Жаңа жоба жақсы ниетіне қол жеткізді
Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға меркіліктер өте ынталы. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба аясында несие алып, тұрмысын түзегісі келетіндердің қатары көбейген. Жалпы, жобаға енген Сұрат ауылдық округінен 2,5 пайызбен несие алуға 234 азамат өтініш білдірген. Олардың сегізінің қаражаты есеп- шоттарына түсіп, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 21 миллион теңге несие рәсімдеген. Алынған мал саны – 108. Оның 21-і жылқы, 41-і мүйізді ірі қара, 46-сы ұсақ мал.
Округте мал ұстағысы келетін тұрғындар жоба аясында 605 бас мүйірді ірі қара, 150 бас бұқашық, 3550 бас ұсақ мал, 50 бас жылқы, 5500 бас құс алуды жоспарлаған. Несиесі есеп шотына түскен жеке кәсіпкер екі ай көлемінде малды ветеринарларға көрсетіп, тексертіп, белгілі тұлғалардан, шаруа қожалықтарынан алулары тиіс. Оның сырғасының, төлқұжатының болуы басты талап. Ертең бір ауру шығып жатса, кәсіпкердің жұмысына сын болары анық. Сүт бағытында мал алғандар сиырдың бұзаулауын күтіп отырса, ет бағытындағылары несиеге алған малын бордақылауға қойған. Атап айтсақ, Күлжанат Боранова «К.З.Боранова» жеке кәсіпкерлігін ашып, алғашқылардың бірі болып 4 миллион 100 мың теңгеге 14 бас мүйізді ірі қара сатып алған. Сондай-ақ 600 мың теңгесіне жемшөбін сайлаған. – Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Агробизнес» бағдарламасымен мал алып, бордақылап көргенбіз. Аздап болса да бұл істе тәжірибеміз бар. Енді осы шаруаны қайта қолға алсақ деп жүргенімізде қанатқақты жоба туралы ауыл әкімінен естіп, құжатымызды жинап тапсырған едік. Өйткені 2,5 процентпен еш жерде несие берілмейді. Әрі бір жыл каникулы бар екен. Ол бір жағы мал басын көбейтуге зор мүмкіндік береді. Қазір 6 бас бұқашықты бордақыға қойдым. Мал сатып аларда оны ветеринарға көрсетіп, құжаттарын дұрыстап алғанмын. Енді 5 тай, 1 бие алмақпын. Құжаттары дайын болысымен олар да үйдегі бұқашықтар қатарын толықтыратын болады. Осы қанатқақты жобаға қолдау көрсетіп, ауыл халқының кәсіп ашуына қолұшын берген Үкіметке айтар алғысымыз шексіз, – деді Күлжанат ана.Ләззат Құралбаева
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді