Ауыл адамдары әкімге өзекті мәселелерді айтты
Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан бойынша ауылдық округ әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері басталды. Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес Ақбастау, Жамбыл, Бесағаш, Аса ауылдық округтерінің әкімдері ауыл тұрғындары алдында өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңа форматта есеп беріп, былтыр атқарылған жұмыстарды және алдағы жылдардың жоспарын баяндады. Тұрғындардың талап-тілегін, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қаперге алды. Түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» атты пилоттық жобасы туралы айтып, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндірді. Есепті кездесулерге аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысып, өздері жетекшілік ететін салаға байланысты сұрақтарға жауап берді.
Мысалы, Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Ниғматуллаевтың есеп беру кездесуі Түрксіб ауылында өтті. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова мен ауыл тұрғындары қатысқан жиында ауыл әкімі өткен жылды қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Кездесуде сөз алған ауыл тұрғыны Қадыржан Дөненбаев округ әкімінің жұмысына жоғары бағасын беріп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қанатқақты жобасы аясында құжатын өткізіп несие алғысы келетінін жеткізді. Бұл жөнінде сөз алған ауыл әкімі осы уақытқа дейін округ тұрғындарынан 280 өтініш түскенін, алайда белгілі бір себептермен кейбір тұрғындар несиеден бас тартқанын айтып, сол азаматтардың орнын толықтыру мақсатында әлі де құжат қабылданып жатқанын сөз етті. Ауылдың тағы бір тұрғыны Балқия Тілеубердиева ауылға ағын су келсе, Абай көшесінің жолы жөнделсе деген тілегін жеткізді. «Биыл пилоттық жоба аясында Түрксіб ауылының көшелеріне ағын су әкелу мақсатында 5 миллион теңге бөлінді. Ал тозығы жеткен Абай көшесінің жолын жөндеу мақсатында бүгінде жұмыстар жүргізілуде», – деді ауыл әкімі. Есепті кездесуде ауыл имамы Қыдырбай Тәжібаев елді мекеннен бой көтеріп жатқан 300 орындық білім беру мекемесіне баратын жол күрделі жөндеуден өтсе және жарықтандырылса деген өтінішін жеткізді. «Жол және жарықтандыруға республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар атқарылатын болады», – деді Бейбіт Сұңғатұлы.
Ілияс ҚАЛЫБЕКОВ,
журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді