«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел керегін іздеген самат

Ел керегін  іздеген самат
ашық дереккөз
Ел керегін іздеген самат

ауылдағы жылыжайында лимон өсіріп отыр

Табандылықты талап ететін тірлікке тәуекел еткен жанды көргенде көңіл сүйсінеді, тілеулестік танытасың. Біз әңгіме арқауына айналдырғалы отырған ақкөлдік Самат Рәтбеков кәсіптің елге керек түрімен айналысуды жөн көріпті. Жобасын сәтті қорғаған ол үй іргесінен жылыжай ашып, оның игілігін көрмек ниетте. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында аудан бойынша 36 миллион теңгені құрайтын 16 жоба сәтті қорғалып шықты. Ерекше бастаманы қолға алғандардың бірі – Самат. Олай дейтініміз, ауыл-аймақта жылыжай ашып, оның өнімін кәсіп еткендер жоқ көрінеді. Алғашқы болып бастаған Саматтың жылыжайының көлемі 183 шаршы метр. Оған қажетті 20 тонна топырақты Тараз қаласынан алдыртқан. Тек ішкі жұмыстары ғана қалған жылыжай жұмысы аяқталса, кәсіпкер онда қияр, қызанақ және лимон өсірмек. – Негізінен сыртқы жұмыстары толықтай аяқталды. Ұсақ-түйек тірлігі көп екен. Наурыз-сәуір айларына дейін үлгеріп, алғашқы өнімді алуға тырысып жатырмын, – дейді С.Рәтбеков. Кәсіпкердің айтуынша, лимон өсірудің машақаты аз емес. Ең бастысы, тұрақты температура мен күтім қажет. Қазіргі таңда сырттан 30 түп лимон ағашын жеткізіп қойыпты. Баптай білсең, үш жылдан соң жемісін береді екен. Ойда жүрген жобасын сәтті қорғаған Самат екі миллион теңгенің грантын, яғни қайтарымсыз қаражатын жеңіп алған. Бұл қаржы кәсіпті толықтай аяқтауға жетпегенімен, үнемдеп істі бастауға болатындығын жоба жеңімпазының өзі айтып отыр. Түсінгеніміз, жылыжайды уақтылы ашуға кедергі болып отырған да осы қаржы тапшылығы болса керек. Болашақта алаңсыз тірлік жүргізуі үшін қосымша несие алмақшы. Жас кәсіпкердің кейбір жоспарларына көңіл сүйсінеді. Мәселен, ол лимонның көшеттерін мектеп оқушыларына отырғызбақшы. Бұл жайында ол: «Ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің жоғары сынып оқушыларына тропиктік жеміс түптерін еккізбекпін. Бастысы – балаларды еңбекке ынталандыру. Кім болса да жасаған жұмыстың қандай нәтиже беретіндігін көргісі келеді. Жемісін беріп жатса, мерейі өседі. Одан бөлек, өсіп келе жатқан балаларға үлгі болады» дейді. Онда отырғызылған көкөніс тамшылатып суғарылады. Келешекте кәсіпкер жерлестерін жұмыспен қамтымақ. Тек күзде ғана емес, жылдың өзге мезгілдерінде жергілікті тұрғындардың жылыжай жемісін тұтынар күн алыс емес.

Нарбол ҚАШАҒАН, журналист.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар