Фәнилік драма (рубаяттар)
– Келмесе де әзәзіл тіліне ергің,
Жолын қума жолбике «ірілердің».
Заңды сыйла, ей, шырақ! Талап етем,
Заңды жазған депутат бірі – менмін.
* * *
– Болсам да дос баламен – келешекпен,
Бір досым жоқ, о, сұмдық ересектен!.. –
деп ем Һәйям, Хафиздер дүрсе қойды:
«Біз қайдамыз?!.. Шығардың неге есептен!?..».
* * *
– Ауырған да жақсы екен!.. Нанамысың?
– Әзілің бе... жоқ әлде баламысың?..
– Жазылатын күніңді той күткендей
күтсе ағайын – жан рахат табады шын!
* * *
– Түнерместен бұзылған шақта шырық,
Жарқылдайсың жатпай-ақ бақты асырып!..
Сендей болса-ау жан біткен кетер ме еді,
Мына дүние қабағы қатты ашылып?
* * *
– «Мына жұрттың деп санап бәрін қасың,
Өзіңе-өзің дүниені тарылтасың!..».
Қанша айтсам да осыны бір қоймадың...
Ал мен қойдым!.. Бетіңнен жарылқасын!..
* * *
Ойы – бұзық, ізгілікті сөз еткен –
Әне, нағыз тебетін жау өзектен!
Бақтың құсы қонса соған, бұрынғы
жаман күнің болар жақсы тез өткен...
* * *
– Дүниенің түссем де жолына қай,
Жер-жаһанда жаныма толып арай...
Бір түс көрдім!.. Қажет пе – ақыл берем,
Ал түсімді... берем, дос, оны қалай?
* * *
– Дегенмен, «Ала бергін, қопарып қал!»
Жұлынып, түбірінен оталыпты Ар!
– Жыртқыштық. Ал жыртқыштың түптің түбі
алдынан ашылатын зоопарк бар...
* * *
– Жылы лебіз... О, шіркін жылы лебіз!..
Жақсылықтың жарқылы мұны деңіз.
Жабырқау жан жапырақ жайса қайта,
Көңіл көзге тосады гүлін егіз...
* * *
Құлап таудан қаптаған басына мұз,
Тоқтау болмай ол таудың тасы да құз,
Асықса өзен теңізге... өлгені де...
Ал біз байғұс қайда осы асығамыз?
* * *
Сезіледі «Өрте, мейлі, сілте!» деген,
Білмеймін – енді әйтеуір ірке берем.
Неге іркем?.. Білемін ғой кетерімді,
Келмеске ертең кетер бір кемемен...
* * *
– «Өлсем» деуің... Ей, мұның одағай тым!
Сен емессің ажалды жобалайтын.
Керектеусің, мен білсем, сен фәниге,
Бақида көп сендейді он орайтын.
* * *
– Мен осы қашан мәз боп көңілденем?
Не қызық бар көзге әлі көрінбеген?..
Заманмен бір келісіп, бір келіспей,
Әйтеуір өтіп жатыр өмір деген...
* * *
– Құшса да құйрығы от, жалы жалын,
Қорғасқан жаудан қазақ жанын, арын,
Тұлпардың көзісің ғой, аман жүрші,
Тортөбел, айналайын, жануарым!
* * *
Бақпен, тақпен қоштасса жылап адам –
Есуастау немесе сірә надан.
Қайдан тұрсын бақта олар тұратындай
аспанда Ай, Күн барында мына ғалам?..
* * *
Келмейтін дос яки туыс деуге,
Көбейді-ау, көп ішінде қуыс кеуде!
Неліктен? Зардабы ма замананың?..
Онда оны зорлаған кім мұны істеуге?..
* * *
– Екіленіп, екі езу сабынданып,
Өлең жазғыш өлермен жанын жанып!
– Өлең дейсің... сандырақ шығар ертең
тұра алмайтын ой-сезім шамын жағып?
* * *
Естігенім данадан сұрап тұрып:
– Анықтайды тағдырды бір-ақ қылық!
Асқарына адамдық ап шығар ол,
Жіберер де тағы сол құлаттырып...
* * *
Жаңа әлгінде түс көріп бір ғажайып,
Түрлі кірбің сейіліп, мүлде азайып,
Мөлдіреді көңілім көк аспандай!..
Түспен бірге болмаса-ау бұл да ғайып...
* * *
Кезде өзіңнен Күн мен Ай тасаланған,
Қайғыдан да таяныш жасап алған,
Сенде қандай құдірет?.. Әй, шамасы...
бәрі солай жаратқан Жасағаннан.
* * *
Шыннан ба осылардың теңі еткені?
Тіл табам қалай ғана, не деп тегі?!..
Айналам абалаған ит боп тұрса,
Арсылдап мен де үруім керек пе еді?..
* * *
– Мендегі сен сүйінген сөнді жалын...
Білмеймін не боларын енді, жаным.
Жылытып жүр тек жалғыз Күн – сендік рух,
Байғұсты көзі мұңды, көңлі жарым...
* * *
– Қара, дос, мына заман бой-басына:
Зұлымдық көрдің бе – оны жой, жасыма.
Қайсар бол! Жан-жүрегің айналмасын,
Күйреген күресіңнің қоймасына!..
* * *
Өмір деген ғарасат жорықта адам,
О, нелерге бетпе-бет жолықпаған?!
Бейнет, ләззат, қиянат, құлау, самғау...
Өтер бәрін өрлікпен қорықпаған.
* * *
Сезім де бір асау ат ерттелмеген,
Басын ала қашатын серт-кермеден.
Әлде жайдың оты ма ішке түскен?..
Бір керемет әйтеуір зерттелмеген.
* * *
– О, Шындыққа адал құл бола алғандар,
Ортаңда оттан он рет оралған бар.
Алла берер сендерге жәннаттан жай,
Бұл дүниеден әйтсе де жоғалмаңдар.
* * *
– Жаман, жалпы, туыстан алыстаған,
Дінде бұлай етпеуі табысталған.
– Дұрыс-ақ қой... Бірақ та бір туса да,
Кәззап «қазақпын» десе – намыстанам.
* * *
«...Аққудың көлге тамған көз жасындай...» –
Білемін әннен мұндай сөзді асыл қай?!
Ол көз жас өз көз жасыма қосылды да,
Бір өксік өртей берді тез басылмай...
* * *
Шешсем де көп ойлаумен түйінді не,
Бір сұрақ қинаумен жүр күйіндіре:
Зұлыммен жұлқысқаннан гөрі адамға,
Сырласу сыр берместен тиімді ме?
* * *
Ербең-ербең мінберге төніп келіп,
Көбік сөзбен кетті аузы көбіктеніп.
Арсызды да «арқалы» деп жатса жұрт,
Сол ғой берген жын шатыс желікке ерік.
* * *
– Елжіретті-ау сол кезгі елестерің!
Сен бойжеткен, мен жігіт емес пе едім...
Енді бізге қалғаны қалқалау ма,
Сезімдердің іштегі егескенін?
* * *
Көрместей ой-көзбен оң, солыңды анық,
Бұл дүние кетті-ау әбден қоңырланып!
Қоңыр ән, қоңыр өлең... қоңыр залда,
Тек солар отыр биік орынды алып.
* * *
Жақсылыққа жамандық қапталдаса,
Қапырық кеш орнатты-ау, қаптар маса!
Заман жүзі жарқырап тұрар ма еді,
Оңбағандар оңдырмай дақ салмаса?
* * *
– Не қалдырам?.. Мың тәубе, бала-шаға...
Өзімнен із... Қалмауы жараса ма?
Құс не балық емеспін, көктен, судан
ізін тірі жан таппас қараса да...
* * *
Ая, сенде пайымды жүрмес шыдап,
Бола алмадың маған да білмес сұрақ.
Кісі таныр жастамын, меніменен
түспен емес, ішпенен тілдес, шырақ!
* * *
– Жан-жүректі ауыр бұлт – торлайды арман,
Керегім жоқ... күтіп пе ем мұндайды алдан.
– Салтымыз ол!.. Қазаққа қартайғанда
Төле би де тым керек болмай қалған.
* * *
Көр тышқанша тықпыштап алғандарын,
Орынтақта тоздырған шалбарларын,
«Пысығың» көп, халайық! Қалайды олар
Рамзес боп төрде әлі қалғандарын...
* * *
– Көңілім көркем! О, ешкім бұзбаса екен,
Көркемдеген өнерін сызбаса екен!..
Жылпың-жылпың ете ме-ау мына өмір?..
Жылпыңдардан алатын қыз да секем...
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Өлең сөздің зергері – Қадыр ақын
- 28 қаңтар, 2025
Жаңа кинотуынды «Жүз жылдық жалғыздықтың» жүгін арқалай ала ма?
- 27 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді