Бірге қуанайық, бауырлар!

Бірге қуанайық, бауырлар!
ашық дереккөз
Бірге қуанайық, бауырлар!

Тектіліктің тереңге кеткен тамыры бар

 width=Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.

Еліміздің рухани жаңғыру дәуіріне өзінің жан-жақты жақсы істері мен жаңалықтарымен келіп отырған Жамбыл жерінің 80 жылдық шежіресі Қазақстан тарихының, ұлттық құндылықтарының абыройы асқан аймағы болып есептелінеді. Оған ешкімнің де күмәні жоқ. Бұл аймақта тектіліктің тереңге кеткен тамыры бар. Сол арқылы кезегімен келіп жатқан ұрпақтары келешекке деген зор сеніммен өніп-өсіп келеді. Бұл дегеніміз – Қазақстанымыздың мәңгілігі дейтін ұстанымға айқын адалдықтың белгісі. Мұндайда сол өңірдің тумасы, қазақтың Шерағасының «Елің аман болсын, нұр жаусын» деген азаматтық және қайраткерлік сөзін арнап отырмын. Білгенге бұл сөзде терең мән мен мазмұн бар. Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы құтты болсын! Өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар аман болсын. Тарихтан тамыр тартқан аймақтың шығар биігі мен алар асуы азаймасын!

Өскемен.

қазақылықтың қаймағын сақтаған ел деп білемін

 width=Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Қазақтың қай өңірін алсақ та қасиетті, қастерлі. Соның ішінде Әулиеата топырағының, Жамбыл жұртының орны бөлек. Бұл өңірді қазақ даласының ерекше қаймағы, әулиелер елі, батырлар мекені деп бағалаймын. Неге? Өйткені Қаратау мен Алатаудың арасын жайлаған Жамбыл халқы өз ұлтымыздың дәстүр-салтын, қазақы болмысын бар қалпында сақтап қалды. Жамбылда туып, мұқым қазаққа қызмет еткен тұлғалар да баршылық. Арыға бармай-ақ, соның ішінде өзім көзін көрген Бауыржан Момышұлын, Шерхан Мұртазаны үлгі қылып айтар едім. Ендігі ұрпақ сол Баукеңнің батылдығын, әділдігін бойына сіңірсін. Шерағаның шыншылдығын, намысшылдығын ту етсін. Әсіресе қыздарымыз сол аталардың сара жолын, дара соқпағын кірлетпесе екен. Жамбыл облысының 80 жылдық тойы құтты болсын! Қасиетті жұрт еркіндік пен егемендіктің қызығын көре бергей!

Атырау.

«Атыңнан айналайын, Әулиеата»

 width=Серік Ақсұңқар, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Жыр алыбы «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деп жырлаған Жамбыл жері – Құдайдың көзі түскен өңір. Талай тұлғалар мекен еткен өлкемен қалай мақтанса да болады. Өйткені Жамбыл жері – қазақ руханиятының ордасы. Қасиет дарып, құт қонған өңір Тараз тарихы мыңжылдықтармен астасып жатса, Жамбылдың атындағы облыстың құрылғанына 80 жыл толып отыр екен. Таяуда Таразға табанымыз тиген еді. Сол кезде көне шаһардың жаңа келбетін көріп көз сүйсінді, тамсандық. «Жеңіс» саябағындағы жемісті істерді көріп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскерлігіне разы болдық. Шаһар түгелдей түрленіп, тотыдай таранып, құлпырып кетіпті. Тектілердің кіндік қаны тамған облыстың 80 жылдық торқалы тойы – қазақтың мерекесі. Берекелі тірлік пен ынтымақты алға шығарған аймақтың жұлдызы жарқырай берсін. Мереке құтты болсын, жамбылдықтар! Тек дамудың даңғыл жолынан көрініңіздер!

Қарағанды.

 width=Тілеулес болып жүреміз

Мархабат Байғұт, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Түркінің төрі Түркістан мен тарихы терең Тараз – Әулиеата өңірлерінің өзегі бір. Тәңір тауы мен қара шаңырақ Қаратауы да, өзге таулары мен даласы да ортақ. Қатарлас, қанаттас, көршілес, еншілес Жамбыл облысының 80 жылдығы – біз үшін бөлекше мереке, ерекше қуаныш. Құлақ түріп, шығандай шырқаған ән-әуендеріне шаттанып, тың тыныстарына жүрек тебірентеміз. Жарыскер, нақ іскер, табыскер әкім бауырымыз Асқар Мырзахметовтің ізгілік іздері, тынымсыз тірліктерінің жемістері шырайлы, шұғылалы, шуақты Шымкентте, бүкіл Түркістан облысында сайрап жатыр. Асанбай Асқаров пен Асқар ініміздің аттары қатар аталады. Жамбыл өңірінің әр ауданындағы, Тараздағы құлшыныстары мен ұмтылыстарына ел риза. Алғыс жаудырып, тақым қыса тілеулес болып жүреміз. Жамбылдықтардың бәрін мерейлі мерекемен құттықтап, бақ-береке, ырыс-ынтымақ, мықты денсаулық тілейміз. Жұлдызы жоғары Жуалыда, Боралдай өзенінің басындағы мектепте оқығандықтан, туған үш әпкемді, туысқан он шақты әпкемді сол ауданға ұзатқандықтан, балалық шағым сол ғажайып ауылдарда өткендіктен, «Таудың ар жағына» тебіренісіміз – төтенше, сағынышымыз – бөтенше. Бірге қуанайық, бауырлар!

Шымкент.

Ұқсас жаңалықтар