
Облыстың 80 жылдық мерейтойына орай өңір атын танытқан талантты тұлғаларға ескерткіштер ашылып, «көне тараз» тарихи-этномәдени және «Тектұрмас» этнотарихи кешендері пайдалануға берілдіКеше өңірдің сексен жылдық мерейтойын әулиеаталықтар зор қуанышпен, жаңа форматта атап өтті. Бұл мереке әдеттегідей тек ас ішіп, аяқ босату немесе той-думан болған жоқ, өткенді әспеттедік, халықтың қамын күйттедік, дәстүр сабақтастығын дәріптедік. айталық, облыс аумағында атаулы күнге орай сексеннен астам нысан пайдалануға беріліп, елдің игілігіне қызмет етуді бастады. Олардың қатарында мәдени, рухани, тарихи және әлеуметтік нысандар бар. Әсіресе Тараз шаһарының іргесінен ашылған «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің сәулеті көз сүйсінтеді. мәні ғасырлардан сыр тартады, сәні сезім толқытады. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің тарих жылнамасын жаңғырта түсетіні, ұрпақ санасына өткеннің сырлы сәулесін ұялататыны тағы сөзсіз. Ал ескерткіштер елдігімізді танытты.бастысы, сексен жылдық мерейтой өңірдің барының бағасын арттырды, жоғының орнын толықтырды.Тоқпановтың мүсіні театрдың алдына қойылды


Кеше өңірдің 80 жылдық мерейтойы облыс орталығы Тараз қаласында салтанатты жағдайда аталып өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар легі қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Халық әртісі Асқар Тоқпанов ескерткішінің ашылу рәсімінен бастау алды. Облыстық қазақ драма театрының репертуарын байытып, сол кездегі шығармашылық ұжымның кәсіби біліктілігін жетілдіруде өз қолтаңбасын қалдырған тұлғаның тас мүсіні өнер ордасының алдына қойылды. Ескерткіштің лентасын КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық әртісі, театр қайраткері Есмұхан Обаев, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қиып, тастұғырға гүл шоқтарын қойды. Олар тұлға туралы есті естеліктері мен тағылымды ойларын ортаға салып, А.Тоқпановтың ескерткішінің облыстық қазақ драма театры алдынан ашылғаны өте орынды шешім болғанын баса айтты. «Бүгін менің қайта туған күнім сияқты. Мені өнерге жетелеп алып келген Асекең туралы таңды таңға ұрып айтуға мүмкіндігім бар. Өйткені ол кісіден жеті жылдай дәріс алдым. Бір ғана оқиғаны айтып берсем, Асқар Тоқпанов Мәскеу қаласынан оқып келген соң, Орталық комитеттің, Үкіметтің табалдырығын тоздырып жүріп, отыз адамның басын құрап, консерваторияның жанынан актерлық факультетті ашты. Алғашқы қарлығаштарын да қабылдай бастады. Халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов екеуміз Алматыға Кентау қаласындағы училищені тәмамдап барған кезіміз. Райымбек өнерге жақындау еді, ал мен ол кезде бұл өлкеге жақындап көрмегенмін. Райымбек түсті де кетті Асекеңнің факультетіне. Өзі де келбетті, шашы бұйра, тұлғасы келіскен жігіт, топ жетекшісі болып сайланды бірден. Райымбек екеуміз бір пәтерді жалдап тұрамыз, бірнеше күннен кейін Асекеңді үйге ертіп келді. Барымызбен жасаған дастархан басында «Әй, бала, сен қайда оқып жүрсің?» деді. Ауыл шаруашылығы институтының агрофакультетіне түсейін деп жүргенімді айттым. Әңгіме қыза түскенде, Асекең Райымбекке қарап: «Ертең мына баланы емтиханға ертіп кел, азар болса, қазақта бір агроном кем болар», деді.
Райымбек мені түнімен дайындады, ертеңгісін сынақ тапсырдым. Комиссияның бір мүшесі «Бұл бала ауыл шаруашылығына тапсырып жүр екен, сонда бара берсе қайтеді» деді. Екіншісі де сол сияқты жоғары баға бере қоймады. Үшіншісі ғана «Жас қой, үйренеді» деді. Сол үшіншісі, кейін білдім, Ахмет Жұбанов екен. Содан оқуға түсіп кеттім. Асекең әкем сияқты тәрбиеледі, тіпті, ұрып тәрбиеледі. Сондықтан Асқар Тоқпановты өмір бақи сыйлап өтемін», – деген Асанәлі Әшімов режиссердің есімі облыстық қазақ драма театрына берілетініне, онымен қоса ескерткіші бой көтергеніне шексіз ризашылығын білдірді. Іс-шара барысында А.Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі «Тоқпанов тұлғасы» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қонақтар атақты театр режиссерінің қызмет жолы, еңбектері, марапаттары, шәкірттері жайлы фотостендті тамашалап, ол туралы түсірілген деректі фильмді көрді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан бұл ұсынысқа орай Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда. Облыс театрына тұлғаның есімін беру өнерсүйер қауымның көптен бергі арман-тілегі болатын. Өйткені қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан А.Тоқпанов еңбек жолында осы өнер ордасының ілгерілеуіне де елеулі еңбек сіңірген. Көптеген қойылымдар сахналап, шәкірт тәрбиелеген. Бұл ұсынысты осыдан 10-15 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазғанымен, жауапсыз қалған еді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп, игі бастама өз шешімін табуда. А.Тоқпанов есімі бұған дейін елімізде ешқандай театр мен өнер ұжымына берілмеген. Ал 1936 жылы құрылған облыстық қазақ драма театры содан бері бірде-бір тұлғаның атымен аталған емес. Осы тұрғыдан алғанда бұл бастама көпшіліктен үлкен қолдау тапқаны рас. Театр режиссерінің ескерткішін белгілі мүсінші Момыш Сұлтан жасап шықты. Оның құрылысына танымал меценат, «Super pharm» ЖШС директоры Қайрат Қаймолдаев демеушілік етті.
«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де...»

Мерейтой аясында Тараз қаласында көптеген жаңа нысандар ашылып, тұрғындар шат-шадыман күйге бөленді. Сондай құнды дүниенің бірі – «Баласағұн» орталық концерт залының алдына қойылған, аты аңызға айналған күйші-композитор, Халық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың ескерткіші. Ескерткіштің ашылу салтанатына халық өте көп жиналды. Іс-шара басталмас бұрын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Ақкербез» би ансамблінің бишілері өнер көрсетті. «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Ерлан Ибәділдаев шырқаған Кенекеңнің әндері жүректерге жетіп, алдыңғы толқын аға буынның көңілін Кененге деген сағыныш самалы тербеп тұрды. Ескерткішті тараздық мүсінші Темірхан Көлжігіт жасапты. Кенен Әзірбаев ескерткішін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай мен Кененнің немересі Мұрат Кененов ашып, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен облыс әкімі Асқар Мырзахметов, зиялы қауым атынан Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен еңбек ардагері Төлеу Сүгірбаев гүл шоқтарын қойды. Әбдімомын Желдібаев өз сөзінде жұртшылықты аңыз адамға арналған ескерткіштің ашылуымен құттықтап, осындай игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Мұнан соң жиналған көпшілік естелікке суретке түсіп, ескерткіштің еңселі, көрнекті екендігін көңілдері толқып айтып жатты. Айта кетейік, облыстық филармонияға Кенен Әзірбаев есімі берілгені белгілі. Енді оның алдынан аты аңызға айналған әнші, ақын, композитор ескерткіші ашылып өнер мен мәдениетке құрмет асқақтай түсті десек те болады. Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры Марат Оспан Кенекеңнің бірнеше суретін, құнды құжаттарын әкеліп, арнайы бұрыш әзірлепті. – Мен Қордайдың Кенен ауылында атаның қара шаңырағында тұрамын. Кенен атаның туған немересімін. Көркемжанның баласымын. Атамның атындағы музейде әдіскер болып еңбек етемін. Аңыз адамның қара шаңырағын күзеткеннен жаман болған жоқпын. Атамды іздеп келетіндер көп. Бүгінгі ашылған ескерткішке ұрпағы ретінде әрі толқып әрі қуанып тұрмын. Облыс тұрғындарын мерейтойымен құттықтап, алғысымды жеткізгім келеді, – дейді Кенекеңнің немересі Мұрат Кененов.
«Әуендер әлемі» алаңының ғибраты
Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінің қасынан «Әуендер әлемі» алаңы ашылды. Аумағы 700 шаршы метрден асатын нысан аллея ішінен бой көтерді. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген музыка өнері қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттап, өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ашылған мәдени орынның дәл ортасынан стела тұрғызылған. Оның биіктігі – 6,5 метр. Ескерткіш бағананың айналасына отыз тұғыртас орнатылған. Оларға қойылған алпыс жұлдыз белгісіне еліміздің мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлғалар мен өнер иелерінің есімдері жазылған.
Алаңның ашылу салтанаты Қазақстанның және Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Алтынбек Қоразбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Дос Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновтың Ы.Дүкенұлының ескерткішіне гүл шоғын қоюынан басталды. Бұдан кейін қонақтар стеланың төменгі жағына қашалған Жамбыл Жабаев, Ықылас Дүкенұлы, Кене Әзірбаев пен Бауыржан Шолақтың қанатты сөздері мен өнер майталмандарының есімдері жазылған тұғыртастармен танысты.
Нысанның ашылу рәсімінде Алтынбек Қоразбаев кейінгі жылдардағы өңірдегі өркенді істер туралы айта келе, руханият пен мәдениет бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ол бұл алаңның облыстан шыққан өнер адамдарына деген шексіз құрмет екендігін айтып, алғысын жеткізді.
Әулиеата өңірі еліміздің өнер әлемінде қанатын кеңге жайған жайсаңдардан кенде емес. Олар тек облысқа ғана емес, барша еліміздің мақтанышына да айналған. Қазақ ән-күй өнеріндегі Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Илья Жақанов, Алтынбек Қоразбаев және Мэлс Өзбеков секілді тұлғаларды айтуға болады. Бүгінде осы тұлғалардың ізін жалғап келе жатқан таланттар аз емес.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Әуендер әлемі» алаңына есімі жазылған өнер жұлдыздарына сертификаттар тапсырып, сәттілік тіледі. Олардың қатарында Әбдімомын Желдібаев, Алтынбек Қоразбаев, Мұрат Құсайынов, Нұрлан Байкөзов, Сәуле Жанпейісова, Әбиірбек Тінәлі, Сәрсенбек Бәкіров, Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Гүлмира Ақүрпекова, Гүлнұр Өмірбаева, Тахмина Әшімбекова сынды елімізге белгілі өнер майталмандары болды.
Алаңның ашылуына байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Дос Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновты сөзге тартқанымызда:
– Бүгін біз үшін қуанышты күн. Атақты Асқар Тоқпанов, Кенен Әзірбаев секілді аға-аталарымызға ескерткіш қойылып және біздің замандастарымызға да құрмет көрсетіліп жатыр. Нысандардың ашылуына қатысып, бүгінгі шуақты күндей біз де жадырап, қуанып қалдық.
Сексен жылдық тарихы бар өңіріміз өркендеп, мерейі үстем бола берсін – деген жүрекжарды лебізін білдірді ол.
«Даңқты спортшылар алаңы» ашылды
Облысымыздың спорт саласында жеткен жетістіктері бір төбе. Оны тізбелеп жатудың қажеті шамалы. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің шебері Жақсылық Үшкемпіровті айтсақ та жеткілікті. Елдің мерейін тасытып, абыройын арттырған сайыпқырандарымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады. Өңіріміздің 80 жылдық мерейтойы аясында «Тараз-Арена» спорт кешені маңынан «Даңқты спортшылар алаңы» салтанатты жағдайда ашылды. Іс-шараның ашылу салтанатында бірінші болып грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров сөз сөйледі. – Құрметті жерлестер! Бүгінгі күн – өте қуанышты күн. Бұл – тарих. Сонау Кеңес одағы дәуірінде Серік Қонақбаев деген боксшы бауырым екеуіміз біріміз алтын, біріміз күміс жүлде иеленіп, қазақ елін дүние жүзіне таныттық. Міне, менен кейін де қаншама спортшы ізбасарларым шықты. Олар облысты ғана емес, елімізді күллі әлемге танытып жүр. Саңлақтарымыз мемлекет мәртебесін аспандатып, өздерінің шын мықты екендіктерін көрсете түссін. Олжа салып жүрген жастарымыз көк туымызды көкке көтерген сайын әлем жұрты біздің мемлекетімізді одан әрмен тани береді. Облысымыздың 80 жылдық айтулы датасына келгеніме қуаныштымын. Мұндағы атқарылып жатқан тірліктерге көңіл толды. Мереке құтты болсын! Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін, – деді ол өз ойын түйіндеп.
Бұдан соң бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділовтің бапкері Феликс Цой сөз алды. Ол әйгілі спортшылар мен белгілі бапкерлерді назардан тыс қалдырмай, құрмет көрсеткен аймақ басшысы Асқар Мырзахметовке алғысын білдірді.
Кейіннен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мерейтой туралы ізгі ниетін жеткізіп, есімдері тақтаға қашалып жазылған даңқты спортшыларға куәліктерін тапсырды. Соңынан облыс әкімі Асқар Мырзахметов те саңлақтарға есімдерінің тақтаға жазылғанын растайтын куәліктерді табыстады.
«Даңқты спортшылар алаңын» «Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржыландырған екен. Мұнда биіктігі 3 метр, ені тоғыз метр болатын екі Құрмет тақтасы орналасқан. Құрмет тақтасына өңірімізден шыққан 145 әйгілі спортшының, 96 елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушының есімдері жазылыпты.
Тақтаға есімі жазылғандардың қатарында грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің, аталмыш додада күміс жүлде иеленген боксшы Серік Қонақбаевтың және өзге көптеген Олимпиада ойындарының, әлем біріншіліктері мен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері бар екен. Іс-шара соңында спортқа аңсары ауған жастар даңқты спортшылармен суретке түсіп, қолтаңба алып, бір марқайып қалды.
Ел игілігіне екі жатақхана берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне ресми кірісу рәсімінде тұрғын үй мәселесін шешу бойынша түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударылатындығын баса айтқан еді. Бұдан бөлек, жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов көп балалы аналармен кездесіп, облыста мұқтаж отбасыларға арналып 10 жатақхана салынатынын мәлімдеген болатын. Өңір басшысының тапсырмасымен Тараздағы «Қарасу» шағын ауданында 45 пәтерлі 2 жатақхана ел игілігіне берілді. Осылайша талай жылдан бері кезекте тұрған азаматтар уақытша пәтерге ие болды. Мұқтаж отбасылар бұл жатақханаларды тұрғын үй кезегі келгенше паналай алады. Осы ретте бұл облыстың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған 80 нысанның аясында тапсырылып отырғанын да айта кеткен жөн. – Жалпы, биыл 130-дан аса әлеуметтік нысан тапсырылады. Жыл басында көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға тиісті жағдай жасау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Биыл осындай 12 жатақхананың құрылысы жүргізілді. Соның алғашқылары қолданысқа беріліп отыр. Қалғаны келер жылдың басында тапсырылатын болады. Бұл – әлеуметтік жағынан осал топ өкілдеріне көрсетіліп жатқан көмектің бірі. Негізі, ең басты мәселе – жатақхана емес, баспанамен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Былтыр орта есеппен 30 көп қабатты тұрғын үй салынып берілсе, биыл да осынша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Олардың 20-сы пайдалануға тапсырылса, қалғаны келесі жылға өтпелі. Нәтижесінде аталған нысандар есебінен биыл 2500-ден аса отбасы баспанаға қол жеткізгелі отыр. Соның мыңға жуығы – көп балалы отбасылар, – дей келе, Асқар Исабекұлы тұрғындарды баспаналарымен құттықтап, пәтер иелеріне кілт тапсырды.

Сонымен қатар осы қысқа мерзімде ғимараттардың құрылысын жүргізген мердігерлер мен құрылысшыларға алғысын жеткізген өңір басшысы: «Жатақхана деген тек аты ғана, ал былайша бұл баспаналар екі бөлмелі жеке пәтер ретінде салынды», – деді. Олардың әрбірінің көлемі 35-40 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған 90 пәтердің әрқайсысында жатын және қонақ бөлмелері, ас және жуынатын бөлмесі мен әжетханасы бар. Ал пәтерақысы – айына 3500 теңге. Бұған қоса, облыс әкімі тілге тиек еткендей, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Президент тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шаһар бойынша жаңа жылға дейін әлі 80 пәтерлік 4 әлеуметтік тұрғын үй беріледі. Көп балалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 323, сонымен қатар қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда «Қарасу» және «Арай» шағын аудандарында әлеуметтің осал топтарына арналған 6 көп қабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүргізілуде.
Орта Азиядағы теңдесі жоқ нысан
Орта Азиядағы теңдесі жоқ, шоқтығы биік, тағылымы бөлек «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің ашылу салтанатына 800-ге жуық адам қатысты. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң бабалар рухына құран бағышталды. Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев сөз алып, Тараздың тарихи болмысын айшықтап тұрған кешеннің маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі соңғы екі жылдағы оң өзгерістерге тоқталды. Ежелгі Тараз қаласының төл тарихын толығымен бейнелейтін «Тектұрмас» этнотарихи кешені Талас өзенінің жоғары жағалауындағы «Тектұрмас» төбесінің биік беткейінің 24 гектар аумағын алып жатыр. Тарихи кешен – Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде әрі демалыс орны негізінде халқымыздың рухани дүниесін байытып, туризмді дамыту мақсатында салынған. Ғажайып кешен Тараз қаласының барлық кезеңдерін қамтитын бірнеше архитектуралық құрылымдардан тұрады және сан ғасыр болған тарихи оқиғалардың толық хронологиясын көруге мүмкіндік береді. Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіреберіс жерде екі үлкен стела тұрғызылған: дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс Түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным-сеніміндегі тәңір құсы Самұрық құстың бейнесі көрсетілген. Көпірдің екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт образы бойынша жасалған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылған. Ежелгі мифологияда аңдардың патшасы арыстан өз аумағы мен өз үйірін қорғайтын, билік пен байлықтың символы болып есептелген. Осы жерде «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің паспорты жазылған. Бұл – киелі аумақ. Сол себепті бұл қасиетті жерде шылым шегуге, ішімдік ішуге, ластауға, қоқыс тастауға, балағат сөздерді айтуға тыйым салынатыны ескертілген. «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің кіреберістен-ақ айбатын арттырып тұрған – «Көне Тараз» қақпасы. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі – 10 метр, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар, ортасындағы қасбеттері әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген. Айталық, бірінші беті «Тектұрмас этнотарихи кешені» деген жазумен әшекейленсе, екінші бетінде «Тарих – тектіліктің белгісі» деген сөздер жазылған. Қақпаның екі шетіндегі мұнаралардың іргетасы жергілікті табиғи тастан қаланса, ал қабырғалары тау-кен жынысы – травертинмен қапталған. Мұнаралардың алдыңғы жағында бойы – 2 метр, ал салмағы 300 келі найза мен қылышпен жасақтанған сауытты екі жауынгердің мүсіндік бейнелері керемет үйлесім беріп тұр. Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен оның ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Яғни құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынып отыр. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан тұлғалар – он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері, билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған. Олар – Алып Ер Тоңға (б.д.д. VIII-VII ғғ.) – аты аңызға айналған Тұран билеушісі, Шу Қаған (б.д.д. IV-III ғғ.) – ежелгі сақ дәуіріндегі билеуші, Шөже (б.д.д. І ғ.) – қаған. Ежелгі Тараздың іргетасын қалаушы, Естемі (VI ғ.) – қаған. Батыс Түркі қағанаты, Тон Йабғұ (VIІ ғ.) – қаған. Батыс Түркі қағанаты, Сұлу (VIІІ ғ.) – қаған. Түргеш қағанаты, Сатұқ Боғра (Х ғ.) – қаған. Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы, Шах Мансұр (ХІ ғ.) – қаған. Қарахан мемлекеті, Тектұрмас (ХІ ғ.) – діндар. Абыз Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.) – әйгілі шығыс ойшылы, «Құтты білікті» жазған, Махмұд Қашқари (ХІ ғ.) – атақты «Диуани лұғат ат түрк» энциклопедиясын құрастырушы, түркі ғалымы, Дәуітбек-Дадбек (ХІІI ғ.) – ұлы билеуші. Текті қолбасшы, ғалым. Қылыш пен қалам иесі Қайду (ХІІІ ғ.) – хан. Талас құрылтайын ұйымдастырушы Захир Әд-Дин Бабыр (ХV-ХVІ ғғ.) – Моғолстан мемлекетінің негізін қалаушы. Осы қағандар мен ғұламаларды тамашалап, баспалдақпен жоғары көтерілсеңіз, Тараз қаласының негізгі символы – ұлы бабамыз Әулиеатаның еңселі ескерткіші алдыңыздан шығады. Салмағы 10 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан жасалған ескерткіш тұғырының биіктігі – 8 метр, ал мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Алып тұлғаның болмысын барынша ашуға басымдық берілген. Мүсіннің әр бедер, бөлік, кескіндемелеріне дейін аса ыждаһаттылықпен, ерекше ықыласпен сомдалған. Мәселен, белдігі құдірет пен биліктің, ал ақ сақалы ұлылық пен даналықтың символы. Батысқа байыппен қараған ұлы бабамыз, Тараз қаласы халқының бақуатты және берекелі өмір сүруіне өз батасын беріп тұрғандай. Айта кетерлігі, бұл биіктігі мен салмағы жағынан да республикадағы алып ескерткіш. Одан беріде, «Тектұрмастың» Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңшасы орналасқан. Бұл алаңда самғап ұшқан құстың биік деңгейінен Тараз қаласының тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік жасалған. Тамашалау алаңшасының ортасында арнайы биік тастан жасалған билік белгісі – Лауха тұғыры орнатылған. Символикалық белгінің ең ұшар басында әлемді жаратушы Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі ұлы сөзі «Алладан басқа ешбір тәңір жоқ.

Ол тірі, толық меңгеруші» деген Құран аяты жазылған. Лауханың осы Құран аятынан кейінгі астыңғы жағында түркі халықтарының тастағы тарихы – Күлтегіннің көне руна-түркі тіліндегі жазуы бейнеленген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен салынған алып архитектуралық құрылыс мұнымен тоқтап қалмайды екен. Жоспарда екінші-үшінші кезеңдері бар. «Тектұрмас» этнотарихи кешені қосымша тарихи және танымдық нысандармен кеңейтіледі. Сондай-ақ ежелгі қалалар мен қамалдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес, ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көрінісі салынады. «Көне Тараз» қорғаны ежелгі керуен-сарайлар мен цитадельдердің дәстүрлі архитектуралық бейнесі бойынша жасалады. «Көне Тараз» қорғанынан Әулиеата ескерткішіне дейін және әрі қарай жағалай созылып, демалыс аллеясы бой көтереді, оның екі жағында Тараз қаласы мен облыстың аудандарында орналасқан 26 қасиетті тарихи орындардың кішірейтілген үлгідегі макеттері жайғасады. Әулиеата ескерткішінен «Көне Тараз» қорғанына жалғасып жатқан жол бойында қазақ жері тарихын түбегейлі өзгерткен ең ірі ұлы шайқастар – «Атлах» шайқасы мен «Аңырақай» шайқасының тасқа қашалған тарихи бейнесі монументалдық қабырға бетінде көрініс табады. Тарихи кешеннің төменгі жағында, монументалды қабырға мен Талас өзенін жалғайтын, тау басынан төгіле ағып жатқан каскадты су сарқырамасы салынады. Осы өзеннің жағалауында кешенге келетін туристер мен жергілікті тұрғындарға қызмет көрсету нысандары, қонақтарға арналған дәмханалар мен демалыс орындары, ал Талас өзенінің үстінде аспалы көпір орналасады. Бұл көпірдің үстімен серуендеуге мол мүмкіндік ашылады. Одан кейін төбенің сол жақ беткейінде аспалы жол стансасы бой көтереді. Бұл аспалы жол «Тектұрмас» этнотарихи кешенін Тараз қаласының орталығында орналасқан «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын байланыстырып, туристерге қаланы биіктен тамашалауға мүмкіндік береді. Яғни алдағы жылдары мұнда тағы да бірқатар нысандар бой көтеретін болады.
Ашық аспан астындағы амфитеатр
Барша жамбылдық жұрт тағатсыздана күткен 80 жылдық торқалы той қарсаңында «Ретро-фестиваль» амфитеатрының да ашылу салтанаты өтті. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орын тепкен амфитеатрдың ашық аспан астындағы сахнасында алдағы уақытта халықаралық байқаулар, конкурстар мен өзге де өнер бәйгелері, мерекелік кештер өтетін болады. Сахнаның жалпы аумағы екі мың шаршы метрді құраса, ұзындығы – 32, биіктігі 7 метрден асады. Қазақстан бойынша әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау қалаларында ғана бар амфитеатр мың адамнан астам көрерменге арналған. Ашық аспан астында өткен мерекелік кештің ашылу салтанатында сахнаға алдымен киелі Әулиеата өңірінің тарихынан сыр шертетін театрландырылған көрініс қойылды. Мұнан соң мінберге актер, режиссер, өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов көтеріліп, жерлестерін мерейлі күнмен құттықтады: – Ассалаумағалейкум, қасиетті де киелі Әулиеата өңірінің ақкөңіл де адал жұрты! Бүгін менің көңілім ерекше толқып, мерейім тасып тұр. Себебі қайталанбайтын сәт, ерекше оқиғалардың куәсі болудамын. Бүгін жеті қат жердің астында жатқан ата-бабаларымыздың әруақты даусы құлағымызға естілген күн, бүкіл қаймана қазақтың жоғалғаны табылып, өшкені жанған күн болды. Дәл қазір қуаныштан жарылардай жағдайда тұрмын. Қуаныштан жарылған жүректің бағасы өте қымбат болады ғой деп ойлаймын. Аз ғана уақыт аралығында осыншама керемет құрылыстарды ел игілігіне беріп, қаншама ғасырлық тарихты осылайша елге табыс еткен өңір басшысына зор алғыс айтамын. Қазақ өмір бойы жарқын болашақты, кемел келешекті күтіп келген халықтың біріміз ғой. Ұлттық намысты оятатын болашақтың бастауы міне, бүгін басталғандай. Бұл бір жарқын келешекке басқан батыл қадамның бірі деп білемін. Жамбыл облысының 80 жылдығы, мынандай ұлы істердің куәгері болғандарыңыз құтты болсын, ағайын! – деді ол. Келесі кезекте сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы: – Еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кез келген елдің ұлттық коды болатындығын айтқан еді. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Бүгін біз ұлттық тамырымыздан нәр алатын мөлдір бұлақтың көзін ашып отырғандаймыз. «Ей, қазағым, міне, сенің тарихың!» деп үлгі ретінде көрсететіндей ғажайып нысандар бой көтергеніне шаттанып тұрмын. Өйткені Ұлы Даланың төл әдебиеті, төл мәдениеті жаңғырып, ер Баукеңнің, Қайрат Рысқұлбековтей Желтоқсанда атой салған өр ұлдарымыздың, өмірден озған Шерағаңдай кісілердің әруақтары риза болатындай ауқымды тірліктер еңсерілді.
Айналайын жамбылдықтар, әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жерің, кереметтей мәдениет пен өнер қалдырған ата-бабаң, жиырма ғасыр бұрын имандылық пен руханият келген Тараздай шаһарың бар! Барыңды бағалай біл, қазақ! Барыңмен мақтана біл, қазақ! Той құтты болсын, ағайын! – деп жиылған жұртты жігерлендіріп тастады.
Ал Орталық Қазақстандағы туризм қауымдастығының президенті Майя Ағаділова «Туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын Жамбыл облысы бірінші болып жүзеге асырып жатқандығын тілге тиек ете келе, Тараздың туристер тартатын үлкен орталыққа айналуына тілектестігін білдірді.
Мұнан соң халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы жамбылдық жамағатқа жыр шумақтарын арнады.
Іс-шара соңы Бағдат Сәмединова, Гүлмира Ақүрпекова, Гүлнұр Өмірбаева, Саят Медеуов, Тахмина Әшімбекова сынды облыстан шыққан өнер жұлдыздарының концертімен аяқталды.
Еліміздегі ең үлкен «сағат» стеласы және арбат
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ашылған тағы бір нысан - алаңның ортасында орналасқан биік «Сағат» стеласы. Ол шаһардың кез келген бөлігінен жоғарыдан қарағанда көрінеді. Стеланың биіктігі – 40 метр болса, сағаттың диаметрі – 4 метр. Мұндай үлкен сағат еліміз бойынша алғаш болып біздің облыс орталығында бой көтерді. Алып сағат тілі Нұр-Сұлтан қаласының уақыт өлшемімен бірдей жүріп отырады. Әрбір сағат сайын қоңырау соғылып, зорайтқыш дыбыспен белгі беріледі. «Сағат» стеласы бейнебір өткен мен бүгінгі уақытты үндестіріп тұрғандай. Аталған кешендегі ірі нысанның бірі – көрме залы. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 2830 шаршы метрді құрайды. Онда конференция, семинарлар, стационарлық және жылжымалы көрме, бизнес-форумдар, көрме-жәрмеңкелер, облыс тауар өндірушілерінің, халық шаруашылық жетістіктерінің көрмелері ұйымдастырылып тұрмақ. «Көне Тараз» этномәдени кешенінің бір бөлігі ретінде «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы ашылды. Бұл – тұрғындар үшін тынығуға арналған таптырмас орын. Арбатта сегіз бұрышты 4 субұрқағы орналасқан, жанға сая болар шатырлы орындықтар қойылған. Көне Тараздың қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған жәдігерлердің макеттері де қойылыпты. Арбат «МАРТ» ойын-сауық сауда орталығынан Аққозиев көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Бір атап өтерлігі, бұған дейін облыс орталығында жаяу жүргіншілерге арналған мұндай Арбат болған емес. Енді алдағы уақытта «Арбат-1», «Арбат-3» жобалары да жүзеге аспақ.
Музей – көненің көзі, тарихтың өзі
Мерекенің шарапатын облыстық тарихи-өлкетану музейі де көріп отыр. Енді музей қызметкерлері жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Ғасырлар тарихынан сыр шертетін 65 мыңнан астам жәдігері бар музей үйі мерекеде тұсауы кесілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің бел ортасына орналасқан. Мекемеге облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған зиялы қауым өкілдерімен бірге өлке тарихын тереңдете зерттеген тарихшы-ғалымдар келді. Ежелгі шығыстық үлгіде салынған музей ғимараты екі қабаттан тұрады. Оның жалпы аумағы 4015 шаршы метрді құрайды екен. Мұндағы тарихи жәдігерлер «Тарихқа дейінгі кезең залы», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы», «Әулиеата кезеңі» сынды залдарға топтастырылған. Әрбір жәдігер түрлі дәуірдегі өлке тарихынан сыр шертіп, сол замандағы өмір сүру дағдысын көз алдыңа әкеледі. Ал «Тараз қаласының тарихы», «Әулиеата кезеңі» деген атауға ие болған залға шоғырланған жәдігерлер 2000 жылдан астам тарихы бар шаһардың өткеніне шолу жасауға мүмкіндік береді. – Осы облыстағы ортағасырлық қалалардың орнына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген адаммын. Тараз қаласының орнындағы қазба жұмыстарын жүргізуге де біркісідей қол ұшын бердім. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ұлы көштің жолымен» атты тарихи экспедициясының жұмысы барысында Мойынқұм ауданындағы Хантаудың баурайынан «Керейдің қыстауы» табылған еді. Бұл Қазақ хандығы туының шынында Жамбыл өңірінде тігілгенін растайтын бұ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді