Еліміздің педагогтер қауымы 2020 жылды жақсы жаңалықпен қарсы алды. Президент Қ.Тоқаевтың «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қоюы қоғам сұранысынан туындаған қадам еді. Заң мұғалімдердің өзекті кәсіби мәселелерін шешуге, жүктемені азайтуға, оларды көптеген тексерулерден, сондай-ақ оларға тән емес функциялардан қорғауға, жұмыс істеп жүрген педагогтер үшін ынталандыру шараларын белгілеуге, жастарды мамандыққа тартуға бағытталған негізгі мемлекеттік құжат болып табылады. Заңның жасалуы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп Үкіметке тікелей табыстауынан туындады. Мұндай аса күрделі, жауапты міндетті жүзеге асыруда біздің облыстың да, педагогтер қауымы бейжай қалған жоқ. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру және педагог мәртебесін арттыру бойынша «Ұстазым – ұлағатым» акциясын іске асыратын елді мекендерде кездесулер, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, газеттерге ұсыныстар жинақтайтын жұмысшы топ құрды. Сол жұмысшы топтың мүшесі ретінде мен де, өз облысымыздың барлық ауыл, аудандарына іссапарға шығып ұстаздар қауымымен кездестім. Мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілерінің пікірлерін, ұсыныстарын, талаптары мен түрлі проблемалық сұрақтарын жинақтап, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, «Nur Otan» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракциясына, Білім және ғылым министрлігіне жолдадық. Осы тұрғыда мен еліміздің ұстаздар қауымы өте белсенді екендігіне көз жеткіздім. Бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге, барлық облыс педагогтарынан «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының түрлі нұсқасы, ұсыныстар жан-жақты келіп түсіп жатты. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі ұсынған заң жобасының мазмұнымен танысу, ұзақ уақыт ел ұстаздарының назарында болып, оларға өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік беру мақсатында «WhatsApp» арқылы барлық чаттарға бағытталып, бұқаралық ақпарат құралдарында, желілерде, мұғалімдер ұжымында ұзақ уақыт талқыланды. Бүгінгі күні осындай жан-жақты талқылау мен ұстаздардың елегінен өтіп, өз мәресіне жетіп, бекіген заң – қоғам талабының сұранысы. Себебі бүкіл дамыған мемлекеттерде, ұстаздық кәсіп – ұлағатты, сыйлы, құрметті мамандық. Өкінішке қарай біздің елімізде педагогтер беделі түсіп, мамандықтың қадірі төмендегенде жаңа қабылданған заң ұстаздар қауымына үлкен серпіліс әкеледі деп ойлаймын. Заңда педагогтерге жасалатын әлеуметтік кепілдіктер, материалдық қамтамасыз етілу құқығы, мұғалімдердің үстемақысын өсіру, ұстаздарды көтермелеу құқығы, кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру сияқты негізгі мәселелер қарастырылған. Әсіресе заңда педагог мәртебесін көтеруде әлеуметтік, материалдық жағдайларды жақсартуға арналған бағыттар нақтыланған. Сондай-ақ Заңның 9-бабында, «Педагогтің көтермеленуге құқығы» бойынша ұстаздарды ынталандырудың керемет жолы қарастырылған. Яғни педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілетіндігі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Сол сияқты білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленетіндігі қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. Жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтардың сипаттамасын, оларды беру тәртібін, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге Үкімет айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленетіндігі анықталған. «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұстаздардың беделін көтеріп, қоғамдағы адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді. Педагогикалық мамандықтың деңгейін арттыру барлық мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыты екендігін ескерсек, жаңа қабылданған заң ұстаздар қауымына үлкен серпін сыйлағаны анық. Рысты Керімбаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді