«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сарымсақ ексең сан соқпайсың

Сарымсақ ексең  сан соқпайсың
ашық дереккөз
Сарымсақ ексең сан соқпайсың

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту туралы жобасы ауылдықтардың еңсесін көтеріп, еселеп еңбек етуге жігерлендіре түсті. Осы пилоттық жобаға Т.Рысқұлов ауданында Құмарық ауылдық округі кіріп отыр. Оған Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдары қарайды. Бұл үш елді мекенде 630 аула бар. Жоба бойынша өз тұрмыстарын жақсарту мақсатында 197 адам несие алуға ниет білдірді. Жер ана алдамайды. «Не ексең, соны орасың» деген қағиданы басшылыққа алған тұрғындар аулаларын тиімді пайдалану мақсатында жұмысты бастап та кетті. Алғашқыда «қалай болар екен» деген күдік болғанымен, түсіндіру жұмыстарынан кейін, ауыл тұрғындарының сенімдері нығая түсті. Жоба мақсаттарын түсіндіру үшін аудан және ауыл әкімдігі қызметкерлері тартылды. Бүгінде жобаның бірінші бағыты бойынша қосалқы шаруашылықты дамыту мақсатында азаматтар тиімді несиеге қол жеткізуге ниет білдіріп отыр. Алғабас елді мекенінде 19 азамат аулаларына сарымсақ ексе, Құмарық ауылында бір азамат 30 сотық жерге дақылдың осы түрін орналастырды. Көктем шығысымен 30 аулаға таңқурай егу жоспарлануда. Жылына екі рет өнім алу жағы да жан-жақты талқыланып, бір шешімге келген жайлары бар. Үш ауылда үш жылыжай құрылысы басталмақ. Жылыжайда өсіріліп, өндірілген көшет ерте егіліп, тез өнім алуға жағдай жасайды. Екінші бағыт – мал шаруашылығын дамыту мақсатында 130 азамат өтінім білдірген. Облыс әкімімен кездесуде ауыл тұрғындары көкейдегі көп сауалдарына жауап алған еді. Асқар Исабекұлы ауыл ішіндегі пайдаланылмай жатқан жер телімдерін заңдастырып беруді және мал жайылымдарын дұрыс пайдаланылуы жайлы жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Келешекте жемшөпті жаңа технологиямен әзірлеу керектігін және оның тиімділігін көз жеткізе баяндады. Ең басты мәселе – су. Үш ауылға да су таудан келеді. Оның бірі Талды өзенінің суы арнасымен ағып жетсе, екінші Шалсу өзені, жабық каналмен келеді. Оның ұзындығы 12 километрді құрайды. Канал бойындағы су бөлетін қондырғылардың тозығы жеткендігі айтылды. Келешекте оны жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлінетін болады. Жобаны қаржыландыратын – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ. Жобаны жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын алу жоспарлануда. Сонымен қатар техниканы орналастыратын тұрақ, жемшөп турайтын қондырғыларды орналастыратын орын да таңдалып алынды. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында атқарушы директор 7 адамнан тұратын алқа мүшелері сайланды. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов осы жобаның іске асуына бар мүмкіншілікті қарастыратындығын және заң аясында орындауға болатын көмегін аямайтындығын жеткізді.

 

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар