттарды таңдандырмай қоймады. Мұнда 20 студент жергілікті әкімдіктің қолдауымен гидропоника әдісімен өсімдіктер өсіруді қолға алуда. 3 ай бойы тегін оқытылатын бұл курста небәрі 6-ақ күнде әрі құнарлы жем, әрі шөп болатын мал азығын өндіріп шығарудың қыр-сыры үйретіледі. Бар-жоғы 1 килограмм тұқымнан ешбір химикатсыз 6 күн ішінде 10 килограмм өнім алуға болатыны келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды. Қосақ ауылындағы «Нұрлы жай» шаруа қожалығы бүгінде мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. Димаш Мұхамеджановтың иелігінде бүгінде 200 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 170-і асыл тұқымды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 55 миллион теңге алған жас кәсіпкер оларды Чехиядан сатып алыпты. Бүгінде Димаш арнайы сауынды сиыр ұстайтын қора-жай салып, шаруасын ұлғайтуды көздеуде. Әзірге 10 адамды жұмыспен қамтып, оларға 90-100 мың теңге көлемінде жалақы төлеп келеді. Көктал ауылындағы Марат Есенбаев болса 2013 жылдан бері өсімдік майын шығарумен шұғылданып келеді. 2016 жылы 375 тонна өсімдік майын шығарған кәсіпкер 2018 жылы бұл көрсеткішті 471 тоннаға жеткізіпті. Халық қалаулылары «Тараз май» ЖШС цехына бас сұққан күні Марат Болатұлы тағы бір шағын цехын іске қосыпты. Әр жылдары «Бизнестің жол картасы – 2020», «Береке 3» бағдарламалары арқылы несиеге қол жеткізіп, былтыр 50 миллион теңге көлемінде субсидия алған ол қазіргі таңда 25 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Оның шығарған өсімдік майы бүгінде «Богатый», «Солнышка» маркаларымен тек Қазақстанға ғана емес, Өзбекстан Тәжікстан елдеріне де танымал. Бұл күні «Әрекетке – берекет» деген аталы сөзді нықтап ұстанған жеке кәсіпкерлердің тынымсыз еңбегі халық қалаулыларының көңілінен шығып, олардың әрбір ісіне сәттілік тілесіп тарқасты.

* * * Халық қалаулылары алдымен аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығына» атбасын бұрды. Мұнда Мәжіліс депутаттары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» екінші бағыты бойынша «Бизнес-Бастау», «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант, ең төменгі пайыздық мөлшермен несие алып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Бұдан соң аталмыш орталықтың мәжіліс залында аудан жастарымен еркін форматта кездесу өткізді. Басқосуда аудан әкімі Сәкен Арубаев аудандағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысын кеңінен баяндады. Аудан жастарының жағдайынан хабардар болған халық қалаулылары олармен ашық пікір алаңын құрды. Келелі кездесуден соң Мәжіліс депутаттары «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-ында болды. 2010 жылы Аса ауылында іске қосылған бұл өндіріс нысанында бірқатар мәселе орын алуда. Бес жүзден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында бүгінде шикізат тапшылығы және өндірілген өнімді өткеру жайы көңіл көншітпей отыр. Бұл зауыттың өндіріс көлемін шектеуге әкелуде. Мәселен, зауытта 2016 жылы 245,1 мың тонна өнім өндірілсе, бұл көрсеткіш 2018 жылы 110,8 мың тоннаға кеміп 134,3 мың тоннаны құраған. Ал, өткен жылы өндірілген жалпы өнім көлемі 117 мың тоннаны құрап, бюджетке түсетін салық көздері 122,5 миллион теңгеге кеміген. Сондай-ақ жұмыс күшінің азаюы, жұмысшылардың еңбек ақылары кеш төлену фактілері әлеуметтік мәселелердің туындауына әкеліп отыр. Ал зауыт ішкі нарықта мұнайды жеңілдетілген бағамен алатын кәсіпорындардың тізіліміне енгізілмегендіктен, шикізатты «Құмкөл», «Шалқар» кен орындарынан жоғары бағамен алуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына әсер етіп, ішкі нарықта мұнай өнімдерін өткеруде тиімсіз болып тұр. Өндіріс орнының осындай түйткілді мәселелерін тілге тиек еткен «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-ның директоры Оралбай Исакаев Мәжіліс депутаттарына бірқатар ұсыныстарын білдірді. Ал халық қалаулылары зауытта қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал ететіндерін жеткізді. Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары өнеркәсіп саласындағы жүйе құраушы кәсіпорындардың бірі, бүгінде 250 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 15 миллион дана бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын, Айшабибі ауылдық округі аумағында орналасқан «Super Pharm» фармацевтикалық зауытына бас сұғып, ондағы жұмыс барысымен танысты. * * * Жұмыс сапарының екінші күнінде Парламент Мәжілісінің депутаттары ТЕD-X форматында өткен облыстық жастар форумына қатысты. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жүргізген бұл басқосу жастардың ойын ашық жеткізе алатын және ұсыныстарын еркін білдіре алатын алаңға айналды. Бұл күні жастар халық қалаулыларына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шағын қалаларда да жүзеге асса, Еріктілер жылында жастардың қоғамдық көліктерде жүру ақысы төмендетілсе, жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар көрсетілсе, зейнет жасындағы кейбір мемлекеттік қызметтегі басшылар жастарға орын берсе деген ұсыныс-тілектерін айтты. Өз кезегінде Нұр-Сұлтаннан келген 12 депутат өздеріне тиесілі сала бойынша нақты жауап қайтарып, ұсыныстары ескерілетіндігін жеткізді.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы: Маржан Рақай, Эльвира Жарылқасынова. Дүйсенбек Орманов, журналист. Тараз, Байзақ, Жамбыл.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан, Юрий Ким.

Ұқсас жаңалықтар