- Advertisement -

Тыңға түрен салған жоба

70

- Advertisement -

Шынын айту керек, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы іс бастауға бекініп, алайда ойындағысын жүзеге асыруға қаражат таба алмай жүргендерге үлкен мүмкіндік тудырды. Неге десеңіз, шығын шықпай, кірістің де кірмейтінін ауылдағы ағайын жақсы біледі. Сондықтан өткен жылы ғана Үкімет отырысында мақұлданған қанатқақты жобаны кәсібін ашуға ниет білдірген ауылдағы әрбір отбасы тиімді санайды.Тыңға түрен салып, еліміз бойынша ең бірінші Әулиеата өңірінде қолға алынған жобаға қатысқысы келетіндердің қатары күн санап артып келеді. Аталмыш жобаны ауылдықтар алғаш естігенде сенер-сенбесін білмей, абдырап қалғандары да рас. Өйткені бұған дейін мұндай жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен несиені еліміздегі бірде-бір банк қызметі ұсынып көрмеген. Оның үстіне, қолына тиген несиені араға бір жыл салып барып төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Бүгінде ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған дәл осы жобаның арқасында елді мекендерде қарбалас тірлік басталып та кетті. Мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан азаматтардың бірі – Мойынқұм ауданындағы Кеңес ауылдық округінің тұрғыны Досымбай Қожағұлов.
Бұрын төрт түлікті түгел өргізген ауыл азаматы кейінгі жылдары мал шаруашылығынан қол үзіп қалған көрінеді. Енді, міне, қанатқақты жобаның арқасында атакәсіпті қайта жандандыруға ниет білдіріп отыр. «Төрт түлікті бағу, оны күтіп-баптау ауылдықтарға таңсық емес. «Мал баққанға бітеді» деген ата-бабамыз әу бастан төрт түлікті көбейту жайын жақсы меңгерген. Сондықтан қазақ даласында тұяқты малдың саны өте көп болды. Міне, қазіргі таңда осы атакәсіпті қайта жандандыруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Жоба жаңадан басталған кезде-ақ әкімдіктің мамандарынан кеңес алдық, кәсіп бастаудың қыр-сырын, жеңілдетілген несиеге қол жеткізудің тетіктерін сұрадық. Шүкір, нәтижесі жаман емес. Шалғайдағы тұрғындарға осындай мол мүмкіндік беріп отырған, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдескен облыс әкімі Асқар Исабекұлына ауыл халқы дән риза», – деп ағынан жарылған Досымбай Шашубайұлы мал шаруашылығын одан әрі дамыту бағытындағы ойларымен бөлісті.
Айтуынша, пилоттық жобаға қатысарда 2 миллион 400 мың теңгеге өтініш беріпті. Бұл өтініші мамандар тарапынан мақұлданып, аталған қаржы қолына тиген. Алғашқы жоспарына сай, 2 миллион теңгеге 50 қой сатып алыпты. Ал қалған 400 мың теңгеге жемшөп алған. «Бұл жоба біз секілді ауыл азаматтарына өте тиімді. Екі жарым пайызбен берілген несиені жыл соңынан бастап төлейміз. Одан әрі қарай әр алты ай сайын төлем жасауға тиіспіз. Мен биылғы желтоқсан айында алғаш рет 266 мың теңге көлемінде қаржы төлеймін. Одан кейін бұл қаржы азайып отырады. Кәсібін дөңгелеткісі келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын», – дейді ол.
Иә, расымен де шалғайдағы ауылдарда тұратын тұрғындар үшін бұл жоба қай жағынан да тиімді екені сөзсіз. Әсіресе, ата кәсіппен айналысқысы келетіндер, жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар үшін сирек кездесетін мүмкіндік. Осыны түсінген ауылдағы ағайын қанатқақты жобаға қатысуға құлшыныс таныта бастады.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support