Отын жеткілікті, қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр

Отын жеткілікті, қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр
ашық дереккөз
Отын жеткілікті, қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр

Міне, қыстың бел ортасына да келіп қалыппыз. Дегенмен Тараз қаласында қыс ызғары шаһар жұртшылығына аса сезіле қоймағанымен, таулы аймақтарда қыс кәдімгідей қаһарына мінген. Қазақта «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, әр адам қысқа өзінше қам-қарекетпен келеді. Биыл ол үрдістен жаңылғанымыз жоқ. Әрі оған елдің «биыл қыс ерте түседі екен, қыс айлары өте суық болады» деген сөзі де сеп болғандай. Айтса айтқандай-ақ, қарашаның соңын ала қар түскенімен қыс өңіріміз үшін жайлы өтуде. Жылыту маусымы облысымыздың аудандарында 15-ші, ал Тараз қаласында 18 қазанан бастаған болатын. Бүгінде өңірімізде барлығы 3263 нысан жылумен қамтылған. Оның 786-сы білім беру, 390-ы денсаулық сақтау, 494-і әлеуметтік нысандар болса, 1593-і көп қабатты тұрғын үйлер. Тараз қаласында – 1212, Жаңатаста – 86, Қаратауда – 138, Шуда – 56, Құлан ауылында – 4 және Аса ауылында – 1 көп қабатты тұрғын үй орталық жылу қазандықтарына қосылып, пәтер иелерін жылумен қамтамасыз етуде. Облыстағы бюджеттік мекемелер жылыту маусымына қажетті көмірмен толық қамтылған. Бүгінгі таңда тұрғындардың көмірді тұтыну қажеттілігі 254,6 мың тоннаны құрап, жоспар 99,2 процентке орындалды. Тұрғындарға көмірді жеткізу бұдан былай да жалғаса бермек. Өңірімізге тас көмір Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізілуде. Көмір тасымалы бойынша арада жүрген алып сатарлар жоқ, облыс бойынша көмір тапшылығы сезілмейді. Қазір өңірімізде көмір сатумен 27 кәсіпкер айналысуда. Көмір қоймаларында Шұбаркөл мен Қаражыра көмірінің әр тоннасы 14-15 мың теңге аралығында өткерілуде. Көмірмен қамту мәселесі және бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қойылған. Бұл облыс әкімінің күнделікті бақылауында тұр. Ағымдағы жылдың жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін шағын қалаларға отын-энергетика кешені кәсіпорындары тарапынан 1,4 миллиард теңге бөлінген. Қаратау қаласының қазандығына жылыту маусымына қажетті 11,4 миллион текше метр газға 273,6 миллион теңге, Жаңатас қаласына 10646 тонна мазутқа 1125,3 миллион теңге бөлініп, қажетті отынмен қамтылды. Өзге аудандарда да отын қоры жеткілікті. Жылыту маусымының жұмысын үйлестіру және оны ұйымшылдықпен өткізу бойынша «2019-2020 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы бойынша өңірлік штаб жұмысының жоспары» бекітілген. Бүгінде штабтың екі отырысы өткізілді. Басқарманың жауапты мамандары қала мен аудандарға шығып жүргізген зерделеу барысында анықталған кемшіліктер штаб отырысында қаралып, жауапты мекемелерге ол олқылықтарды жою тапсырылды. «Қыс қыстығын жасамай тұрмайды» дейтін болсақ, алда жауын-шашынды күндердің аз болмасы айдан анық. Шілденің шығысы, ақпанның ақ бораны мен сақ бораны, одан әріде наурыз келді деп тағы арқаны кеңге салуға болмайтыны белгілі. Аталарымыз «сәуір болмай тәуір болмайды» демекші, қыс ызғары бұл айларда қайта қоймас. Дегенмен бүгін жылыту маусымының бел ортасына да келгенімізбен, бұл маусымның аяқталуына бақандай үш ай барын естен шығармауға тиіспіз. Биыл облыстағы ағымдағы жылыту маусымының өту барысы қалыпты. Ауа райы да қарайласып тұр. Қазір бюджеттік мекемелер мен көп қабатты тұрғын үйлердегі температура нормаға сәйкес. Жалпы, облыстағы жылыту маусымының өту барысы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қатаң бақылауында. «Көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендер мен қазандықтардың жұмысы бір қалыпты жүргізілуде.

Княз ТҰРТАЕВА, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу энергетикасы бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар