Бүгінде облыс тұрғындарының 50 пайызы табиғи газ тұтынады. Қалған елді мекендер тұрмыстық газ баллондарын пайдаланады. Аймақта оларға түрлі сыйымдылықтармен сұйытылған «көгілдір отын» жеткізіп берумен 12 компания шұғылданады. Олар оны Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарынан әкеледі. Облысқа осыдан үш жыл бұрын жылына 2-3 мың тоннаға жуық газ жеткізілетін. Мұның өзі тұтынушылардың қажеттілігін толық қанағаттандыра алмайтын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен бұл мәселе дұрыс жолға қойылды. Кейінгі кезде аймаққа жылына 4-4,5 мың тонна сұйытылған отын тасымалдануда. Халыққа осындай қызмет көрсетушілер арасында автокөліктерге сұйытылған газ құятын компаниялар да бар. Солардың бірі әрі бірегейі – «Бейбарс газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Серіктестік 2006 жылы Тараз қаласында құрылған кезде құрамында 40 адам бар болатын. Қазір олардың саны 214-ке жетті. Кәсіпорынның бір мезгілде 700 тонна сұйытылған газ сақтайтын сыйымдылықтары бар. Осы жерде тұрмыстық баллондарға құйылған отын Мойынқұм, Шу, Сарысу және басқа да бірқатар аудандардағы тұтынушыларға жөнелтіледі. «Бейбарс газдың» «өнімін» Тараз қаласындағы үйлеріне табиғи газ кіргізілмеген біраз тұрғындар да сатып алады. Ауаға шығарылатын улы заттарды азайту үшін автокөліктерді газға көшіру туралы биік мінберлерден жиі айтылып келеді. Бұл мәселе жұртшылықтан қолдау табуда. Қазір өңірдегі автокөліктердің 20 пайызға жуығы «көгілдір отын» қолданады. Аймақта «Бейбарс газ» ЖШС-ның автомашиналарға газ құятын 45 стансасы бар, оның 16-сы Тараз қаласында орналасқан. Облыс орталығындағы стансалар еуростандартқа сай салынған. Серіктестік сырттан жыл сайын 350 тоннаға дейін газ әкеліп, таратады. Оның 110 тоннасы автокөліктерге құйылады. «Бейбарс газ» ЖШС директоры Көбейхан Азнабаев алдағы екі жылда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізінің бойында тағы 3 еуростандартқа сай газ және жанармай құятын стансалар салуды жоспарлап отырғанын айтады. Мұндай стансаларда қонақ үй, техникалық жөндеу орталығы, асхана, автотұрақ және сантехникалық желі болады. Кәсіпорында тағы да ондаған жаңа жұмыс орындары ашылады. – Біздің жұмысымыздың жүйелі жүргізілуіне қолдау көрсеткені үшін облыс басшысы Асқар Мырзахметовке алғысымыз шексіз. Автомобильдерді бензиннен газға көшірудің тиімді әрі өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға септігі зор екені айтпаса да түсінікті. Бензинге қарағанда сұйытылған газдың бағасы екі есе арзан. Қозғалыс кезінде ауаға газбен жүретін көліктен улы зат жанармайға қарағанда үш есе аз шығарылады. Біз тапсырыс беруші автокөлік иелеріне маркалары мен қозғалтқышының қуатына қарай газ құятын сыйымдылық орнатып береміз. Олардың құны қымбат емес. Сыйымдылық орнатуға жұмсалған ақша 4-5 айда өтеледі. Бензинмен жүретін көліктердің моторларының майы 10 мың километр жүргеннен кейін ауыстырылу керек. Ал газға көшірілгенде оны 15 мың километрден кейін алмастыруға болады. Мотордағы газ сүзетін бөлшекті мамандарымыз тегін ауыстырып береді, – дейді Көбейхан Амантайұлы. Серіктестік сыйымдылық орнатушыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырған. Кейінгі кезде жүргізушілер арасында бұған қызығушылық танытушылар да көбейіп келеді. Тараздағы екі автобус паркінің көліктері толық газға көшірілген. «Бейбарс газ» оларға ұдайы мінсіз қызмет көрсетуге күш салады. Осында жаңадан жұмысқа қабылданғандар мамандықтарына қарай жарты ай оқу курсынан өтеді. Мамандардың айлық жалақылары тұрақты, уақтылы беріледі. Серіктестік демеушілік шараларына да белсене қатысады. Тараздағы бір спорт мектебіне тұрақты қаржылай қолдау көрсетеді.
Ақылжан МАМЫТ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді