МАШАН БИДІҢ НЕМЕРЕСІ АҚЖАН
«Ақжан Машани Қарқаралыдан шыққан Машан бидің немересі. Машан – Тұрсын төренің биі болған. Машан мен Құнанбай қажы үзеңгілес жүріпті. Машаннан Ақжанның әкесі Жақсыбек туған. Жақсыбек Қарқаралыда Әлімхан Ермеков ашқан техникумды бітірген. Жаңаша да, ескіше де хат таныған адам болған. Керемет домбырашылығы бар. Елде старшина боп қызмет еткен. Жақсыбектің інісі Нөгербек те өнерге жақын, ақындығы да бар адам болыпты. Шәкәрім екеуі жақсы дос болған деседі. Ақжанды әкесі мен ағасы үйінде оқытып, әріп танытқан. Міне, Ақжан Машани осындай текті ортадан шыққан», дейді Машанидың шәкірті Шәмшидин Әбдіраман. Шәкең Машанидың кім екенін, оның азаматтық ісін он екі тараптан тарқатып таныстырады: Ол – ХХ ғасырдың ортасында Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің Отырарда туған Қыпшақ перзенті екенін алғаш дәлелдеп, ұлы бабасын ұрпағымен қауыштырып, мұрасын зерттеуші; Ол – Дамаскідегі Баб ас-Сағир зиратынан әл-Фараби қабірін тауып, құлпытас орнатуға мұрындық болған азамат; Ол – ҚР ҰҒА-ның құрылтайшысының бірі; Ол – Жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негізін салушы және Қазақстанда оның мектебін құрушы; Ол – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың тұңғыш түлегі, алғашқы аспиранты және 50 жылдай үзіліссіз мыңдаған инженер тәрбиелеген ұстаз; Ол – Жаңа кен орындарын ашушы инженер-геолог (Ақбастау, Құсмұрын, тағы да басқа кен орындарын ашқан); Ол – қазақ әдебиетінде ғылыми-көпшілік және фантастика жанры негізінде алғаш көркем шығарма жазушы; Ол – «әл-Фараби» (1970) тарихи деректі романында ұлы бабаның көркем бейнесін тұңғыш сомдаған қаламгер; Ол – Қазақтың екі ұлы данасы арасындағы рухани байланысын алғаш зерттеп, халқымыздың 1000 жылдық мәдени тарихын көрсетуде ренессанстық «әл-Фараби және Абай» (1994) монографиясын жазған абайтанушы; Ол – әл-Фараби мұрасын ғылыми-ислами және бүгінгі ғылым жетістіктері негізінде қазақтың ұлттық дүниетанымымен сабақтастыру нәтижесінде фарабитанудың жаңа бағытын ашқан теолог-зерттеуші; Ол – ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында-ақ техникалық сөздік түзіп, оқулықтар жазу арқылы техникалық әдебиетте қазақ тілінің зор мүмкіндігін алғаш дәлелдеуші; Ол – жаратылыстану ғылымдарын гуманитарлық мазмұн-сипатында ұлттық құндылықтармен сабақтастыра дамытудағы бірегей тұлға. Енді Шәмшидин Әбдіраманның әңгімесіне құлақ түрейік.
«МАШАНИҒА ҚАЛАЙ ШӘКІРТ БОЛДЫМ?»
1957 жылы біз студент кезде Машанидың «Жер астына саяхат» деген фантастикалық кітабы жарық көрді. Шығармасы қатты әсер етті. Ол кісі жайында сұрастырдым. Сөйтсем, өзімізде оқытушылық қызмет істейді екен. Қазіргі «Қазақстан» қонақ үйінің жанында «политехтің» ғимараты да, жатақханасы да бар болатын. Сонда барсам басына тақия киген, көйлегінің жағасын ағытып қойған, қабырғасын қасып қойып бір кісі отыр. Жөнімді айтып ем, екеуміз тез-ақ тіл табысып кеттік. «Әй, сен осы әл-Фарабиды білесің бе?» – деді маған. «Ол кім?» – дедім. Ол кезде қазақ әл-Фарабидың кім екенін білмек түгілі, естімеген де. Сол сәттен бастап екеуміздің арамызда ұстаз бен шәкірттік қарым-қатынас басталды. Ақаңның шығармашылығының бір ерекшелігі – ол болашақ еңбекті жазар алдында негізгі идеяны әңгімелеп беретін. Ал мен сондайда: «Аға, сіз осыны қағазға түсіріп беріңізші», – деп өзімше ақыл қосатынмын. Сөйтіп мен Машанидың жазғандарын машинкаға бастырып, бір данасын өзім алып қалатынмын. Ол кісінің айтқандарына өрем жетпесе де, керемет екенін түйсіндім. Жазғандарының 25 пайызын ғана түсінген шығармын. Сосын өмірінің соңғы жылдарында таспаға дауысын жазып алып, сұхбат жүргізіп отырдым.
«ДОКТОРЛЫҒЫН ҚОРҒАЙ АЛМАДЫ…»
1940 жылы Ақжан ағамыз ең алғашқы техникалық сөздікті жасаған қазақ. Бірақ соғыстың кесірінен жарыққа тап сол кезде шықпай қалды. Геология, металлургия, кен істеріне арналған сөздігі 1946 жылы бір-ақ жарық көрді. 1943 жылы кандидаттығын қорғады. Сол аралықта екі кен орнын ашты. Сөйтіп геомеханиканың заңдылығын байқап, жаңа ғылымның зерттелуіне мұрындық болды. 1946 жылы докторлығын қорғайтын еді. Бірақ қорғай алмады. Себебі, оппоненті «халық жауы» ретінде ұсталған болатын. «1960 жылдың басында менің алдымда екі айрық жол жатты. Бірі докторлық диссертацияны қорғау, екіншісі әл-Фараби бабамызға іздеу салу, оның мұраларын жинақтау. Егер мен бірінші жол айрығына бұрылсам, оған кем дегенде 4-5 жылды сарп етер ем. Ал, бұл өзбек ағайындарға әл-Фарабиды өзіне еншілеп алуға жетіп артылатын мерзім болатын. Мен диссертациямды столдың бір жақ бұрышына сырып қойып, ұлы бабамыздың мұрасын іздеуге кірісіп кеттім», – деген еді Ақаң өзі бірде. «ӘЛ-ФАРАБИ ҚАЛАЙ ҚАЗАҚ БОЛДЫ?»
1940 жылы ол кісі әл-Фараби туралы естиді. Қ.Сәтбаев академияны құрар кезде өзге елдің академиктерімен жиі кеңесіп тұрыпты. Арнайы шақырып баяндама жасатады екен. Бірде Чехословакияның ғылым академиясының президенті Кольман келеді. Ол баяндамасында: «Ғылымның негізін салған Тұранның ойшылдары. Олар әт-Туси, әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Беруни», – деп тізбелейді. Әлгі аталған есімдердің барлығын Ақжан ағамыз біліп отырыпты. Тек ішінде әл-Фараби туралы ештеңе білмейді. Ешбір ел біздің ғалым деп меншіктемеген. Сөйтіп, Лондон, Каир, Париж, Берлин, Лиссабон, Бейрут тәрізді қалалардың ең ірі кітапханаларына 1958 жылдан бастап хат жазып, әл-Фарабидың мұраларын жинастырады. Бастапқыда арабтың ғалымы деп ойлайды. Соңынан арабтың ғалымы емес екеніне көзі жетеді. Жан-жаққа хат жазып әл-Фарабидың біраз еңбегін жинайды. 1961 жылы академияның хабаршысының №5 санында «Әл-Фараби және оның мұралары» деген алғашқы мақаласы шығады. Бұған дейін Ақжаннан басқа қазақ топырағында әл-Фараби туралы айтқан ешкім болған жоқ. «Білім және еңбектің» 1962 жылғы бірінші санында да әл-Фараби туралы мақала жарияланды. Омырауы ашық, қыпшақ шапанның ішінен кісе белбеу таққан әл-Фарабидың түрегеп тұрған бейнесі мақалаға қоса беріледі. Онда оң қолы үстел үстіндегі адам құшағына әрең сиятындай кітапты, сол қолы кісе белбеуді ұстап тұр екен. Кісе белбеуді ұстап тұруы – қыпшақ даласының перзенті екенін мақтан еткендей әсер қалдырады. Қаба сақалды бабаның басындағы бөрікті де арабтың баскиіміне ұқсату мүмкін емес, ол қыпшақ бөркі. Тек аяғына іле салған жеңіл шәркесі ғана оның ыстық өлкедегі ғұмырын елестетеді. Одан кейін «Юнный техник» журналында «Аристотель востока» деген кішкентай ғана мақала жарыққа шықты. 1968 жылы Машани Дамаскіге әл-Фарабидың қорымына барды. Қорымы патшалар жерленетін мекенде екен. Дамаскідегі қорым жермен жексен болып кетіпті. Бастапқыда әл-Фарабидың зираты екеніне күмәнданады. Жергілікті халық: «Бұл жерде патшалар мен патшалар құрметтеген сыйлы адамдар ғана жерленеді. Әрқайсысының аты жазылып, нөмірленген», – дейді. Бабасының қараусыз қорымына жергілікті халықтың көмегімен арнайы белгі орнатады. Әл-Фарабидың зиратынан топырақ әкеп, Отырардың үйіндісіне шашады. Машани ізденісін тоқтатпады. Әйгілі ғұлама Птоломейдің арнайы карта жасап, Отырарды әл-Фарабидың туған жері деп көрсетіп кеткен бұлтартпас дәлелін табады. Сөйтіп, «әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, отаны Қазақстанда тойлансын», – деген қаулы қабылданады ЮНЕСКО тарапынан.
«КСРО-НЫҢ КЕЗІНДЕ МЕШІТТЕ НАМАЗ ОҚЫҒАН»
«Ақжан Машани басына сәлде таққан молданы насихаттап жүр», – деген айып тағылды. Үстін-үстін тексерулер болды. Ол кісі намазын қаза қылмаған жан. Жұма сайын мешітке барып намаз оқиды. Кеңес өкіметі тұсында профессордың мешітке барып намаз оқуы – Ақжаннан басқа ешкімнің қолынан келген емес. «50 жасқа келгенде, шәкірт болып, имамдардың алдында тізе бүктім. Араб тілінде жазбасам да, әл-Фарабиды түсінетіндей дәрежеде тіл білуім керек қой», – деген еді өзі. Содан соңынан «үш әріп» қалмай, мазасын алған. «Қазақ ғалымдары арақ-шарап ішкенше, ата-баба жолымен жүргені дұрыс емес пе?!» – дегенді де сол кезде-ақ айтты. Жаны ашығандар: «Намазды мешітте оқымай-ақ, үйіңізде жасырын оқи берсеңіз неңіз кетеді», – дейді. Бірақ Машани Құдай жолынан адаспады…
«ҚОНАЕВТЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ...»
Бірде Қонаевтың қабылдауына жазылады. Қонаев бір сөзге келместен бірден қабылдауға шақырады. – Ақа, сіз тек сәлем беру үшін ғана келмедіңіз. Шаруаңызды айта отырыңыз, қолдан келсе, көмек жасайын, – дейді Дінмұхамед Ахметұлы. – Димаш, билетімді басқа емес, өзіңе тапсыруға келдім, – деп, қалтасындағы партбилетін алып, Қонаевтың алдына қоя салыпты сонда. Ақаң сияқты азаматтар әдетте үй немесе көлік сұрап келетініне үйреніп қалған Қонаев әуелгіде не істерін білмей абыржып қалады. Билетті қолына алып, ары-бері аударыстырып қарай бастайды. Сөйтеді де: – Ақа, мұныңыз не, сізге ешкім билетіңізді тапсыр деген жоқ қой, – деп қызыл билетті Ақаңа қарай ысыра бастайды. – Бүгін тапсыр демесе, ертең тапсыр дейді бәрібір, – деп Ақаң билетті Қонаевқа қарай ысырады. – Жақсы атпен мұны өзіңізге қайтарайын… Машановтың жайына қаныққан бірінші хатшы жалма-жан идеология жөніндегі хатшы С.Имашовпен телефон арқылы байланысып: – Саттар, менде Фарабиды қазаққа баба еткен ғалым Ақжан Машанов отыр. Енді ғалымның мазасын алмаңдар, зерттеуін жүргізе берсін! – депті. Содан бастап, Машанидың құлағы тынышталыпты. Ақжан Машанидың ғылымдағы еңбегін ЮНЕСКО мойындап, 2007 жылы 100 жылдығын айтулы күнтізбеге енгізді. Бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Жаратылыстану институтына әл-Машани аты берілген, университетте әл-Машани мұраларын зерттейтін орталық және ғалымның атында аудитория бар. Одан бөлек Алматыда «Алмагүл» ықшам ауданындағы бір көшеге аты берілген.
Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ.
Алматы қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді