«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елмен етене араласқан ұтады

Елмен етене араласқан ұтады
ашық дереккөз
Елмен етене араласқан ұтады

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Елімізде әр жылдың алғашқы айында ауыл әкімдері халық алдында есеп берді. Бұл – демократиялық нышан. Аталмыш оң үрдіс биылғы жылы да жалғасын табуда. Дейтұрғанмен ауыл әкімдерінің биылғы есеп беру кездесулері бұрынғыдан бөлектеу болғанын айта кету керек. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп қатаң ескерткен болатын. Президент қойған талаптың нәтижесі болса керек, ауыл әкімдерінің халық алдындағы есебі жаңа форматта өтуде. Мәселен, Шу ауданындағы Ескі Шу ауылдық округінің әкімі Жаппарқұл Тәжиев аптаның алғашқы күнінде-ақ округке қарасты екі бірдей елді мекенде есеп беру кездесуін өткізді. Әкімнің тұрғындармен ашық диалогқа барып, ел-жұртты толғандырып жүрген түйткілді мәселелердің түбін қопарып, шешілетін жолын іздестіруге бағыт бұрғанын анық байқадық. Әсіресе, әкімнің мінберге шығып, халықтың үстінен қарамай, керісінше, ауыл тұрғындарымен етене араласып, бір қатарда отырғаны бөлек әсер қалдырды. Оған қоса, ауыл әкімі баяндамасына қайта-қайта жалтақтамай, жаттанды сандарға тоқталмай, елді мекендерде атқарылған іргелі жұмыстар мен кездесуде көтерілген маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар үш бірдей елді мекенді біріктіріп отырған ауылдық округте өткен жылы ел игілігі үшін ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер атқарылған. Атап айтар болсақ, округ орталығы Белбасар ауылында «Белбасар» мәдени-спорттық кешені ашылып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ ауыл әкімі елді мекендерді абаттандыру, «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға көмек беру мен мемлекеттік бюджеттің игерілуі, Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалуы және ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті. Мұндай кездесуде әкімдік атқарған жұмыстармен қатар, ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындарының қордаланған мәселелері де көтерілетіні белгілі. Әрине, ауыл тұрғындары да орын алған мәселеге бейжай қарай алмасы анық. Мысалы, жиын барысында Еңбекші ауылының тұрғыны Руслан Өтеғұлов «көгілдір отын» мен жарық мәселесі шешілгенімен, ауызсуға қатысты түйткілдің түйіні әлі күнге тарқатылмай тұрғанын жеткізді. Сонымен бірге, ауыл ақсақалы Кеңесбек Дуанбаев ауылға 50 орындық балабақшаның қажет екенін айтып, әкімнен аталған мәселелердің жуық арада шешілуіне атсалысуын сұрады. Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық округке қарасты Тасөткел ауылы табиғи газдан таршылық көріп отырса, Белбасар ауылының тұрғындары ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізу мен жол мәселесіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Ауыл әкімі Жапарқұл Тәжиев тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелерді бақылауына алатындығын жеткізді.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар