Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен қолға алынған баспасөз туры шалғайдағы Шу және Мойынқұм аудандарында жалғасын тапты. Журналистер бұл күні аудандағы екі бірдей нысанның ашылу салтанатына куә болды. Ең әуелі Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет ауылында пайдалануға берілген медициналық пунктке табан тіреді. Тәуелсіздік күні мерекесі мен Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай ашылған медициналық нысан 10 келушіге арналыпты. Үстіміздегі жылы Шу ауданында ашылып отырған алғашқы медициналық пункттің құрылыс жұмыстары осыдан 5 ай бұрын басталған. Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысанда егуге, ем қабылдауға және учаскелік медбикеге арналған бөлмелер орналасқан. Бұдан былай, шағын ғана ауылда тұратын 600-ге тарта тұрғын басы ауырып, балтыры сыздай қалса ауылдарындағы су жаңа медициналық мекеменің қызметіне жүгінетін болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген нысанның құрылыс жұмыстарын «CEIS-НҰР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Ауылдықтардың көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Жарылқасын Айтақов арнайы келді. Шара барысында аудан әкімі мен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиев жиналған көпшілікті Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, нысанның лентасын қиды. Дәл осы күні шулық тұрғындарға тағы бір тамаша тарту жасалды. Аудан іргесіндегі Абай ауылында сумен қамту және су шығару нысаны ел игілігіне берілді. Жалпы, елімізде ерекше назарға алынған мемлекеттік саясаттың бірі – тұрғындарды сапалы әрі таза ауызсумен қамтамасыз ету екені белгілі. Елбасының өзі де тұрғындардың денсаулығы ауызсуға тікелей байланысты екенін айтып, бұл бағытта тиянақты жұмыстар атқарылуы қажеттігін ескерткен болатын. Міне, осындай мақсатты жұмыстарды дер кезінде қолға алған жергілікті билік өкілдері ауылдықтардың тілегін ескерусіз қалдырмай, абайлықтардың сапалы ауызсуға қол жеткізуіне ықпал етіп отыр. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жарылқасын Әбдіғапарұлы ауыл тұрғындарын сумен қамту жүйесінің ашылуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Өз кезегінде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тобахан Кәдірханұлы көптің тілегін орындаған аудан басшысына ризашылығын білдірді. Шара барысында сумен қамту жүйесі нысанының символикалық кілтін құрылысты жүргізген «АЗИЯ интеллект» мердігер компаниясының өкілі Қуаныш Телітаев ауыл тұрғындарына салтанатты түрде табыс етті. Айта кету керек, мұнда жерасты суын шығаруға арналған бес сорғы болса, бүгінде оның екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалған үшеуі өрт сөндіру қызметіне арналған. Бұдан бөлек, нысан аумағындағы қоймаға да су жиналып тұр. Алда-жалда мұндағы сорғылар істен шыға қалса, қоймадағы су арнайы сүзгіден өтіп, ауыл тұрғындарына жеткізілмек. Бұдан кейін өңір журналистері Көктөбе ауылындағы ветеринарлық пунктте және ауданда енді ғана құрылыс жұмыстары басталған қант зауытында болды. Айта кету керек, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында орналасатын қант зауытының құрылыс жұмыстарын «Qazsugar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Серіктестіктің директоры Амангелді Аяғановтың айтуынша, құны 200 миллион еуроны құрайтын инвестициялық жоба 2022 жылдың төртінші тоқсанында толық аяқталмақ. – Жобаны қолға алмас бұрын халықаралық тәжірибемен толық таныстық. АҚШ, Германия, Қытай, Ресей елдеріне барып қайттық. Өзіміздің нарықты да сараптап көрдік. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу, құрылыс-жабдықтау және зауытты іске қосу жұмыстарының мерзімі – 3 жыл. Бүгінгі таңда бастапқы жұмыстар басталып кетті. Жалпы, қант зауыты іске қосылғанда тәулігіне 8000 тонна қант қызылшасын өндіретін боламыз. Ал тұтастай алғанда зауыт жылына 148 мың тонна тәтті түбірді өңдеуге қауқарлы. Жұмысшыларға келетін болсақ, нысан толық қуатында жұмыс істей бастағанда жергілікті жерден 300 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін аудандағы колледждермен келісімшартқа отырып, арнайы мамандарды тапсырыс арқылы даярлайтын боламыз. Әрине, шикізаты болмаса, зауыттың жұмыс істемейтіні айтпаса да белгілі. Осыны ескере отырып, биыл Шу ауданы аумағынан 300 гектар жерге қант қызылшасын ектік. Өзіміздің ішкі сынақтан өткен бірнеше сұрыптың тұқымы суармалы алқапқа себілді. Қант қызылшасына арналған егіс алқаптарындағы 3-4 гектар аумақты тәжірибе алаңына айналдырдық. Нәтижесі жаман емес. Биылғы өнімді Меркі ауданындағы қант зауытына өткердік. Келесі жылы 1300 гектар алқапқа тәтті түбір егуді жоспарлап отырмыз. Оның 1000 гектары жаңбырлатып, қалған 300 гектары тамшылатып суғару әдісі арқылы өсірілмек. Сәтін салса, 2025 жылға дейін аудандағы егістік көлемін 30 мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеудеміз, – дейді серіктестік директоры. Сонымен қатар аталмыш серіктестік келесі жылы дәл осы арнайы экономикалық аймақтан құны 160 миллион еуроны құрайтын фри картобын өндіретін зауыттың құрылысын бастауға ниетті екен. Бұдан бөлек, баспасөз турының құрамындағы журналистер Шу қаласындағы макарон өнімдерін шығаруға арналған элеватордың жұмысын көріп қайтты. Жобалық құны 3,5 миллион АҚШ долларын құрайтын аталмыш нысанда бүгінгі күні 64 адам жұмыс істеуде. Мұндағы макарон цехы тәулігіне 22 тонна өнім шығаратын болса, диірмені бір тәулікте 120 тонна өнім өңдеуге қауқарлы екен. Журналистердің аудандағы жұмыс сапары Шу қаласында орналасқан «Оңтүстік батыс» тұрғын үй алқабында аяқталды. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сенсек, мұндағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталғанда 1330 тұрғынға жер телімі берілмек. Білуімізше, үй соғуға арналған жер телімдері жер кезегінде тұрғандарға үлестірілетін болады. Ал бүгінде аудан бойынша 6000-ға жуық адам жер кезегінде тұрса, оның 3600-і Шу қаласынан екен. Жер телімін алған тұрғын алғашқы жылы үйдің 30 пайызын, келесі жылы 30 пайызын салса, үшінші жылы үйдің құрылысын толық аяқтауға міндетті. Оның өзін арнайы бекітілген эскиздік жобаға сәйкес істеуі қажет. Олай болмаған жағдайда, әкімдік жер телімінің иесін сотқа беру арқылы жерді тартып алу құқығына ие болады.
* * * Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің баспасөз туры келесі күні Мойынқұм ауданында жалғасты. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» атты қанатқақты жобасына әр ауданнан бір ауылдық округ еніп, бүгінде нақты тірліктер атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда, бұл жоба шалғайдағы тұрғындардың көңіліне қона бастағанына, игілігі мол бастамаға иек артатындардың да саны артқанына көзіміз жетті. Мәселен, ауданға кіреберісте орналасқан Кеңес ауылдық округі дәл осы жобаға енген ауылдардың қатарында екен. Ауыл маңында орналасқан «Ақ отау» шаруа қожалығына бас сұққанымызда ондағы жұмысшылар мал санын арттыру үшін пилоттық жобаға қатысуға ниет білдіргендерін айтады. «Бұл шаруа қожалық 2002 жылы құрылған болатын. Бастапқыда 10-ға жуық ірі қарамен бастағанбыз. Бүгінде 100 бас сиыр, 700 қойға жеткіздік. Төрт түлікті жемшөппен қамтамасыз ету мақсатында биыл 20 гектар жерге жоңышқа, 25 гектар алқапқа жүгері еккенбіз. Өнімділігі жаман емес. Одан бөлек, 2 трактор мен 1 комбайнымыз бар. Егін шаруашылығына арналған 60 гектар жерге осы техникаларды пайдаланудамыз. Сондай-ақ ай сайын 20-30 сиырды бордақылап, оның етін арнайы келісімшарт негізінде ауданның индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындарға өткізіп жатырмыз», – дейді шаруашылықтың жұмысшысы Серік Білдебаев. Бұдан кейін Биназар ауылдық округінде Жастар жылына орай ашылған саябақ пен Жамбыл ауылындағы жеке кәсіпкердің жұмысына куә болдық. Ауылдағы Ғазиз Мәдіхан есімді азамат «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-Бастау» жобасының биылғы кезеңінде білім алыпты. Ғазиздің бизнес жобасын арнайы құрылған комиссия бір жарым миллион теңгенің қайтарымсыз грантына лайықты деп тапқан. Осылайша ол «Ғазиз» жеке кәсіпкерлігін ашып, сүт өнімдерін өндіруді қолға алыпты. Айта кету керек, жас кәсіпкердің бизнес жоспарына сәйкес, ол тәулігіне 200 литр сүт қабылдау керек болған. Алайда қысқы маусымға байланысты «Тасқын» шаруа қожалығымен келісімшартқа отырып, қазіргі күні 60-70 литр сүт қабылдауда. Ұтып алған қаржыға дайын өнімді қаптайтын құрылғы сатып алған жас кәсіпкер бүгінде құрт, қаймақ, май және сүзбе сынды сүт өнімдерін өндіріп, аудан көлемінде нарыққа шығарып жатыр. Алдағы уақытта сүт сақтайтын танкер алып, жұмысшы санын арттырып, кәсібінің көкжиегін кеңейтуге ниетті екенін айтады. БАҚ өкілдерінің баспасөз туры барысында ауыл шаруашылығы мақсатында құрылған «Тұлпар» кооперативінің және «Бизнес-Бастау» жобасы аясында қайтарымсыз 505 мың теңгеге ие болған жас кәсіпкерлердің жұмысымен таныстық. Тұтастай алғанда, шалғайдағы құмды өлкеде қолға алынған тірліктер көп-ақ. Оған қоса, кәсіп ашуға ынталы жастардың көптігі мен мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны қуантты. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаса береді деген сенімдеміз.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу және Мойынқұм аудандары.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді