Облыста алғаш рет жүзеге асып отырған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ауылдықтар үшін таптырмас мүмкіндік болды. Аталмыш жоба басталысымен-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметов пилоттық жобаға енген әр ауылға арнайы атбасын бұрып, ондағы тұрғындардың көкейлеріндегі сұрақтарына жеке-жеке жауап берген болатын. Расын айту керек, өңірдегі ауылдар үшін, оның ішінде шалғайдағы елді мекендер үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Әрине, өңір басшысы Әулиеата өңіріне келісімен-ақ өзінің іскерлігімен көзге түскен-ді. Ал енді тыңнан түрен салған мына жоба ауылды жердегі ағайынның қуанышын одан әрі еселей түсті. Әуелгіде тұрғындардың басым бөлігі бұл жобаға сенімсіздік білдіргені жасырын емес. Қанатқақты жоба Үкімет отырысында мақұлданғаннан кейін бұл бағытқа жергілікті атқарушы билік өкілдері түгел жұмылдырылды. Тұрғындарға жоба бойынша нар тәуекел етіп тырбанып, тіршілік ету керектігі түсіндірілді. Құжат жинауға, оны өткізуге аудан мен ауыл әкімдері қолұшын берді. Осылайша, тұрғындар жұдырықтай жұмылып, игі бастамадан құр қалмай, мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысты. Тұтастай алғанда, ауылдықтар бұл жобаның барлық бағыты бойынша белсенділік танытып отыр деуге болады. Солардың бірі – Шу ауданына қарасты Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны Жандос Бижанов. Бұған дейін де мал шаруашылығымен айналысқан Ж.Бижанов аталмыш жобаны естігенде бірден құжат өткізуге кіріскен. Ауыл тұрғыны жобамен толық танысқаннан кейін де бойында сенімсіздік болғанын айтады. «Иә, әуел баста бәріміз де күдікпен қарадық. Анық-қанығына көз жеткізу үшін ауданға барып, толық ақпаратпен таныстық. Байқап қарасақ, біз үшін, яғни ауыл азаматтары үшін өте тиімді көрінді. Содан барып ауыл әкімі Найла Қондыбаеваның нұсқауымен керекті құжаттарды жинап, тиісті жерге өткіздік. Құжат жинау кезінде де көптеген түсініспеушіліктер болды. Алайда ауыл әкімдігіне рахмет, қолдан келген көмектерін аямай, барлығын рет-ретімен ретке келтірді. Енді, міне, араға уақыт салып көздеген қаржымызға қол жеткізіп отырмыз. Мен 6 бас жылқы мен 5 бас мүйізді ірі қара алу мақсатында 4 миллион 150 мың теңгеге өтініш берген болатынмын. Қаржы түсе салысымен-ақ қорамызды малға толтырып үлгердік. Енді қыстан қысылмай, көкке ауыз тисе, көп ұзамай-ақ малымыздың басы еселене түседі деген сенімдеміз. Ең әуелі облыс әкімі Асқар Исабекұлына алғыс айтқым келеді. Пилоттық жобаның шарттары өте қолайлы жасалған. Ауылдағы ағайынға ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын», – дейді Жандос Бижанов. Рас, алғашқыда күдік болғанымен кейіннен ауылдықтар бұл жобаның маңыздылығын түсініп, мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысып бақты. Асқар Исабекұлының өзі ауылға келіп, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруі ауылдықтардың бойына сенім ұялатты. Ендігісі, тиянақты әрі нәтижелі жұмыс істеу. Ең бастысы, жоба арқылы ауылдағы ағайынның бойындағы жігер оты лаулап, өз қолдарынан келетін кәсіппен айналысуға бет бұрды. Бұл әсіресе ауылдық жердің алпыс екі тамырына жан бітірген бастама болды.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді