«Тәуелсіздік - тірегім, Елбасы - айбарым!»

«Тәуелсіздік - тірегім, Елбасы - айбарым!»
ашық дереккөз
«Тәуелсіздік - тірегім, Елбасы - айбарым!»
Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне және келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне орай Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тірегім, Елбасы – айбарым!» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Оған жыр додаларда сәтті өнер көрсетіп жүрген он айтыскер қатысты. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев сөз сөйлеп ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазылар алқасының төрағасы, облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков айтыстың сәтті өтуіне тілектес екенін жеткізді. Мұнан соң айтыс тараздық Дидар Апбасов пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ербол Елшаттың арасындағы сөз додасымен басталып кетті. «Қиын ғой дәнегінің дәмін білу, жаңғақты еңбектеніп шағып көрмей» деген теңеуінен-ақ Ерболдың деңгейі байқалып тұрды. «Бүгінгі Ерболдардың айтысуы, кешегі Ерболдардың арқасында», – деп Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын жырға қосқан Д.Апбасовтың да лайықты қарсылас болғаны анық. Екінші жұптағы меркілік Мейіржан Жекебаев пен жуалылық Әуесхан Үркімбаев арасында да қос құрдастың жарасымды айтысы өрбіді. Дегенмен «Таласым тағылымыңнан айналайын, әр баласы лайықты қайраткерге» немесе «Облыстың 80 жылдық мерекесін, 80 күн жырласам да таусылмаймын» деген Мейіржанның қарсыласынан бір саты жоғары екені сезіліп тұрды. Байзақтық Дидар Басықараев пен таластық Нұржан Манатбектің айтысына да көпшілік қызу қолдау білдірді. Байзақ ауданының мақтанышы Дархан Әбдіманат пен Жамбыл ауданынан келген Нұрлыбек Құрманов сахнаға шыға келгенде, таластықтардың құрметі ерекше болды. Дарханның: «Нұрлыбек сенің сыйқың жаман екен, жігіттің науқастанып жүргеніндей. Біз келген қарт Қаратау қаласының, «сносқа» кетіп қалған үйлеріндей», – дегені елді дуылдатса, Нұрлыбектің: «Ауданның жаңа әкімі Қазанбасов, ол үйлерді «сносқа» жібермейді. Қаратаудың бар-жоғын түгендейді», – дегені сәтті шықты. Нұрлыбек тақырыпты аша жырлап, Таластағы әр ауылды жырына қосуымен де ерекшеленді. Соңғы жұпта сарысулық Алик Бекмұсаев пен таластық Есет Досалы сөз қағыстырды. Жұрттың асыға күткен айтысы да осы болатын. Соны сезгендей Алик Бекмұсаев: «Әрі жүргізіп, әрі айтысатын екіжүзді ақынмен шығып тұрмын», «Құдаға мінгізетін атың қайда?» – деп бірден қатты кетті. Есеттің «Екіжүзді ақын демей мына мені, сегіз қырлы, бір сырлы демейсің бе?» немесе «Айтыстың ең соңына шыдасаңшы, құдаға конвертпен ат береміз», – дегені сәтті шықты. Аликтің: «Сойылатын лақтай боп бақырасың» дегеніне Есет: «Біздің Талас соғымға жылқы сояды, сіздің аудан секілді лақ соймайды», – деп жауап беріп, «Елбасы елдің асқақ абыройы, мұныма қане кімдер таласқандай. Тәуелсіздік көгінде желбіресін, қастерлі көк Байрағым көк аспандай» деп тақырыпты да әдемі жырлай білді. Айтыс соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбаев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Нұрсұлтан Манатбек қазылар мен айтыскерлерге алғыс білдірді. Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі таластық Есет Досалыға берілсе, сарысулық Алик Бекмұсаев жүлделі бірінші орынды иеленді. Екінші жүлдеге ТарМУ-дың студенті Ербол Елшат ие болса, жамбылдық Нұрлыбек Құрманов үшінші орынды олжалады. Айтысты аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев қорытындылап, жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Таласта жүлдесі қомақты облыстық айтыс дәстүрлі өте беретінін айтты. Сондай-ақ қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков, айтыскерлер Алтынкүл Қасымбекова, Айтмұханбет Исақов, таластық ақын Сабырғали Рысбаев жеңімпаз бен жүлдегерлерді диплом, бағалы сыйлықпен марапаттады. Алаштың еркесі Алтынкүл Қасымбековаға да таластықтар сыйлық ұсынып, құрмет көрсетті. Қамысбай Сауқымов, журналист. Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар