«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеата тарихының тағылымдары

Әулиеата  тарихының  тағылымдары
ашық дереккөз
Әулиеата тарихының тағылымдары

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында отандық және шетелдік архивтерде іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив–2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алуды тапсыруы барымызды бағамдауға бағдар болып отыр. Осы тұрғыда «Тараз қаласының мемлекеттік архивінің» қызметкерлері тарапынан архивтік деректер негізінде «Әулиеата зерттеулері» атты тарихи-танымдық кітабы жарыққа шықты. Бұл жинақта Әулиеата аумағындағы алғашқы оқу орындарының қалыптасуы, сол кезеңдегі ғимараттар мен қоғамдық бақтар, көпестік тұрғын үйлер, дәріхана, банктер бой көтере бастаған кезеңдер және Әулиеата өлкетану музейінің ашылуы, Әулиеатаға 1864 жылы полковник М.Черняев әскерінің келуі, өңірді зерттеген ғалымдардың қолжазбалары мен зерттеулері туралы мәліметтер архивтік құжаттар негізінде топтастырылған. Аталған ғылыми-танымдық кітапта осыдан бір жарым ғасырдан асқан уақыттың сыры басқа қырынан зерделенген. Мысалы, 1864 жылдардағы орыстың генерал-адъютанттарының жазбаша берген мәліметтері мен қатынас хаттарынан «Әулиеата кезеңіне» қатысты көптеген ақпараттарды кездестіруге болады. Сонымен бірге Әулиеата уезінің құрылу тарихы туралы да мәліметтер бар. Ол жерде Әулиеата уезі әкімшілік-территориялық бөлік 1867 жылы 11 шілдеде жарияланған «Жетісу Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережеге» сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын Сырдария облысы құрамында ұйымдастырылғандығы және батысында Шымкент, шығысында Жетісу облысының Верный, солтүстігінде Ақмола облысының Ақмола уездерімен шектескендігі көрсетілген. Орталығы Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласы болған. Сол уақытта уезде 200 мың халық тұрып, бертін келе тұрғындардың саны 1897 жылы 300 мыңға жеткендігі туралы айтылады. Тағы бір құжатта уез орталығында 15 кәсіпорын, диірмен, тері өңдейтін зауыттар және тағы басқалар жұмыс істеген, тұрғындардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып, тау бөктерінде егіншілікпен, бау-бақша өсірумен шұғылданғаны туралы тарихи мәліметтер келтірілген. Кітаптың алғашқы тарауында сол кезеңде Әулиеата қаласында ашылған В.И.Ленин атындағы мектеп облыстағы ең алғашқы білім ошағының бірі екендігі айтылады. Революцияға дейінгі кезеңде әкімшілік орталығы Ташкентке қараған Әулиеата қаласында ашылғандығына дәлел болатын құжаттар да сақталған. Аталған оқу орны 1905 жылы үш класты болып қайта құрылып, кейіннен 1914 жылдан бастап жоғары бастауыш училище деп атала бастады. 1924 жылы мектепке қалалық комиссияның шешімімен В.И.Ленин аты берілген. Бертін келе 1964 жылдың 22 сәуірде В.И.Ленинге мектептің аты берілгеніне 40 жыл толуына орай музей ашу мәселесі қаралып, жылдың соңына дейін ол жоспар жүзеге асырылған. Келесі бір мәліметте М.Г.Черняев басқарған экспедицияға Ресейдің бас штабы 150 мың рубль күміс ақша бөлгендігі келтірілген. Ресей патшасы 1863 жылы Александр I Михаил Григорьевич Черняевты қолбасшы етіп тағайындап, ол басқарған әскер 1864 жылы Верный бекінісінен әрі қарай «Әулиеатаға» аттанады. М.Г.Черняев басқарған экспедицияға Ресейдің бас штабы 150 мың рубль күміс ақша бөлген. Әулиеата қаласына келгені туралы полковник М.Г.Черняев Сібір корпусының командиріне 1864 жылы жолдаған хатының бірінде: «Меркіден шыққалы ешқандай адам кездестірместен Әулиеатаға жеті шақырым қалғанда мен әскерлерді ауыр жолдан соң демалуға тоқтаттым. Лагерь орналасқан жерден 5 шақырымдай жерден Тектұрмас төбесіне жиналған қоқандықтар тобын байқадық. Бұл төбеден (Әулиеата) қаласы көрініп тұр» деп жазылған хаттардың түпнұсқасы еш өзгеріссіз берілген. Әлемге өзінің тарихымен әйгілі болған Әулиеата қаласы тек сауда мен саяси орталық қана емес, ғылым ордасы да болғандығын жазба деректер дәлелдеп отыр. Орта ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы, саясатшы Иақұт Әл-Хамауи ар-руми (1179-1229) Тараз қаласы ғалымдар мекені болғанын, одан бір топ ғұламалар шыққанын, онда Махмуд бин Әбу бин ат-Тарази – білгір факиһ, аңғарымпаз, құранды (мәнерлеп) оқудың үздігі болғанын айтады. Қала маңындағы қазынадан табылған монеталар және М.Массон, О.Смирнов анықтаған, сонымен қатар А.Бернштам, М.Бубнов, А.Марков, М.Федоров, О.Прицак жариялаған деректерден белгілі болып келген монеталар Тараздағы теңге сарайында 1002-1173 жылдар аралығында жоғары және бағынышты билеушілердің атынан монеталар шығарылып келгендігін айғақтайды. Мысалы, мұнда 1004-1005 жылдары бағынышты билеуші Мұхаммад ибн Алидың бауыры Илек Насрдың атынан монеталар шығарылған. Сосын 1006-1007 жылдары Тараз қаласының билігі оның басқа інісі Наср Ахмад ибн Алиға өтеді, 1008-1009 жылдары Наср өмірден өткеннен кейін Таразда қайтадан Мұхаммед ибн Алидың атынан монеталар шығарыла бастайды. Бұл уақыттарда олардың үлкен ағасы Туған хан Жетісудың билеушісі болып қала берді. Ахмад Мұхаммадтың қазасынан кейін билік лауазымын Арслан хан қабылдап, ол 1024-1025 жылдары мемлекетті басқарды, бұған Тараздан табылған соның атынан шығарылған монеталар куә. Сондай-ақ 1013-1025 жылдары Тараз, Бұқара, Шаш, Самарқандтың бағынышты билеушісі болған оның кіші інісі Мансур ибн Алидың атынан шыққан монеталар да дәлел. Осындай барлық деректердің келешек үшін маңызы зор болғандықтан, оны сақтау архившілердің қызметтік міндеті. Сонымен бірге мемлекеттік сақтаудағы құжаттардың жағдайын тексеру, өңі кеткен мәтіндерді қалпына келтіру, аса құнды құжаттарды анықтау сияқты жұмыстар үздіксіз жүргізіліп тұрады. Әрбір ел өзінің өткен тарихын білу арқылы, болашағын болжай алады. Сондықтан архив қоймаларында жоғарыда келтірілген мәліметтер іспетті баға жетпес құнды құжаттар сақталып, біздің өміріміздің барлық маңызды оқиғалары жинақталады.

Нұрхат Серікбаев, Тараз қаласының мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының магистрі.

Ұқсас жаңалықтар