немесе өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтау мамандармен бірге тұрғындардың өздеріне де байланысты
Өткен жылдың төртінші тоқсанында «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы аясында «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынған болатын. Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба жүзеге аспас бұрын өңір басшысы Асқар Мырзахметов әр ауданды аралап, ауылдағы әрбір ауланы көріп шыққан еді. Енді міне, қанатқақты жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл азаматтарының алды көздеген қаржысына қол жеткізіп отыр. Айта кету керек, жобаға өтініш білдіргендердің басым бөлігі атакәсіпті дамытуға бел буған. Осы орайда өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстауды назардан тыс қалдырмаған жөн. Осыны ескерген аудан әкімдігінің ветеринария бөлімі облыс әкімдігі ветеринария басқармасының мамандарын ауданға арнайы шақырып, пилоттық жобаға енген ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында сөз алған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болат Ниязбеков малды түрлі жұқпалы аурулардан сақтап, ауру ошағын тудырмас үшін ең алдымен нені ескеру керектігін атап өтті. – Бүгінгі таңда пилоттық жоба аясында 21 адам жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Ендігі мәселе – осы адамдардың ауру малды сатып алмауын қатаң қадағалау. Ол үшін тұрғындар мал сатып аларда ең әуелі малдың анықтамасы мен құжатының болуын талап етуі қажет. Сонымен бірге мал алмас бұрын Жаңақоғам ауылдық округінің ветеринар мамандарын ауызша ескерту керек. Одан кейін сатып алынған мал бір апта карантинде тұруы қажет. Ал шет мемлекеттен әкелінген төрт түлік 21 күнге дейін карантинде тұрады. Біздің мамандар ол малдан қан алып,қауіпті аурулардың бар-жоғын анықтап, тыңғылықты тексерістен өткізеді. Шүкір, бүгінгі таңда ауданымыздың ветеринария саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде аса қауіпті аурулар тіркелмеген, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр. Ауру ошақтары жоқ. Дегенмен естуімізше, несиеге қол жеткізген бірқатар ауыл тұрғындары көршілес Мойынқұм және Меркі аудандарынан мал сатып алуда. Сондықтан олар сатып алған малының ауру-сырқаудан аман болғанын қаласа, жоғарыда аталған талаптарды қатаң сақтауы керек, – деді Б.Ниязбеков. Облысымыздағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы биліктің ветеринариялық қызметіне тиесілі екені айтпаса да белгілі. Ал тұрақты эпизоотиялық жағдай еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуетін дамытудың негізі саналады. Сондықтан да малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың рөлі ерекше екенін айта кету керек. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру, энзоотия және жұқпалы емес аурулар бойынша бөлімінің басшысы Қанат Қартабаев та төрт түлік ауруларына тосқауыл қою үшін барын салып жүрген ветеринар мамандардың ауыр жұмысына тұрғындар да атсалысу керектігін айтады. «Қазіргі кезде ауыл азаматтарының ішінде малды сатушы мен сатып алушының арасындағы келісімшартты ветеринарлар жасайды деген қате пікір қалыптасқан. Алайда жергілікті жердегі сала мамандары тұрғындарға тек жәрдемші ғана екенін ұмытпауымыз қажет. Ол сатып алынған малды ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркеп, ауру-сырқаудан аман екенін анықтап, осы бағыттағы құжаттарын рәсімдеп береді. Оның өзі мал иесінің жазбаша өтініші бойынша жүзеге асады. Мәселен, мал сатып аларда ветеринариялық анықтаманы міндетті түрде алу керек. Дәл осы анықтамада сырғаның нөмірі жазылады. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген малға қашан және қандай дәрі егілгені, қай уақытта қан алынғанына дейін ақпарат болады. Сондықтан дерекқорға енгізу де маңызды болып есептеледі. Сонымен қатар карантин дегеніміз – қораңызға келген малдың аурудан таза екенін, ұрлық мал емес екенін анықтау үшін атқарылатын іс-шара. Карантин кезінде малдың ауру екені анықталатын болса, оны бұрынғы иесіне қайтарып беру құқығына ие боласыз. Сол үшін де ветеринар мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн», – дейді бөлім басшысы. Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Төрт түлік ауруларының алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын барлық тұрғын дер кезінде дәрі егу шараларын жүргізуге, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге мідетті. Сонымен бірге қора-жайларын таза ұстап, барлық талаптарды сақтауы тиіс. Бұдан бөлек, жаңадан мал сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, сондай-ақ сояр алдында ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатпауы қажет. Әрбір жеке тұрғын қорасына ветеринариялық тексеру жүргізгенде мамандардың жұмысына кедергі келтірмеуге, төл алғанда, мал ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті саналады. Қалай дегенмен де ветеринария мамандарының алдында тұрған басты міндет – облыстағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыру және аса қауіпті экзоотиялық ауруларды болдырмау. Экзоотиялық ауру дегеніміз – шет мемлекеттерден келетін ауру. Ал Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны Талап Махамадиевтің сөзіне сенсек, қанатқақты жобаның аясында округ тұрғындары 4000 бастан аса ірі қара мен уақ мал сатып алмақ. Олардың арасында Қырғыз бен Ауғанстан елдерінен де мал әкелетіндер бар көрінеді. Міне, сол себепті де төрт түлікті сатушылар мен сатып алушылардың салғырттыққа жол бермеуін қатаң қадағалау аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Ауыл тұрғындары күнделікті көже-қатығына пайдаланып отырған ет және сүт өнімдерінің таза болуын қаласа жоғарыда аталған талаптарға бой ұсынуы қажет. Жиын барысында ауыл тұрғындары ветеринар мамандарға құжат рәсімдеу, малға сырға салу және чип орнату бойынша бірнеше сұрақ қойып, тұшымды жауап алды. Дәл осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарған
- 29 қазан, 2024
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді