Басты міндет – халықтың тұрмысын жақсарту
Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев Қызтоған және Ақтасты ауылдарының тұрғындары алдында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді.
Қызтоған ауылындағы С.Мұқанов атындағы бастауыш мектепте жаңа форматта өткен есептік кездесуге аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков, ауылдық округ учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Жаманбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтың есептік баяндамасында айтылғандай, ауылдық округке қарасты үш елді мекендегі 264 аулада 1604 халық тіркелсе, оның 738-і жалдамалы жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ресми тіркелген 21 жұмыссыздың 16-сы жұмысқа орналасқан. Мектеп оқушылары – 254, екі ауылдан Абай орта мектебіне 29 оқушы тасымалданады. Округте үш мектеп, бір балабақша, үш медициналық пункт, бір Мәдениет үйі, пошта бөлімшесі және кітапхана халық игілігі үшін қызмет атқаруда.
Мұнда қазіргі таңда 130 шаруа қожалығы, 3 ЖШС, 2 АШӨК және 27 жеке кәсіпкерлік субъектісі бар. Мұнда егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Ауыл тұрғындарының көпшілігінің кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, мал шаруашылығы саласын дамыту ерекше орынға ие. Бүгінгі таңда округтегі ірі қара мал саны – 3772, уақ мал саны – 17836, жылқы – 787, құс 6139 басты құраған.
«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Қызтоған ауылының Тесіктас көшесіне 1 миллион 400 мың теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, салық түсімдері есебінен жобалық құны 1 миллион 500 мың теңгені құрайтын «Street workout» спорт алаңшасы cалынған. Мердігер «Алатау-Бәйтерек» ЖШС Ақтасты ауылының Ақтасты көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізген. Үнемделген 2,5 миллион теңгеге Ақтасты ауылына түсетін бұрылыс жолдары жөндеуден өтті. Мал ұрлығына тосқауыл қою үшін «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында Қошқарата ауылының кіреберісіне – екі, ал Қызтоған ауылының шығаберіс тұсына бір бейнекамера орнатылған. Ақтасты ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бес келушіге арналған медициналық пункт тұрғындар игілігіне берілді.
Биыл атқарылатын жұмыстардың ретіне кезек келгенде округ әкімі Қошқарата ауылына сметалық құны 470 миллион теңгеге ауызсу құбырын тартып, Е.Сауранбекұлы көшесіне сметалық құны 1 520 000 теңгеге және Ақтасты көшесіне сметалық құны 2 350 000 теңгеге көше жарығы орнатылатынын, Қызтоған көшесіне сметалық құны 5 600 000 теңгеге шағал төселетіндігін айтты. Сондай-ақ облыстық мәндегі «Бауыржан Момышұлы –Қызтоған» автожолының құрылысы Қызтоған ауылына дейін жеткізіліп, газ құбырын тарту жұмыстары жалғасып, алдағы бір-екі жылда ауыл тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көретін болады.
Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Жүзбай Тұртаев қыста ауылға кіреберіс қырдың қардан уақтылы тазартылмайтынын, соның салдарынан оқушылар тасымалы тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отырғанын айтты. «Мердігер серіктестіктің «ПАЗ» автобусы біздің климаттық жағдайға ескерілмеген. Қар жауып, боран соқса, қырдан аса алмай қалады» – деді ол. Оған жауап ретінде Жәнібек Мырзалиев мердігердің «Алатау-Бәйтерек» ЖШС басшысымен таяуда сөйлескенін, оның қыс мезгілінде оқушыларды тасымалдауға жүрдек «УАЗ» автокөлігін қосымша бөлуге уәде беріп отырғанын айтты. Оған қоса Қызтоған ауылына кіреберіс жотаның бораннан жиі жабылуына байланысты, жотаға қар ұстағыш құрылғы орнату қажеттігін айта келе, осы мәселені аудан басшылығының назарына жеткізетінін де еске салды.
Жиында сондай-ақ, жұрттың осындай берекелі өңірден көшуін тоқтату, әсіресе, жастарды ауылдық жерде тұрақтандыру, атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту, халық санын көбейту, жас мамандарды ауылдарға көптеп тарту төңірегінде салиқалы пікірлер қозғалды. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков таулы өңірдегі ауылдарға бір-екі жылда газ, су құбырлары жеткізілетінін, жолдар жөнделіп, тұрмыстың түзелетінін айта келе, ауылды, ондағы білім ошақтарын сақтап қалуға шақырды.
Жалпы, Қызтоған ауылы аудандағы урбандалу процесінің салқыны тиген ауылдардың бірі. Елді мекеннің аудан орталығынан шалғайлығы, әлеуметтік және тұрмыстық проблемалардың жылдар бойына шешілмеуі халықтың үйлерін тастап, басқа жаққа көшіп кетуіне себеп болған. Бүгінде ауылдағы екі көшеде бес үй қаңырап бос тұр. Өткен жылдары оқушы санының жетіспеуіне байланысты бастауыш мектептің жабылып қалу қаупі төнген болатын. Былтыр жазда ауылға аудан орталығынан үш отбасы көшіріліп, ауыл халқының саны көбеюіне сеп болған. «Елге ел қосыла – құт» дегендей, ауыл әкімі көпшіліктің осы көшіп келген отбасыларға ағайындық танытып, көмек-қолдау көрсетіп, ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасап жатқанын ризашылықпен айтып, алғысын білдірді.
Жиын соңында Қызтоған бастауыш мектебінің меңгерушісі Ләззат Бердалиева ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиевтың бір жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға берді.
Абылайхан СӘРСЕН,
журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді