Бүгінгі таңда ауданда мал шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келеді. Бір ғана қой мен ешкінің өзі 395 650 басты құрап, былтырғыдағыдан 3,2 пайызға өскен. Олардан алынатын таза, табиғи өнім халық денсаулығын нығайтып, ел экономикасының дамуына да септесетіні белгілі. Мал етін экспортқа шығаруға байланысты көптеген игі істер қолға алынуда. Таластық шаруалардың, әсіресе асыл тұқымды мал өсіруге бағыт ұстануы қуантарлықтай. Елімізде осыған байланысты енгізіліп жатқан тәжірибелер де көп-ақ. Мысалы, шаруа баққан біраз жұрт жылына екі рет төлдеп, соңына үш-төрт, тіпті тоғыз төл ертетін «романов» қойларын өсіре бастады. Құйрықты «гиссар» қойына аңсары ауғандар да баршылық. Ал қасқабұлақтық Әли Юсупов деген азамат қазақтың қара қойын өсіріп отыр. Қойдың бұл тұқымы жазы ыстық, қысы суық өңірімізде өсіруге әбден лайық. Еті тәтті, жүні де ұзын. Ең бір атап өтерлігі, төлінің тез өсіп жетіліп, қатарға қосылатындығы. Алайда ол малының тұқымы асылдығын дәлелдей алмай жүр екен. Әлидің айтуынша, облыста қазақы қара қой тұқымы жоқ емес, бар. Бірақ өте аз. Жойылудың аз-ақ алдында тұр. Кәсіпкердің атақонысымызға жерсіндірілген қазақтың қара қойын өсіруді қолға алғаны құптарлық-ақ іс. Айтпақшы, ол бізге өзі өсіретін қой тұқымының суретін де көрсеткен. Тұрқы да, сүйегі де ірілеу секілді, жүні де өсіңкі. Алдында ғана өзім теледидардан көрген Моңғолияда өсірілетін Алтай қазақы қара қойына ұқсас. Сол тұқымның өзі болуы да бек мүмкін. – Әйтеуір қорамнан бағзы кездері әкем өсірген қойдың тұқымын үзбей келемін. Қазір олардың ұзын саны 80 басқа жетті. Ешқандай да күй талғамайтын осы қой түрінің тұқымын аздырмай, сақтау басты мақсатыма айналып отыр, – дейді Әли. Қайбір жылдары ол Шымкенттен қойдың «гиссар» тұқымын әкеліп жерсіндірмек болыпты. Алайда олар жерге алғаш қар түсіп, аяз белең алғанда имиіп, бүгілген де қалған. Суыққа шыдамайды екен. Ал мына қазақы қара қойдың жүні де жерде қалмайды. Биыл Тараз қаласынан бір кәсіпкер келіншек келіп, қой жүнін түп көтере сатып алып кетіпті. Ал қойшы болса, кілем тоқуға, киіз басып, текемет жасауға таптырмайтын шикізаттың өзінен шыққанына кәдімгідей риза болып қалған. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай бұл жағдайға қанық болып шықты. Ол Юсупов өсіріп отырған қазақы қара қой ата-тегі анықталмауы себепті әзірге асыл тұқымды деп есептелмейтінін айтады. – Қасқабұлақ ауылында Шабақ Хұдатаев пен тағы бірер малшы асыл тұқымды қой өсіріп отыр. Жалпы, аудан шаруаларының бәрінің де малының тұқымы жақсы. Дегенмен асыл тұқымды малдың ата-тегі жазылған төл құжаты (поспорты) болуға тиіс. Онсыз болмайды, – дейді ол. Биылғы жылдың 8 айы ішінде «Жайылым-дықтарды суландыру» бағдарламасы аясында аудан бойынша малшылар үшін 25 құдық қазылып, жоспар 100 пайызға орындалған екен. Бұдан тыс алыс мал жайылымы телімдеріндегі малшы үйлері мен қора-жайларына күн сәулесінен қуат алатын 36 қондырғы орнатылып беріліпті. Осындай істің игілігін көріп отырғандардың бірі де осы «Хамит» шаруа қожалығы. Жалпы «Жайылымды суландыру» бағдарламасы бойынша субсидия алудың тиімділігі мол. Оның талабына сәйкес шаруа игілігі үшін жұмсалған шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. «Хамит» шаруа қожалығының басшысы Әли Юсуповпен ойда жоқта сапарлас болып қалып, шүйіркелесе кеткенбіз. Ал деп жөн сұрасқанда-ақ ол бізді «Ұлтым күрді, Ойық ішінде қызылқұрттың мырзабикесімін» деп күлдіріп те алды. Бұл сөзді ол шын көңілімен айтты. Жергілікті ұлт өкілдеріне деген құрметі, ризашылығын білдіргені болар. Біздің басты байлығымыз да осы – ұлтаралық бауырластық, ынтымақ пен бірлік емес пе?! 2016 жылы тіркеліп, жұмысын отбасылық негізде жаңадан бастап жатқан шаруа қожалығының ұстанған бағыты дұрыс, алға қойған мақсаты да айқын. Бүгінде Әлекең Қасқабұлақ ауылы мен Қаратау қаласы аралығындағы Қаратау жотасын жайлап отыр. Мал қыстатуға әзірлігі де жаман емес. Жемшөбі дайын, қора-жайы сайлы. Айтпақшы, Әли жайдан-жай шырылдап жүрмеген болар. Алдағы уақытта облыс орталығындағы ҚазҒЗИ-ға қарасты гельминтологиялық-ветеринариялық зертхана тарапынан ата-тегін анықтау жұмыстары жүзеге асырылып, оның бағзыдан бері бағып, бәйек болып күтіп жүргені шын мәнінде де қазақтың асыл тұқымды қара қойы болып шығуы әбден мүмкін-ау.
Баймаханбет АХМЕТ
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді