Өткен күнде белгі бар

Өткен күнде белгі бар
ашық дереккөз
Өткен күнде белгі бар

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсында нарықтық қатынастарға көшу барысында ауыл шаруашылығындағы бұрыннан қалыптасқан жүйе бұзылып, егін егіп, мал өсіргендер қиын жағдайда қалды. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдері бағасының арасындағы үлкен алшақтықтың салдарынан шаруашылықтар науқандық жұмыстарды атқаруға қажет жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер, өзге де қажеттерін алу үшін қолдарындағы малын жұмсауға мәжбүр болып, атышулы жабайы айырбас (бартер) етек жайды. Саладағы мәселенің қай-қайсының болсын шешімін табуы қаржыға келіп тірелетін. Қаржылай сауықтыру ісімен бір мезгілде, ауыл шаруашылық құрылымдарын шаруашылық жүргізудің өзін ақтайтын, мейлінше тиімді түрлеріне көшіру де жүргізілді. Қолға алынған, тиянақты атқарылған шаралардың нәтижесінде көктемгі егіс-дала жұмыстарын ғана емес, ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптауды, жиын-терінді жіті ұйымдастыра алдық. Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштерге қол жетті. Мұның бәрі облыс халқын өзімізде өндірілген өніммен қамтамасыз етуді жолға қоюға жеткізді. Ауылдағы тауар өндірушілердің маңдай терлерімен өсірген өнімін делдалсыз, өздері тез өткізулеріне көмектесу, оларды нарыққа баулу мақсатында сату көрмелерін, жәрмеңкелер өткізуді қолға алдық. 1998 жылдың қазан айының басында Тараз қаласының «Баласағұн» мәдениет сарайының қасындағы ол кезде бос жатқан кең алаңда (қазіргі мешіт-медресе ғимараты орналасқан) аудандардың күзгі жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Оған әкелінген азық-түліктердің бағасы базардағыдан 10-15 пайыз төмен болды. Менің командам талдап, дайындаған облыс агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 1999-2000 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы талқыланып, қолдау тауып, қабылданды. Бағдарламаға сай көп шаруа тындырылды. Ең алдымен қатаң есеп жұмысы қолға алынғандықтан, басқарма облыстағы әрбір ауыл шаруашылық құрылымы бойынша дәнді масақты дақылдар қандай тұқыммен себілгендігін, сұрпын, репродукциялығын, түсім қандай болғанын біліп, тиісті ұсыныстар жасап отырды. Мұның қайтарымы, әрине, аз болмады. Тұқым шаруашылығын қайта жаңғыртып, дәнді дақылдардың түсімін арттыруды қолға алдық, бұрыннан-ақ ғалымдармен бірлесіп өткізіліп келе жатқан «Егінжай» күндері жаңа мазмұн мен түрге ие болды. Академик Рахым Оразалиев басқарған Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бидай мен арпаның аудандастырылған және болашағы зор сұрыптарын енгізу бойынша ұзақ мерзімді әріптестік туралы бас келісім жасасқанымыздың да көмегі зор болған еді. Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің жағдайы жақсарып, ауыл шаруашылығына қаржы бөлу де молая бастағанына куәміз. Әсіресе 2002 жылдың ауылдағылар үшін шапағаты ерекше болып, Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ауылды өркендетуге арналған бағдарлама талданып жасалынды. Ол Президенттің 2002 жылғы 5 маусымдағы №889 санды Жарлығымен бекітілді. Ал 2 тамызда ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасының 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» №864-ші қаулы қабылдады. Міне, осы құжаттарды басшылыққа ала отырып, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы облыстық экономика басқармасының қатысуымен «Жамбыл облысының 2003-2005 жылдарға арналған аграрлық азық-түлік «Ауыл» бағдарламасын» талдап, жасап шықты. Ол Жамбыл облысы әкімдігінің 2002 жылғы 3 қазандағы №89 қаулысымен бекітілді. Ал осы жылғы 27 қарашада Жамбыл облыстық мәслихатының он бесінші сессиясы арнайы талқылап, оны өз шешімімен бекітіп берді. Ауыл жылдары облыста қолға алынған, біздің ауыл шаруашылығы басқармасы ұйытқы болған, денін өзі атқарған қандай шара болсын жақсы нәтижесін берді. Осының арқасында республика көлеміндегі ірі шаралар Таразда ұйымдастырыла бастады. Айталық, 2004 жылдың қоңыр күзінде «Достық» алаңында өткен республикалық «Жеміс-2004» ауыл шаруашылық көрме-жәрмеңкесі кезінде кеңінен жазылып, үлгі етілді. Оған республика облыстары ғана емес, Ресейден, Қытайдан, Қырғыз Республикасынан да өкілдер келіп қатысты. Ауыл жылдары облыс бойынша жемісті қорытындыланды. 2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл» аграрлық азық-түлік бағдарламасы мен 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру аясында бөлінген қаржы толық игеріліп, өз мақсатына жұмсалды, облыс агроөнеркәсіп саласы жаңа белеске көтерілді, ел тұрмысы оңалды. Тәуелсіздік жылдары облыс ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларының байыппен, жемісті жүзеге асуына, агроөнеркәсіп кешенінің тиімді жүйесі қалыптасуына он жылдан астам уақыт басқарма басшысы ретінде өз үлесімді қосқанымды сезіну, сала ардагері маған үлкен мәртебе.

Аманкелді КАРЕНТАЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар