«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жайылым жетеді

Жайылым жетеді
ашық дереккөз
Жайылым жетеді

тек соны ауылдық округтерге қайтарып беру керек

Мемлекеттік жер кадастрының мәліметіне сәйкес, облыстың жер қорында 9,4 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Оның 3,5 миллион гектары ауыл шаруашылығы айналымында. Бұдан бөлек, орман қорында мал жаюға және шөп дайындауға беруге болатын 1,9 миллион гектар жайылым тағы бар. Соған қарамастан, соңғы жылдары жайылым жерлердің жетіспейтіндігі ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келеді. Расында, жер қатынастарын реттеуде бүгінде екі мәселе өзекті болып отыр. Оның бірі – халықтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне сұранысы болса, екіншісі – елді мекендер маңындағы жайылым жерлердің жетіспеушілігі. Соңғы мәселенің маңыздылығы ескеріліп, жайылымдарды пайдалануды реттеудің жолдары облыс әкімінің қатысуымен екі мәрте талқыланды. Берілген тапсырмаларға сәйкес мәселенің туындау себептеріне талдау жасалынды. Жайылымдарға сұраныстың мал басының санына қарай туындайтыны белгілі. Сондықтан бірінші кезекте облыс бойынша тіркелген мал басының санын нақтылау жұмыстары жүргізілді. Талдау нәтижесі мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаулардың арқасында облыста төрт түлік басы санының артып келе жатқандығын көрсетті. Дегенмен 1991 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара мен жылқы малында өсім болғанымен, қой-ешкі – 433,8 мың, түйе – 2,0 мың басқа кеміген. Бұл орайда, мүйізді ірі қара және жылқы малының бір бөлігінің бордақылау алаңдарында ұсталатындығын да ескеру қажет. Енді тіркелген мал басының меншік түрлеріне қарай бөлінісін талдар болсақ, мүйізді ірі қара малының – 6, қой-ешкінің – 2,4 , жылқы малының – 1,9 және түйе санының 1,6 пайызы ғана акционерлік қоғамдарда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде және өндірістік кооперативтер сынды агроқұрылымдарда тіркелген, яғни тіркелген мал басы негізінен жекенің қолында деуге болады. Осыдан барып елді мекендер маңындағы жайылымдардың жетіспеушілігі туындауда. Бұл өз кезегінде ауылдық округтерге бекітіліп берілген 369 мың гектар жайылым жерлерге жүктеменің шамадан тыс артуы салдарынан осы жайылымдардың деградацияға ұшырауынан болып отыр. Мұның алдын алмасақ, алдағы бірнеше жылдан кейін бұл жайылымдар айналымнан мүлдем шығып қалу қаупі бар. Малды жайып бағудың қалыптасқан жүйесінің бұзылуына байланысты бұл құбылыс тек Жамбыл облысына ғана тән болып отырған жоқ. Мұндай ахуал бүкіл республика аумағында қалыптасып отыр деуге болады. Осыған байланысты 2017 жылдың 20 ақпанында Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамасымен «Жайылымдар туралы» Заң қабылданды. Сонымен қатар қолданыстағы жер заңнамасына халықтың сұранысын қанағаттандыруға қажетті жайылым жерлерді мәжбүрлеп иеліктен шығару тетігі енгізілді, яғни мемлекет тарапынан жайылымдарды пайдалануды реттеудің заңнамалық негіздері қалыптастырылды. Ендігі кезекте бұл мәселеде аудандық өкілдік және атқарушы органдар тарапынан заң аясында қажетті шаралардың барлығы атқарылуы тиіс. Жүргізілген талдаулар нәтижелеріне сүйене отырып, басқарма тарапынан аудандық әкімдіктерге қалыптасқан жағдайдан шығудың төмендегі бағыттары ұсынылды. Біріншіден, бұрындары пайдалануға беріліп кеткен 2,8 мың гектар жалпы пайдаланымдағы жайылымдарды ауылдық округтерге қайтарып беру қажет. Екіншіден, елді мекендерге 5-7 шақырымдай жақын орналасқан мал аяғы жететін жайылымдарды иеленіп отырған 498 жер пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу арқылы 23,6 мың гектар жайылымдарды ауылдық округтерге қосымша бекітіп беруді ұйымдастыру. Үшіншіден, босалқы жер қорындағы мал шаруашылығын жүргізуге қолайлы деп табылған 600 мың гектардан астам жайылымдықтарды олардың инфрақұрылымын (құдықтар, суаттар, мал айдау жолдары) қалпына келтіру жолымен айналымға қосу шараларын жүргізу. Төртіншіден, талдау көрсеткендей мал басы тіркелмеген 1,7 миллион гектар жайылымдарды пайдаланушылардан бұл жерлерді заң аясында қайтарып алу жұмыстарын жүргізу. Бесіншіден, орман қорындағы 1,6 миллион гектар жайылым жерлерді мал бағу және шөп дайындау үшін пайдалануды ретке келтіру. Осындай жолдармен әрбір елді мекен бойынша жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен кестесін аудандық әкімдіктер мен мәслихаттарының бірлескен шешімімен бекітіп, оның орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аталған шараларды жүзеге асырмайынша жайылымдардың жетіспеушілігі туралы мәселені шешу мүмкін емес. Бердібек МОЛДАБАЙ, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының статист маманы.

Ұқсас жаңалықтар