Аюбаевтың өрт сөндіру әдісі
Ол шынында да қызық адам. Қызық болатыны, қатардағы инженер ретінде жылу, энергетика салаларында ұзақ жыл тер төгіп, зейнетке шықса да өнертапқыштық «ермегін» қояр емес. Жұмыссыз, іссіз, ізденіссіз бос өткен бір күні жоқ.
Марат Аюбаевтың бүгінде экология, жылу және баламалы энергетика, құтқару қызметі салаларында 30-ға жуық жаңалығы бар. Барлығына да ар-найы патент алынған. Оның ішінде тоғызы өрт сөндіру саласына қатысты.
Ашқан жаңалықтары оның үйелмелі-сүйелмелі балалары секілді. Соларды соңына «шұбырта ертіп» бармаған тауы, баспаған жері жоқ. Талай есікті қаққан. Алайда «балаларының» басынан сипаған ешкім болмапты. Бәрібір, тауы шағылып, тауаны қайтқан Мәкеңді көрмедік. Әзірге оның көңілінде «балаларымды» (ашқан жаңалықтары) ұшпаққа шығарсам деген бір-ақ арман бар.
Соның бірі – «Мұнай сыйымдылығындағы өртті инертті газ (көмір қышқыл газы мен азот) көмегімен автоматты түрде сөндіру» деп аталатын жоба-әдісі арнайы грантқа да ие болыпты.
Жаңа жыл қарсаңында тараздық өнертапқыш өз үйінің ауласында аталмыш әдіс бойынша тәжірибелік сынақ өткізді. Оған аталған әдісті көріп бағалап, өндіріс үшін тиімділігін дәйектеу жөніндегі комиссия мүшелері де қатысты.
«Бұл тәсілдерді сондай-ақ жанар-жағармай қоймалары мен алып цистерналарда орын алған өрттерді сөндіру кезінде де пайдалануға болады. Тұтанған өртті су мен көбікпен өшіріп жүрміз. Алайда олар араласқан соң, жүздеген, мыңдаған тонна мұнай өнімдерін қайта өңдеуге апаруға тура келеді. Ал инертті газ оның құрамына еш әсер етпейді. Ары кетсе 3 минуттың ішінде өртті ауыздықтай аласыз. Әрі бұл орайда бар-жоғы 15 литр өнім ғана өртенеді, қалғаны сапасын сол күйі сақтап қалады», – дейді М.Аюбаев.
Бұл күні Аюбаев «әдісінің» жүзеге асырылуына қызығушылық танытқандардың да қарасы мол болды. Арнайы сынақ өткізуге арналған үй аумағында зерттеу жұмысы жүзеге асырылуын алыстан бақылау үшін алдын ала бейнебақылау камерасы орнатылып, тәжірибе барысын теледидар арқылы үйден көріп тамашалауға да мүмкіндік жасалып қойылған екен.
Алдын ала сынақ барысында арнайы дайындалған 200 литрлік бөшке ішіндегі 10 литр көлеміндегі бензин «өртінің» азот пен көмір қышқыл газы қолданылуымен тиісінше 15 және 44 секунд ішінде сөндірілуі дәйектелді. Инновациялық технологияға негізделген аталмыш жоба комиссия тарапынан қажетті деп бағаланып, оның өндіріске енгізілуі тиістігі мақұлданды. Алдағы уақытта осы әдісті қолданып, жұмыс істеу және жобаны қаржыландыру мәселесі Үкімет пен тиісті тараптарға ұсынылатын болады деп күтіліп отыр.
Тараздық өнертапқыштың ендігі жерде бумен ғана емес, сумен, көбік араласқан сумен, инертті газбен, қысқасы, жеті түрлі тәсілмен өртті өшіруге мүмкіндік беретін әмбебап машинасының, тікұшағының, су буын пайдалану, дүкендер мен паркингтердегі өрттерді ауыздықтау әдістерінің біртіндеп болса да өндіріске енгізілетініне деген сенімі молая түскендей.
Бүгінде елімізде ғана емес, жер-жаһанда орын алған алапат өрттердің адамдар өміріне қауіп-қатер тудырып, ну ормандарды, тұтастай елді мекендерді аждаһадай жайпап кетіп жатқаны өтірік емес. Ал Аюбаевтың өрт сөндіру техникалары мен әдістерінің өртті өшіру шығындары мен зардаптарының едәуір азайтылуына, адамдар өміріне төнер қауіп-қатердің алдын алуға септесетіні ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр.
Баймаханбет АХМЕТ.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді