- Advertisement -

Еңсем көтерілсін десең, еңбек ет

52

- Advertisement -

Халқымыз бір-бірінен ең алдымен «Мал, жаның аман ба?» деп сұрайтыны белгілі. Ежелден төрт түлікпен бірге көктемін көктеуде, жазын жайлауда, күзін күздеуде, қысын қыстауда өткізген халқымыз үшін бұлай жөн сұрасу заңды құбылыс. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, бүгінде жаңа технологиямен мал бағу үрдісі қалыптасып келе жатқаны қуантарлық. Оның игілігін шаруалар көруде.
Айталық, Қосбөлтек ауылының сыртында орналасқан «Нұрасима» шаруа қожалығының фермасында мал қыстату ұйымшылдықпен өтуде. Зеңгі баба тұқымын көбейтуді қолға алған қожалық сүт бағытында жұмыс істеуде. Шаруа жайын Нұрбек Райысовтан сұраған едік.
– Қожалық жұбайым Гүлмира Байжұманованың атында. Шаруамызды жаңа бастаған тұста қорамызда екі бас мүйізді ірі қарамыз болды. Аяқтан тұру үшін аянбай жұмыс істеп, мал басын көбейтуге күш салдық. Бүгінде сауын сиыр басын 50-ге жеткіздік. Үш жыл бұрын ауылдың шетінен қора салып, ішін малға толтырдық. Күнделікті сауылған сүтті жеке кәсіпкер Болат Айтқұлов қорамыздан алып кетіп отырады. Бізден алған сүтті ол аудандағы сыр зауыттарына өткізеді. Сүт бағытында жұмыс жасап отырғандықтан да жоғарыда аталған жеке кәсіпкермен арамызда жасалған келісімшартқа сәйкес сиырдың әр басына субсидия аламыз. Ол қаражатты малдың жемшөбіне жұмсап отырмыз, – деді ол.
Жалпы, өткен жыл қожалық үшін табысты болған. Мал басын асылдандыру мақсатында Қордай ауданынан екі бас бұқа сатып алыпты. Осылайша мүйізді ірі қараны төлі есебінен көбейтуді көздеп отыр екен. Бұл бұқаларды аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қолдауымен алса керек.
Қожалықтың бір көтерген мәселесі – мал жайылымы. Өйткені малын қыстау маңына болмаса, басқа жаққа апарып жая алмайды. Ауылдың маңы ауыл малынан артылмайтыны тағы белгілі. Бұл мәселемен Нұрбек ауылдық округ әкімдігі мен аудандық ауыл шаруашылығына қайырылыпты. Бірақ әзірге ол көтерген мәселе оң шешімін таппаған.
Бұдан бөлек, қожалық қой шаруашылығын да қолға алыпты. Қазір оның басын 100-ге жеткізген. Бүгінде 35 бас ісегін іріктеп, бордақыға қойыпты. «Ал саулықтар наурыздан бастап төлдей бастайды», дейді қожалық жетекшісі.
– Егістік жеріміздің көлемі аз. Соған қарамай жемшөбімізді өзіміздің алқаптардан жинап алуға тырысамыз. Бізге егін салатын жер керек. Лизингке техника алуға құжат жинаудамыз, – деп жоспарымен бөлісті.
Ауыл тұрғындары Жанат Башаров, Айдос Ибрагимұлы және Ләззат Иманқұлованың бұл қожалықта жұмыс істеп келе жатқандарына біраз жыл болыпты. Олар айлықтарын уақтылы алып тұратынын, шаруашылық басшысының басқа да қажетті жағдайларды жасап отыратынын ризалықпен жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support