- Advertisement -

Қабағын шытпас ер керек, біздің бүйткен бұл іске

93

- Advertisement -

Елбасы жүктеген ауқымды міндеттің бірі – «қарапайым заттар экономикасын» құру. Жобаның мақсаты – бизнес-жоспар дайындаудан бастап оны қаржыландыруға дейінгі жұмыстың барлығына қолдау көрсету. Сол арқылы өз елімізде өндірілетін өнімнің үлес салмағын арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамту. Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті екенін атап көрсете келе, оны бүкіл қоғам болып қолдау керек екенін ескертті. Елбасы мен Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті өркендетуге нақты талап қойып отырғандықтан қалада да, ауылда да кәсіпкерлік кеңінен қанат жая түсті.
Біз әңгіме еткелі отырған жеке кәсіпкер Әділхан Ордабеков басқаратын «Әділ GROUP» ЖШС – мал және құсқа қажетті азық шығарумен айналысады. Нақтырақ айтсақ, сиыр, жылқы, бордақыланатын бұқаға, сондай-ақ, құсқа арналған құрама жем өндіруді қолға алған Әділхан бұл кәсіпке үлкен ізденіспен келгендігі көрініп тұр. Алғашқыда әктасты Мырзатай ауылындағы құс фабрикасына тасымалдап жүріп, құсқа қажетті азықты өзі дайындамаққа бел буады. Тәуекел етіп, Ресейден арнайы құрал-жабдыққа тапсырыс береді. Ісін бастамаққа шындап кіріскен кәсіпкер төмен өсіммен несие де алады. Бүгінде шаруасы қалыпқа түскен ол жұмыстың оңай еместігін айтады.
– Түліктің түріне қарай аралас жемнің дайындалуы да әртүрлі. Мәселен оның көлемі тауыққа – 3, ірі қара мен жылқы малына 8 миллиметр болуы тиіс. Азықтың құрамында күнбағыс майы, бидай, арпа, жоңышқа, әктас ұнтағы, тағы басқа қоспалар бар. Майлы дәнді дақылдарды табудың өзі біраз жұмыс. Соның ішінде күнжара (жмых) мен мақсарыны Жуалыдан алдырамын. Егер күнжараны өзім ексем өсімдік майын өндірумен қатар, оны әлдеқайда төмен бағаға ұсынуға болар еді, – дейді кәсіпкер.
Үйдің ауласына орнатылған арнайы құрал-жабдықтың көмегімен тәулігіне тауыққа 1,5 тонна, ал ірі қара малына 2,5 тонна құрама жем шығарады. Құрама жемнің артықшылығы – 60 күнде байланатын жылқыны аз шығынмен бір жарым айда семіртуге болады. Малға берілетін азықтан басқа, балыққа арналған жем түрлері де бар.
Қазіргі таңда кәсіпкер 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ә.Ордабековтің иелігінде «Әділ GROUP» ЖШС-нан бөлек «Ая и КА» және «Дәулет» шаруа қожалығы бар. Атауы бөлек демесең, атқаратын жұмысы бір-бірімен байланысып жатыр.
Әдетте, өнім дайындалғанда табиғат жағдайы ескеріледі. «Аралас жемді күркедегі тауыққа қолданып жатырмын. Нәтиже жаман емес. Адамдардың көбісі, жем берудің талабын сақтай бермейді. Мысалы, тауыққа күніне 150 грамм аралас жем жетіп жатыр. Таңертеңге – 75, кешке 75 граммен өлшесең болады. Уақытқа қарамай алдына төге бермеу қажет. Адамға да бір тамақты қайтарып дастарханға әкеле берсе, одан да шығасың ғой. Міне, сол сияқты, – дейді өз тәжірибесін үнемі сынақтан өткізіп келе жатқан азамат.
Істің көзін тапқан кәсіпкер болашақта әктас ұнтағын өндіретін, мал азығын дайындайтын, мал бордақылайтын шаруашылықты біріктіріп, кешен құрмақшы. Қолдау болса, еңбектен қашпайтындығын айтады. Жасы жетпісті алқымдаған Әдекеңнің жұмысқа деген табандылығы, алға қойған жоспары адамды тәнті етпей қоймайды. Жуырда жобаны сәтті қорғап, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы негізінде «Бастауыш кәсіпкерлер үшін мақсатты мемлекеттік гранттарды ұсыну» бойынша қайтарымсыз грант иегері атанды. Бөлінген қаржыға өсімдік майын өндіретін қондырғы алмақ. Кәсіпкер ол үшін Ресей тарапымен келіскен.
Ә.Ордабековтің ерекше жобасының бірі – қолдан бидай өсіру. Тәжірибе арқылы арнайы сөрелерге бидайды тамырландыру арқылы одан өнім алуға болатындығын дәлелдеп шығады. Негізінен бұл еуропалық тәжірибеде бар әдіс. Кәсіпкердің айтуынша, 2,5 килограмм бидайдан 10,5 килограмм дайын өнім алуға болады. 10-15 сантиметр сабақ бар-жоғы 8 күнде өсіп шығады. Өнімді төмен бағаға ұсынуға болады. Қолдан өсірілген дақыл протеин мен ақуызға бай. Еңбекке бейімделген жаңашыл азамат алдағы күзде осы жобаны жүзеге асырмақшы.
Кәсіпкерге қазіргі таңда шаруашылықтың басын біріктіріп ферма ашу үшін қажетті жер алу қиындық тудырып отырған көрінеді. Жергілікті билік ісін қолдаса, алдағы уақытта жұмыс көлемін арттырмақ.
«Қабағын шытпас ер керек, біздің бүйткен бұл іске» дегендей, жалпы қимылы ширақ азаматтың жасын жетпісте деп айта алмайсыз. Қалыптасқан әдет бойынша үнемі қауырт жұмыс үстінде жүреді. 2000 жылы кәсібін бастаған Әділхан Ордабеков оған дейін қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қарапайым оқытушылықтан бастап, деканның орынбасарына дейінгі қызмет сатысынан өткен. Мәрмәр кен орнында директор, «Құрылыс-Жанар» ЖШС-да атқарушы директор сынды қызметтер атқарған. Бүгінде ол жинаған мол тәжірибесін өзі ашқан кәсібіне жұмсауда. Баласы Ерлан мен қызы Назира әке бастаған кәсіпті бірге жалғастырып келеді.
Табандылық жас талғамайды. Тәуекел мен ниет біріксе, алынбайтын асу жоқ. Бұл сөзімізге Әділхан Ордабековтің іскерлігі мен жүргізіп отырған
жұмысы дәлел.

Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support