«Жусан» иісі

«Жусан» иісі
ашық дереккөз
«Жусан» иісі

Бейбарыс сәнді сарайда алтын аяқтан ас ішсе де, өмір бойы туған жерін аңсап өткен. Тақымы таққа тие сала, Дешті-Қыпшақпен қатынас орнатқан. Солай қарай керуен тартқан көпестерге ылғи бір түп жусан ала келуді тапсырып тұрған. Ол, тіпті, жусанның жұпарын бір жұту үшін астындағы тағын, басындағы тәжін тәрк етуге бейіл еді. Неге? Бұл сұраққа бүгінгі «Жиһад» деп жат ел асқан әсіре діншілдер жауап бере алар ма екен? «Жусан» операциясының астарында, міне, туған жерге деген патриоттық сезімнен туатын осындай алапат астар бар.

Бүгінде діннің атын жамылып, лаң салып жүргендер аз емес. Жаһанды алаңдатқан басты мәселелердің бірі – терроризм және экстремизм екені айқын. Діннің өзін сан түрлі ағымға бөліп алып, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырып жүргендердің қарасы әлемде жеткілікті. Бұл, әрине, өкінішті жағдай. Шүкіршілік, елімізде бейбіт өмір, береке-бірлік салтанат құрған. Алайда халқымызды жаһанда болып жатқан жантүршігерлік қақтығыстардың алаңдататыны сөзсіз. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған, Сирия еліндегі қақтығыс ошағынан қандастарымызды елге әкелуге бағытталған «Жусан» операциясы сәтімен жүзеге асып жатқанынан көзі қарақты жұртшылық хабардар. Бұл Елбасымыздың әлемдік саяси сахнадағы биік беделі мен мемлекетіміздің келісімшіл ниеті, тұрақтылық қағидаты арқасында іске асырылды. Ұлт тағдырына, ел ертеңіне бағытталған осы іс-шара дер кезінде қолға алынғандығы талас тудырмайды. Өйткені бұл – көптің көкейіндегі мәселе. Біздің мемлекет Сирия еліндегі соғысты доғару және ол мемлекетте татулық пен келісім орнату барысына айрықша атсалысқанын баршамыз жақсы білеміз. Бұл сөзімнің бірден-бір айғағы ретінде Сириядағы жағдайға орай соңғы жылдарда өткізілген Астана процесінің 11 раундын атап айту керек. Бұл келіссөздер Сириядағы көп аймақта тыныштық орнатуға, қантөгістің тоқтауына ықпал еткені талас тудырмаса керек-ті. Қоғамның тыныштығы қашанда басты назарда болғаны белгілі. Сондықтан да терроризммен күрес толастамақ емес. Жалпы алғанда «Жусан» операциясы толық гуманитарлық сарынмен ұйымдастырылған іс-шара болды. Мұның сәтімен өтуіне еліміздің бірқатар құзырлы мекемелері, өзге де шет елдер және әлемдік деңгейдегі ұйымдар атсалысқанын да айта кеткеннің артықтығы болмас. Жалпы алғанда «Жусан» операциясы бірнеше айға созылғаны рас. Осы бір операцияны жүзеге асыруда арнайы мамандар көптеген қиындықтарды бастарынан өткерген-ді. Осы ретте «Елге оралған діндарлардан айналасына қауіп-қатер жоқ па?» деген сұрақтың туатыны да анық. Иә, алғашқы «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер кісі, 11 әйел және 30 бала қайтарылды. Бүгінде олардың ішінде 6 ер адам мен 1 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар елге жеткізілген өзге азаматтар экстремистік іс-қимылдар тұрғысынан жан-жақты тексерілу үстінде. Егер мұндай оқиғалар дәлелденетін болса, әлбетте қылмыстық жауапкершілік шараларына тартылады. Басқа елдегі діни соғыс ошағынан келген адамдардың 40 пайызға жуығының ғана кінәлі екендіктері анықталып, жазаға тартылған. Десе де осы жолғы мақсат та, мүдде де – өзгеше. Себебі жұртты алаңдатқаны – балалар. Бүлдіршіндерді ата жұрттарына түгел жеткізу – баста мақсат. Сол мақсаттың үдесінен шыққандарына қуаныштымыз. Сирия топырағынан бұл операция барысында 230-дан аса қазақстандық азамат, оның ішінде 156 бала Отанына жеткізілген болатын. Бұл балаларға деген қамқорлықтың айқын көрінісі деп білеміз. Соңғысының 18-і жетім жеткіншек екен. Сонымен қатар 59 әйел бар. Осынау операция егемен әрі жас мемлекет үшін халықаралық қауымдастық алдындағы салмақты іс болды деуге толыққанды негіз бар. Сонымен қатар еліміз өз адамдарының тағдырына немкетті қарамайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Біз әлем елдеріне татулығымыз пен бірлігіміз арқылы танылған мемлекетпіз. Ал Еуропа мен әлемнің кей елдері Сирияға аттанған азаматтарын қайтару немесе бас тарту туралы нақты шараларын әлі күнге дейін қабылдаған жоқ. Сондықтан «Жусан» операциясы Қазақстанның жауапкершілігі мен беделін тереңдете түскені анық. Осы орайда, мұндағы басты мүдде дін де, лаңкестік те емес, адамдарымыздың тағдыры мен амандығы екенін айту керек секілді. Тағы бір нәрсеге баса назар аударған жөн. Біздің ел «Жусан» арқылы өз қандастарымызға жаңа өмірді басынан бастауға мүмкіншілік беріп отыр. Халықаралық радикилизацияны зерттеу орталығының бір кездердегі мәліметіне сенсек, содырлардың қатарын әлем елдерінен 41 490 адам толықтырған екен. Мұның 13 пайызын әйелдер құраса, 4600-ге жуығы жеткіншектер мен жас қыздар болған. Ал мұның көбісі Еуропа мемлекеттерінің тумалары саналады. Міне, Еуропа елдерінің билігі осы азаматтарынан бас тартқан сыңайлы. Қазақстанда олардың қоғамның толыққанды азаматы болуына барынша мүмкіндік берілетінін жоғарыда айттық. Айталық, арнайы оңалту орталықтарында кәсіби психологтар мен теологтар тарапынан қалыптасу үшін жәрдем ұсынылады. Бізде деструктизм мен радикализмнің құрылымдарын танитын, жат ағымдықтармен жұмыс істей алатын, ислам ақидасын дәстүрлі арнаға тарта алатын кадрлар баршылық. Тек бұл іс-шараларды жүргізуге уақыт керек. Ал райынан қайтпайтын немесе қылмысы бар азаматтарды еліміздің құқық қорғау органдары нақты факторлар бойынша назарларына алып, тиісті шаралар қолданылады ғой. Қандай адамның болса да адамзат алдында жасаған кінәсі жауапсыз қалмауы тиіс деп білемін. «Жусан-2» операциясымен елге келгендер туралы айтсақ, олар бүгінде Ақтау қаласындағы оңалту орталығына орналастырылған. Қандастарымызбен сауатты, білікті мамандар мен теологтар үзіліссіз жұмыс жүргізеді. Жат пиғылды ұйымдардың жетегінде кеткендерге, санасы уланып, алданып қалғандарға бірінші психологтың көмегі керек екені сөзсіз. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы іс-шаралардың оң нәтиже беріп жатқандығын оқып-біліп отырмыз. Жыл басында елімізге қайтарылған әйелдердің дені радикалды көзқарастарынан айығып, азапты өмірлерінен бас тартты. Тіпті, жұмысқа орналасып, туыстарының ортасына қосылып жатқандары да баршылық. Балалары мектеп табалдырығын аттап, балабақшаға барып жүргенінен де хабардармыз. Енді олар ненің не екенін толыққанды түсініп жатқан шығар. Қазақ мұндайда «Ештен кеш жақсы» деп бекер айтпаса керек-ті. «Жусан» операциясының түрлі сатыларының арқасында жат топырақтағы қақтығыс аймағында ешқандай қазақстандық азаматтар қалған жоқ деген мәлімет те тарады. Соңғы іс-шара барысында 67 әйел, 171 бала Отанына қайтарылған көрінеді. Өкінішке қарай, ол балалардың 9-ы жетім қалыпты. Яғни әке-шешелері соғыс даласында опат болған. «Жусан-3» Сирия жеріндегі Қазақстан азаматтарын елімізге әкелу бойынша жүргізілген кешенді гуманитарлық операцияның қорытындысы болғаны аян. «Жусан» шеңберінде туған жеріне жалпы саны 516 адам жеткізілгенін айта кеткен жөн шығар. Оның 357-сі – балалар мен жасөспірімдер. Былтырғы шілде айында ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сүйенсек, Сирия мен Ирак елдерінде қақтығыс орын алғалы 800-ге тарта отандасымыз Таяу Шығысты бетке алған екен. Сол кезде құзырлы органдар сол екі мемлекеттегі халықаралық терроризм ұйымдарында Қазақстаннан барған 120 ер адам, 250-ден аса әйел және 500 шақты бала бар екенін мәлімдегені есімізде. Бұл дегеніміз ұлт үшін трагедия еді ғой. Енді міне «Сабақты ине сәтімен» демекші, көптеген отандастарымыз туған жердің топырағын қайта басып отыр. Әрине, кейбір елдердегі азаматтарына жанашырлық жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Десе де, тура «Жусан» жобасы сынды елінің азаматтарын жанашырлықпен Отанына жеткізетін операция жоққа тән. ДАИШ ағымы Сирия аумағындағы қақтығыстардан ығысқанымен, күйрей жеңілгенімен, ондағы төтенше оқиғалар мен мемлекеттің ресми билігіне қарсы геосаяси шаралар ахуалдың әлі де күрделі екендігін аңғартып отырғанын жоққа шығаруға болмас деп ойлаймыз. Ал осындай сәтте Сирияның жетекші тобы мен Ресей Федерациясы тарапынан көрсетілген қолдау жұмыстары біздің елдің операциясын сәтті түрде жүзеге асыруға ықпал еткені белгілі. Өзге мемлекеттердің тұрғындары босқын мәртебесімен әлемдік ұйымдардың көмегі аясында Еуропа, Түркия территорияларындағы босқындарды қабылдайтын орталықтарға жеткізілгенімен, көп адам демилитиризацияланған аймақтарда қалып қойған. Мұны да қаперден шығармағанымыз абзал шығар. Ал біздің мемлекетіміз терроризм мен экстремизм оқиғаларымен күрес жүргізуден, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған азаматтарға жәрдем беруден бас тартпайды. Демек, гуманитарлық акция аясындағы жұмыстар жалғаса беретін болады деуге негіз бар. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз. Бұл – Қазақстанның ұстанымы. Біз бір дүниені анық білуіміз керек, жоғарыда аттары аталған аймақтарда мұсылмандар мен мұсылмандар бір-біріне қарсы оқ жаудырып жатыр. Демек, әрқилы ұйымдар өзара соғысуда. Онда бір із салған соң, қайтадан кері жол табу еш мүмкін емес. Себебі мұндай пиғыл байқалса болды, дар ағашы күтіп тұр деп білген жөн. Қазақстан азаматтарының қайтпақ болғаны үшін өлім құшқаны жайлы деректер де баршылық. Осы орайда, соңғы екі жыл шамасында еліміздің шекарасынан Сирияға бет алған бірде-бір азамат туралы дерек жоқ. Яғни халықтың діни сауаты артып келеді деп айтуға толыққанды негіз бар. Құзырлы мекемелердің тынымсыз еңбектерінің, сауықтыру шараларының арқасында жат пиғылды ағымдардың арбауына түсушілердің саны айтарлықтай кеміді десек, еш қателеспейміз. Қалай десек те, діни экстремизм мен терроризм деген пәлекет әлемді алаңдатып отырғаны жасырын емес. Жаһанда орын алып жатқан сан түрлі жарылыстар санамызды дүр сілкіндіргені баршаға мәлім. Зайырлы ел ретінде біздің мемлекет қашанда татулықты, бірлікті қолдайтыны аян. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөздің астарында зор мән бар. 2019 жылдың 15 наурызында мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жұма күні Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында теракт орын алып, 49 адам қаза тауып, тағы көптеген азамат түрлі дәрежедегі жарақат алғанынан бүкіл әлем хабардар болды десек, қателеспейміз. Бұл оқиға мұсылмандар мен христиан діндері арасына сызат түсіре жаздағанын да ескерген жөн. Түйіп айтсақ, діни экстремизм мен терроризмнен төнетін қатердің зор екені анық. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Жоғарыда айтылған «Жусан» операциясының бірнеше сатысы санасы уланған отандастарымызға қамқорлық танытуды көксеп отырғаны сөзсіз. Бұл дегеніміз біздің мемлекеттің өз азаматтарының тағдырына, болашағына шын мәнінде адаңдайтынын көрсетіп отыр. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» атты ұстанымды ұстанған зайырлы Қазақстан мемлекеті үшін тұрғындардың ертеңі маңызды. Жалпы әлемде орын алып жатқан барлық терактілер жат ағымның шырмауына ілесіп жүргендерді ойландырса дейміз. Неге десеңіз, үлкендердің адасуы жастарға да кері әсер етуі мүмкін ғой. Санасы толысқан азаматтар осы мәселені көңіл зердесіне мықтап түйгендері абзал. Біздің мемлекет адамдардың діни тұрғыдан адаспауына барлық жағдайды қарастырып отыр. Деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткендерді қалыпты өмір салтына оралту мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Тіпті ойнақтап жүріп от басып, абақтының ар жағынан бір-ақ шыққан жандарға да қамқорлық танытуда. Түрмеге тоғытылғандардың да ішінде сан түрлі діни ағымдардың жетегінде кеткендер баршылық. Олардың оңалту жұмыстары мемлекетімізде де, облысымызда да жыл өткен сайын жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Дін мәселесі – өте нәзік мәселе. Сондықтан да дін тақырыбына келгенде кез келген адам өте сауатты болғаны жөн деп білеміз. Сауаты бар адам ғана адасушылардың арбауына түсіп қалмайтыны ақиқат. Қашанда «білімді мыңды, білекті бірді жығатынын» қаперден шығармағанымыз жөн. «Жалықтырса алыс сапар, жат мекен, Туған жердің түтіні де тәтті екен» деп ақын жырлағандай, туған жер – атамекен қадірі мен қасиетін Бейбарыс бабамыздай қадірлеуді естен шығармайық.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар