Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқанымен, өңіріміздегі зор әлеуетке ие аудандардың бірі екені белгілі. Сондықтан болса керек, мұндағы қым-қуыт тірлік ешқашан толастаған емес. Қазіргі уақытта аудан тіршілігі жыл өткен сайын дамып келеді деп айтуға негіз бар. Бұны аудан әкімінің есепті кездесулерінде жасаған баяндамасынан да байқауға болады. Халықпен кездесуді Қордай ауданымен іргелес жатқан Ақсу және Көкқайнар ауылдық округтерінен бастаған аудан әкімі ондағы тұрғындарға өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдықтарды мазалаған сауалдарға жауап берді. Мәселен, өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнімнің көлемі 56 миллиард 629 миллион теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 10 миллиард 742 миллион теңгеге артық орындалыпты. Бұдан бөлек, былтыр Шу ауданына тартылған инвестицияның көлемі де арта түскен. Атап айтсақ, «М-Кат Грин» ЖШС 25, «Битум» зауыты 1,5, «Химплюс» ЖШС 2,1, «ХимПарк» 1,2, «А-Т энерго» ЖШС 1,2, сондай-ақ жеке құрылысқа 3,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осылайша негізгі капиталған салынған инвестиция көлемі 53,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 17,5 миллиард теңге артық орындалыпты. – Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасы да Шу ауданында сәтті жүзеге асуда. Пилоттық округ ретінде Жаңақоғам ауылдық округі таңдалып, ауылдағы 493 ауланы қаржыландыру үшін 625 миллион 495 мың теңгеге сұраныс берілген болатын. Бүгінгі таңда бірқатар тұрғындар қажетті қаражатын қолына алып, кәсібін бастап кетті, – деді аудан әкімі Жарылқасын Айтақов. Бұдан өзге, шулықтардың жанайқайына айналған жол мәселесі де рет-ретімен шешіліп келеді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы аудандағы бірқатар жолдар жөндеуден өткен. Былтыр бұл мақсатта 568,9 миллион теңге қаралған. Аталмыш қаражатқа ауданға қарасты Балуан шолақ, Оразалы, Ақсу, Д.Қонаев, Алға және Шоқпар сынды бірқатар ауылдардың жолдары жөнделіпті. Сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру шараларына келсек, былтыр аудандағы 5131 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Жылдық жоспар бойынша 910 жұмыс орны ашылады деп күтілгенімен 1521 жұмыс орны ашылып, жоспар артығымен орындалған. Есепті кездесу барысында ауылдықтар көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді аудан әкімінің назарына ұсынды. Мысалы, Оразалы ауылының тұрғыны Оразқұл Есалиев ауылдағы ағын су мәселесі мен жайылымдық жерге қатысты түйткілді тілге тиек етіп, аудан әкімінен қалыптасқан мәселені шешіп беруін сұрады. Дәл осы ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Жайлаубек Қалиев ауылдағы жол мәселесі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің апатты жағдайда тұрғанын жеткізді. Оған жауап берген аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Есеев Оразалы ауылындағы жол биылғы жылдың жоспарына еніп отырғанын айтты. Ал екінші сауалға ауданның бас дәрігері Айдар Мұқатаев жауап беріп, фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысын жүйелі ету жоспарға сай жүргізілетіндігін жеткізді. Бұдан кейін аудан әкімі Жарылқасын Әбдіғапарұлы Көкқайнар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосу барысында ауыл тұрғыны Бекбосын Доланбаев жол мәселесін, сондай-ақ ауылда кейінгі жылдары салынған тұрғын үйлерге жарық пен «көгілдір отынның» жетпей тұрғанын айтты. Өз кезегінде аудан басшысы ағымдағы жылы жолдың мәселесін шешіп беретіндігін, ауылдықтарың өтініші жауапсыз қалмайтынын жеткізіп, тиісті бөлім басшысына тапсырма берді. Бұдан бөлек, Төребек Сәбеков есімді ауыл тұрғыны учаскелік инспектордың ауылда тұрғылықты үйі жоқ болғандықтан, Шу қаласынан келіп-кетіп жүргенін айтып, осы мәселені шешіп беруді сұрады. Ж.Әбдіғапарұлы аталмыш түйткілдің де түйіні жуық арада шешілетінін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімінің есепті кездесулері Ескі Шу, Жаңа жол және Бірлікүстем ауылдық округінде жалғасын тапты.
Шу ауданы.
Суреттерді түсірген Петр НОРКИН.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді