Қолөнер – қанмен келетін өнер. Оны бойына жастай сіңірген жеке кәсіпкер Раушан Құндызбаеваның қолынан шыққан дүниелерге сұраныс көп. Қазіргі таңда ол жүннен жасалған кәдесыйлардан бөлек, тұрмыстық қалдық заттарды да әжетіне жаратып, түрлі бұйымдар жасап, көрмелерге қойып жүр. – Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Иманалы мен анам Тәттікүл 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрімізді оқытты. Кішкентайымыздан еңбекке баулып, бойымызға ұлттық өнерді сіңіре білді. Қалада тұрсақ та жаз шыға ауылға барып, киіз үй тігіп, киіз басып, жүн бояп, жіп иіріп, ши жинап қайтатынбыз. Ал қыс келген соң түрлі заттар жасауға отыратынбыз. Құрақ құрап, кілем тоқимыз. Бауырларымның барлығы өнерлі. Біз тыңдамай жатсақ анам: «Адам қарап отырмауы керек» деп, әрқайсымызға бір-бір жұмысты тапсыра қоятын. Өз басым он жастан бастап қолыма қайшы алып, ою ойып, құрақ құрадым, Сол жастан бастап қуыршағыма киімді өзім тігетінмін, – деді Раушан Иманәліқызы. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, ата-ана тәрбиесі оның болашақ мамандық таңдауына да оң әсерін тигізіпті. Ол – Қаратау қаласындағы политехникалық институтына түсіп, инженер-электрик мамандығын алып шығып, еңбекке араласқаннан кейін де қол өнерден қол үзбеген. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда зауыттар жабылып, көп адам қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалып жатқан тұста іскерлік танытып, өзінің жеке кәсібін ашып, сауда-саттықпен айналысады. Сол тұста: «Қытайдың болмашы заттарына қарап тұрып, неге біз олардың жасағандарын аламыз? Сол кәдесыйларды өзіміз жасасақ болмай ма? деген ой маған маза бермеді. Сөйтіп ұлттық нақыштағы кәдесыйларды жасауды қолға алып, ол заттарды дүкен сөресіне қойдым. Қызығушылар көп болды. Алушылардың да қатары артты. Арасында шаһарымызда өткен көрмелерге де шығарып жүрдім», – деді ол. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы кәдесыйларды Раушан Тараздан бөлек, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Байқоңыр қалаларына шығарып, көрмелерге апарып жүр. Оның айтуынша, облысымызда ұлттық қолөнермен айналысатын шеберлер өте көп екен. Олардың біразымен 2011 жылдан бері интернет желісі арқылы араласып, бірлесе жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, ол қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмаған. «Адамға балық емес, қармақ беру керек» деп Елбасының айтқанындай, жастарды қолөнер үйренуге баулып жүр. Атап айтсақ, «Қамқор жүрек» ұйымының сұранысымен балалар үйінің балаларына тігін тігуді, жүнмен жұмыс істеуді үйретіпті. «Кәсіпкерлігімді ұлттық өнер туындыларымен байытқым келеді. Сол үшін де қолдан жасалған бұйымдарды дүкен сөрелеріне көптеп шығаруға тырысудамын. Сонымен қатар жастарға дәріс беретін арнаулы курс ашу да ойымда бар. Ондағы мақсатым – анам маған үйреткендей өзім білетін қолөнерді жастардың бойына сіңіру. Ұлттық өнерді дәріптеу арқылы, қазақтың өз брендін қалыптастыруға жәрдем ету. Әрі десе өз шәкірттеріме тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеуді үйретуді де көздеп отырмын. Мәселен, бос шыны құтыны алып, оның сыртын матамен, жүннен жасалған ою-өрнектермен безендіріп құмыра, торсық жасауға болады» деп жоспарымен де бөліскен болатын. Жуырда кәсіпкер Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен дәстүрлі қолөнер бұйымдары фестиваліне қатысып келіпті. Онда жапондар жүннен жасалған «қойға» қатты қызығушылық танытқан. Мөлшері алақандай болатын қойдың біреуін олар 3 мың теңгеден сатып алыпты. Бұдан бөлек, жүннен жасалған түйе мен бос шөлмек құтысына кигізіліп, ою-өрнекпен безендірілген торсық та шетелдіктердің таңданысын тудырыпты. Торсықты кәсіпкер патенттеп те алған. Жалпы, ұлттық нақышта безендірілген кәдесыйлардың ою-өрнектері көздің жауын алады. «Достарым кейде әзілдеп, үйіңнен күл-қоқыс шығармайтын шығарсың деп күліп жатады», – деді ол. Мұның астарында шындық бар. Ол үйіндегі кез келген көне затқа «екінші өмір сыйлап», одан қуыршақтар, басқа да кәдесыйлар жасап шығарады. Шетелдіктермен қатар, отандық мультфильм түсірушілер де оның жасаған қуыршақтарындағы эскиздерге қызығып, бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс жасапты. Қолы босаса, «Фабрика ПОШ» ЖШС-нан жүн алып, киіз басады. «Киізді баяғысынша қолмен басамын. Ою-өрнегін де өзім саламын. Ауылда тұрғанымда көршілеріміз ою-өрнек салу үшін мені шақыратын. Кәдесый үшін жүннің жақсы басылғаны маңызды» деген Раушан Иманәліқызы кәдесыйларды көбінде тапсырыспен жасайтынын айтты. Көбінде оған Ассамблея өкілдері тапсырыс береді екен. Жақында оларға киізден қытайдың мінәжатханасын жасап беріпті. Ескі сөмкелерді қоқысқа тастай салмай, оларға да «жан бітіруге» болатынын білдік. 2017 жылы сондай бір затын Байқоңырдан космосқа турист ретінде ұшқан Фишер деген американдықтың анасы қатты қызығып, қазақы ою-өрнекпен көмкерілген қол сөмкесін сатып алыпты. Оның айтуынша, сөмкені қайыстан, тозған шалбардан да жасап шығуға болатын көрінеді. Кәсіпкер көбіне жасаған заттарын жәрмеңкелерге, көрмелерге алып шығып, өткеніне сатады. Жасаған заттарды өткеретін арнайы орын болса дейді қолөнер шебері. Жамбылдық қолөнер шеберлерінің барлығы да осы сату мәселесінде тығырыққа тіреліп жатады. «Біз туризмді дамыту үшін арбат жасау керектігін көп жылдан бері көтеріп келіп едік. Облыстың 80 жылдығына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ашылып, біздің ұсынысымыз облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тарапынан қолдау тапты. Алла қаласа заттарымызды сонда шығарып, туристерге ұсынсақ деген ниетіміз бар» деді кәсіпкер. Кәсіпкердің мұндағы ойы, өзі жасаған дүниесін көшеге шығарса, екіншіден, өздерін насихаттайды. Үшіншіден, жасаған дүниелерін делдалсыз өздерінің өткеруіне жол ашылмақ.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді