«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӨНІМНІҢ СЕКСЕН ПАЙЫЗЫ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ЭКСПОРТ ТАЛАДЫ

ӨНІМНІҢ СЕКСЕН ПАЙЫЗЫ  ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ЭКСПОРТ ТАЛАДЫ
ашық дереккөз
ӨНІМНІҢ СЕКСЕН ПАЙЫЗЫ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ЭКСПОРТ ТАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы иен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек» деп орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан нақты қолддау көрсету қажеттігін ескертті. Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда ет пен сүт өндірісін дамытып жатқан Талғат Сәрсембаев басқарып отырған «Қордай корм» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі екі жылдан бері шаруашылығын ұлғайтып жатыр. Агроқұрылым басшысымен әңгімеміз кооперативтің өндіретін өнімі, шетелге экспортталуы жайлы өрбіді.– Талғат Ахметбекұлы! Кейбір шаруалар тәуекелге бара бермейтін үлкен тірлікті қалай бастадыңыз?

– Құрама жем өндіру ауданымызда өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қолға алынды. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға оңай әрі шығыны аз азық қажет болды. Бұл іс бұрынғы ұжымшар мен кеңшарларда дамыған. Шаруашылықтардың тарауына байланысты ол құлдырауға ұшырады. Қазір шаруашылықтардың көбінде жемді жарып, малға азық ретінде береді. Бірақ бұл қажетті дәрумені мен минералы жоқ жай ғана жем. Қысқасы, азықтың құнары жоқ. Ал өзім басында коммерциямен айналысып, қажетті қаражат тауып, серіктестеріммен бірге ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім. Біз «Ақтасты» шаруа қожалығын құрып, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын қолға алдық. Сол кезде ғылыми тәсілге жүгініп, малға арналған азықпен тәжірибе жасап көрдім. Бұл бизнесті ашу бойынша түпкілікті шешім «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы біз үшін ұйымдастырған Финляндияға сапар барысында қабылданды. Арнайы әдебиеттерді пайдаландық, ал 2017 жылдың қазан айында жұмысымызды бастадық. – Кәсіпорын туралы егжей-тегжей айтып өтсеңіз. Сатып алушыларға не ұсынасыз? Өнімнің сапасы қандай? Оның артықшылығы неде? – Бүгінге дейін бізде қуаттылығы сағатына 40 тонна құрама жем өндіретін бір желі болған. 10 түрлі өнім шығаратынбыз. Ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы және сүтті мал үшін арнайы жем бар. Жемнің құрамы әр малға әр түрлі ықпал етеді. Тәжірибе арқылы біз ең тиімді қоспаларды іріктеп алдық. Біздің өзіміздің тәжірибелік алаңымыз бар, онда біз малды өз өнімімізбен азықтандырып, олардың өсуі мен дамуын қадағалаймыз. Сонымен бірге Қазақстан мен Қырғызстандағы көптеген ғылыми мекемелермен байланыс орнатқанбыз. Алматы, Бішкек қалалары мен Ресейдегі өзге құрама жем өндіретін зауыттармен тәжірибе алмасамыз. Мұның бәрі өз пайдасын беріп, өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді. Биыл біз өнімділігі сағатына 12 тоннаны құрайтын екінші желіні іске қостық. Енді құсқа арналған жем шығаруға мүмкіндік бар. Ал өнімнің артықшылығы жайлы айтар болсақ, бұл сала бүкіл әлемде кеңінен дамыған. Оған Финляндияға жасаған сапарымыз барысында фермерлердің жұмысымен танысқанда көзіміз жетті. Мысалы, сіз бұқа бордақылайсыз, ол белгілі мерзімде семіріп, қажетті салмақ алады, ал сапалы құрама жем қолдансаңыз бұл мерзім екі есеге қысқарады. Бұл сізге тиімді, оған қоса азыққа аз шығын кетеді. Сонымен бірге біздің құрама жем табиғи таза. Өндірісте дәнді дақылдарды, күнбағыс және қызылша жомын, дәрумендер мен минералдарды қолданамыз. Бізде жемді «экструдерлеу» технологиясы бар. Жем арнайы машинада жоғары температура және бу қысымымен өңделеді. Зерттеулер көрсеткендей, кәдімгі жем ағзаға 60-65 пайыз, ал «экструдерленген» жем 95-98 пайыз сіңеді. Біздің өнімнің артықшылығы осы, яғни, жарған жем берсеңіз көп қи аласыз, ал арнайы жем берсеңіз малыңыз жақсы салмақ береді. Мысалы, эксперимент арқылы бұқа тәулігіне 1,6-2,5 килограмм аралығында тірі салмақ қосқанын көрдік. – Шикізатты қайдан аласыз? – Біздің өнім жем 14 құрамадан тұрады. Арпа, бидай және жүгері осы жерден және басқа өңірлерден сатып аламыз, соя жомы мен күнбағыс жомын өзіміз өңдейміз. «Шымкент май» кәсіпорнынан мақта күнжарасын аламыз. Тұзды көтерме саудагерлерден, трикальцийфосфатты» «Қазфосфат» ЖШС-нан, қант мелазасын қант зауыттарынан аламыз. Дәрумендер мен минералдарды Алматы қаласының көтерме саудагерлері сатады. Тағы қайталап айтам, өнімде ешбір химия жоқ, барлығы табиғи шикізат. Қазір бүкіл әлем табиғилықты таңдайды, біз де осы бағытты қолдаймыз. Химия мен гормондарды қосудың нәтижесі денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Біздің өнім ЕАЭС талаптарына сай сертификатталған. – Ал өнімді өткізу жағдайы қалай? Алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығару мәселесі туралы айтсаңыз? – Қазіргі таңда біздің өнімнің 80 пайызы Қырғызстанға экспортталады. Көрші елде құрама жемге сұраныс та, қызығушылық та бар. Мәселен, бұрнағы жылы қырғызстандық серіктестерге 500 тонна құрама жем жібердік. Ал бұл көрсеткіш былтыр 500 тоннадан асып кетті. Қазір қажетті көлемге тапсырыс беріп, төлемді алдын-ала төлеуге дайын тұтынушылар бар. Қалған 20 пайызын ішкі нарыққа Жамбыл және Алматы облыстарына шығарамыз. Біздің өнім жайында көп тұрғындар біле бермейді. Көбісі малға жем жарып беріп үйренген. Сондықтан жұмсалған күш-қуат пен қаражат ақталмайды. Жақында біз «Қақпатас-Қордай» ЖШС-мен құрама жемнің ірі мөлшерін жеткізуге келісім-шарт жасадық. Бұл шаруашылық асыл тұқымды сиыр сатып алған, ал бұл сиырлардан көп өнім алу үшін олардың жемі сапалы болуы шарт. Қазір біз негізінен бордақылаумен айналысатын шаруашылықтармен жұмыс істейміз, бірақ келесі жылы Қордайда өз дүкенімізді ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біздің өнім тұрғындар үшін қолжетімді болмақ. Өнім бағасы бәсекеге қабілетті болады. Мәселен, ірі қара малды бордақылауға арналған жемнің бір килограмы 75 теңге, қаппен 77 теңге, сүтті мал үшін бір килограмы – 85, бройлер үшін бір килограмы 180 теңге. – Мемлекеттік қолдауға жүгіндіңіз бе? – Қазіргі таңда мемлекет тарапынан құрама жем өндірушілер үшін субсидия қарастырылмаған. Жақында біз электр қуаты, жол, газ сынды инфрақұрылым жүргізу үшін көмек сұрадық. Қолдау көрсетілетініне сенім мол. Сонымен бірге әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан жан-жақты қолдауды сезінудеміз. – Жоспарда қандай жобалар бар? – Әрине, жоспар көп. Көптеген зерттеулер нәтижесінде біз тағы бір жобаны қолға алмақпыз. Ол «EcoChikcen» брендімен кешенді құс фабрикаларын салу. Бүгінгі күнге 500 басқа арналған сынақ құс фабрикасын салдық, қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба арқылы біз «сэндвич-панельдерден» модульдік құс фабрикасын салып, өз серіктестерімізге ұсынамыз. Бұл ферма бірнеше күнде құрылып, «220 Вт» электр қуатына қосылса, автономды түрде жұмыс істей береді. Сонымен бірге, серіктестер үшін өз инкубаторларымыздан шыққан сапалы бройлер тұқымының балапандарын жеткізіп, арнайы жеммен қамтамасыз етіп, егу жұмыстарын жүргізіп, азықтандыру және бордақылау жөнінде ақыл-кеңес бере аламыз. Техниктер бригадасы болады, олар фабрикаларға шығып көмек көрсетеді. Сонымен қатар, серіктестерімізде өнімді өткізуде немесе сою бойынша қиындық пайда болса, біз көмек береміз. Яғни, ферманы салудан бастап, өнімді өткізуге дейін қызмет көрсетеміз. Модуль толық автономды болады, қысқасын айтқанда, адам күніне бір рет фабрикаға кіріп, бункерге жем салып, су құйып қана қояды. Бұл тәсілді біз шетелден көріп, өз елімізде енгізуді жөн көрдік. Фермалардың 500 және 1000 басқа арналған екі жобасы болады. Серіктес-фермерлерді жинап, тұрақты өткізу нарығын құрып, біз барлық тараптар үшін табысты әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа сенеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, екі іс бір-бірімен байланысты. Біз «Бизнес Бастау» түлектерімен жұмыс істеп, олардың сабақтарына қатысып, жобаны түсіндіруді жоспарлап отырмыз. Тағы бір жоба – май өндіру цехы. Жаңа жылда май құю желісін іске қосамыз. Суық сығу майының артықшылығы – шикізаттың жылытылмайтындығында, яғни барлық дәрумендер сақталады. Бұл – табиғи таза өнім. – Қазіргі таңда сіздер бизнесті дамытудың бастапқы кезеңінде тұрсыздар. Сіздің ойыңызша бұл бизнес ұзақ мерзімді ме? Бәсекелестеріңіз бар ма? – Үкімет мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруды көздеп, сыртқы нарыққа ауыл шаруашылығы өнімін ауқымды мөлшерде шығаруды жоспарлауда. Қытай мен Ресейдің ірі нарығы бар. Ауыл шаруашылығы саласы мұнайды алмастыра алады дегенге сенемін. Ал, жоғары технологиялық, интенсивті мал шаруашылығын дамыту үшін жақсы азық базасы, атап айтқанда, құрама жем өндірісі қажет. Сондықтан, бұл бизнестің келешегі зор. Нарықта бәсекелестер көп, ресейлік, қазақстандық өндірушілер өз тауарын ұсынуда. Ал, біздің олардан артықшылығымыз – ауданда бұл істі бірінші болып бастағанымызда

Серғазы МАНАСБАЕВ, журналист.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар