«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Негізгі мақсат – сот - құқықтық реформаны жетілдіру

Негізгі мақсат – сот - құқықтық реформаны жетілдіру
ашық дереккөз
Негізгі мақсат – сот - құқықтық реформаны жетілдіру
Облыстық соттың 80 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Оған облыстық соттың ардагерлері, облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, мемлекеттік қызметшілер қатысты. Сексен жылдық тарихы бар облыстық сот ұдайы әділдікті ту етіп келеді. Оның тарихы облыс жаңадан құрылған 1939 жылдың қарашасынан бастау алады. Жергілікті билік органдары құрылып бітпей жатып, өз алдына шаңырақ көтерген облыста бірінші болып өз міндеттерін атқаруға судьялар кіріскен. Сол жылы 3 қараша күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен облыстық соттың бірінші құрамы бекітіліп, сот басшылығына Атамқұл Жаңабаев тағайындалды. Облыстық соттың бірінші құрамына алты судья кірді. Бұдан соң облыстық соттың төрағасы қызметін Тәңірберген Әділбаев, Әбілқай Жұмабеков, Меңдияр Дәулетов, Демеуғали Демесінов, Берген Баталов, Дабыл Жұбанышев, Абдуахап Садуақасов, Борис Кенжебаев, Мақсұт Әбілқайыров, Мұсабек Әлімбеков, Эдуард Иовов, Нұрғожа Чиняев, Марғұлан Бектұрғанов мінсіз атқарды. Бұл азаматтардың әрқайсысы сот жүйесінің қалыптасуы мен отандық сот әділдігі жолында қызмет етті. Жоғарғы Соттың төрағалары болған Мұсабек Тұрғынбекұлы мен Бектас Әбдіханұлы сияқты ағаларымыз Жамбыл облыстық сотында қызмет істегендігінің өзін үлкен мақтанышпен айтуға болады. Бұл тұлғалар тек облыста емес, республика аумағында мәртебелері биік. Облыстық сотта ұзақ уақыт қызмет етіп, ауыр жүкті бірлесе көтере білген ардақты аға-апаларымыз да аз емес. Олардың ішінде А.Дармурзаев, А.Нарматов, Л.Романова, Л.Калентьева, Қ.Баймолдин, К.Утеулина, З. Жумахметова, Н. Мұратова, Е.Лозовецкая, Г.Тер-Томасова, Н.Байкенжеева, Қ.Жасұзаққызы, У.Қайманова, Н.Садығұлов, А.Агулешова, М.Мырзақұлов, Ұ.Жаржанова, Д.Қазкенов нағыз өз ісінің мамандары, келесі ұрпаққа өнегелі жолын көрсете білген азаматтар. Облыстық сотта қызмет етіп, үлкен белестерді бағындырып, Жоғарғы Сот судьясы атанған Асқар Спартакұлы мен Ғазиза Шәмшидинқызын атап өтпеуге болмас. Жоғарғы Соттан құрметті демалысқа шыққан Дүйсен Тұмабеков пен Алтынай Баймұратованы мақтан етіп, үлгі тұтамыз. Тәуелсіздік алғалы елімізде сот жүйесі түбегейлі өзгерді, оның қызметі жаңа сипатқа ие болды. Азаматтардың сотқа деген сенімі артып, судьялар мен судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Соттың қоғамдағы орны да өзгерді. Бұрын билік те, қоғам да сотты жазалаушы орган ретінде қабылдап келсе, ендігі жерде сот жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын институтқа айналды. Жергілікті соттардың рөлі артты, судья кадрларын іріктеу мен тағайындаудың жаңа моделі жасалды. Соңғы жылдары соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру, инновациялық технологияларды кеңінен қолдану, сот жүйесіне татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу шаралары батыл жасалуда. Негізгі мақсат – еліміздегі сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдіру. Бүгінде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген реформалар сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне оң ықпал етіп отыр. Бұл тұрғыда судья лауазымына елеулі кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар тұлғалардың тағайындалатынын атап өткен жөн. Соңғы жылдар отандық сот жүйесі дамуының маңызды кезеңі болды. Ұлт жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған 17 заң жобасы дайындалды. Сот процестері түсінікті, қолайлы және ақылға қонымды болып, олардың жайлылығы артты, облыс соттарында қазіргі заманғы және келушілерге қолайлы фронт-офистер ашылды. Қазақта «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Еліміздің сот саласында жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларды өз деңгейінде жүзеге асырып, сот төрелігінің дамуы мен сот әділдігінің кәсіби деңгейін көтере білген ел ағалары мен қайратты қызметкерлері бар облыстық соттың құрылғанына бүгінде 80 жыл толып отыр. 80 жылдық тарихы бар соттың бүгінде жұмыстарын жандандырып келе жатқан судьялар корпусы мен мемлекеттік қызметкерлердің алдағы уақытта еңбектері еленіп, жемісті жетістіктерге жетіп, еліміздің жарқын болашағына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге, халықтың сенімін арттырып, сот жүйесіне көптеген жаңалықтар алып келетіндеріне кәміл сенемін! Ғалым КҮЛЕКЕЕВ, «Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы» РҚҚ облыстық филиалының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар