Тілге құрмет – елге құрмет

Тілге құрмет – елге құрмет
ашық дереккөз
Тілге құрмет – елге құрмет

Тараз қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Тілге құрмет – елге құрмет» атты дөңгелек үстел отырысы өткен болатын. Іс-шараға облысымыздың нағыз тіл жанашырлары қатысты. Қарашай-балқарлардың «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Исмаил Хаджымуратовтың қазақ елі мен қарашай-балқарлардың қарым-қатынасы, әдебиетімізге қатысты әңгімелері оқушыларға өте қызықты болды. Ол «жүзі басқа болса да – жүрегі бір, тілі басқа болса да – тілегі бір», атасы басқа болса да – Отаны бір қарашай халқының біздің елімізге келгенге дейін бастан кешкеніне тоқталып, қазақ халқының асқан бауырмалдығын тебірене әңгімеледі. Жиынға қатысқан «Өрлеу» БАҰО АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының тренері Гүлхан Аманова «Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір» деген тұжырым төңірегінде сөз қозғады. Қазақстанда көптеген ұлттар мен ұлыстардың бірлікте, татулықта тұрып жатуы – біздің мақтанышымыз, байлығымыз екенін айтты. Облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тілдерді оқыту орталығының бас әдіскері Шынар Бахытбекқызы үш тұғырлы тіл жайлы әңгіме өрбітіп, қандай тілді үйренсек те, ана тілімізді қадірлеуді бірінші орынға қою керек екенімізге тоқталды. Келесі кезекте балалар қонақтарға көкейлерінде жүрген бірқатар сұрақтарын қойып, пікірсайыс ұйымдастырды. Кеш барысында оқушылар ана тілін сүю, ана тілінде сөйлеу олардың басқа тілді меңгеруіне бөгет болмайтынын айтты. Тіліміздің мәртебесі биік болса ғана болашағымыз жарқын болады деген ойларын ортаға салды. Барлық қатысушылар кештен жақсы әсер алды. Олай болса, баршаңызды өткір тілді, дархан пейілді, Тәуелсіздігіне 28 жыл толатын қазақ елінің тілін қадірлейік, құрметтейік! Ата-бабамыздың асыл аманатын, үкілі үмітін ақтайық!

Сейітхан ҚУАНТАЕВ, «Айрықша тәуекелді ардагерлер мен мүгедектер» ҚБ саяси бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар