Цифрландыру мен жобалық басқару – басты назарда
Жалпы, өңірімізде цифрландырудың жол картасы аясында қолға алынған жұмыстар сәтімен үйлестірілуде. Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауынан туындайтын міндеттің бірі – мемлекеттік қызметті автоматтандыру ісі 74,3 пайызға орындалып отыр. Жыл соңына дейін 100 пайыздық межеге жетуге уақыт та, мүмкіндік те бар.
Ал өңір басшысы облыс тұрғындарының 80 пайызының цифрландыруға байланысты сауаттылығын арттыру міндетін алға қойған болатын. Бұл тұрғыда тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетулердің мән-маңызы, Тараз қаласындағы көп қабатты 315 үйді «е-Шаңырақ» жүйесіне қосу, коммуналдық төлемдердің бірыңғай жүйесін және қоғамдық жолаушылар көліктеріне электронды билеттендіруді енгізу, облыстық ішкі істер департаментінде бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметті үйлестіру, өңірлік геоинфо жүйесін қалыптастыру секілді биыл жүзеге асырылатын жобалар егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Жалпы, аталмыш іс-шаралармен жоспарға сәйкес 20 000-ға жуық адам қамтылды.
Цифрландыру саласы бойынша тағы бір міндет – 2020 жылдың соңына дейін елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтуға бағытталған. Бұл тапсырма қазірдің өзінде 79 пайызға орындалып отыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Тараз қаласынан жақын күндері бірыңғай төлем жасау орталығы ашылмақ. Нәтижесінде авариялық жедел жәрдем, су, газ, домофон, басқа да қызмет түрлері «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру» орталығы бастамасымен бірыңғай қызмет түрлеріне айналатын болады.
Сондай-ақ өңірімізге цифрландыру арқылы инвестиция тарту ісі де жандандырылып, инвестиция көлемінің ұлғаюына өз септігін тигізуде. Мәселен, 2019 жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 228,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артты.
Бүгінде Қордай ауданында «Aurum Deutschland («Аурум Дойчланд»)» ЖШС «Тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы және Жамбыл облысындағы алтын кен орындарын игеру» жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны 45 миллиард теңгені құрайды. Жоғарыда аталған комбинаттың жылдық қуаттылығы 5100 килограмм «доре» алтынын өндіруге есептелген. Жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінгі күні бұл іске компания 1,2 миллиард теңге инвестициялық қаржы құйды.
Ал «QAZAQ SODA» ЖШС Сарысу ауданы аумағында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның құны 125,6 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 400 мың тонна өнім өндіру әлеуетіне ие. Қазіргі уақытта елімізге кальцийлендірілген сода алыс және жақын шетелдерден тасымалдануда. Ал жоғарыда аталған зауыттың салынуы ішкі нарықта профильді кәсіпорындарды жоғары сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге де мүмкіндік беретін болады.
Жалпы, бүгінгі күні облыста 2019-2025 жылдары іске асырылатын 69 инвестициялық жобаның базасы қалыптастырылып, оларды іске асыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Өңірімізде «қарапайым заттар экономикасын» ілгерілету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жамбылда тіркелген 84 мың бизнес субъектілеріне скрининг жүргізу және ақпараттандыру арқылы құны 70 миллиард теңгеге 103 жобаның пулы қалыптастырылған болатын. Соның ішінде, екінші деңгейлі банктер мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы жалпы сомасы 20,2 миллиард теңгенің 38 жобасы мақұлданып, 29 жобаға 811 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ құны 42,9 миллиард теңге болатын 18 жоба қаржы институттары тарапынан қаралу үстінде.
Бұл өз кезегінде экономиканың негізгі салаларын озық технологиялармен жабдықтауға, цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік бермек. Бұл жұмыстар өңірлік жобалық кеңсенің бақылауында.
Жеңіс САРИЕВ,
облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді