Бұл ауылдың қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде ру атымен «Ойық» деп аталуы шынында да қайран қаларлық-ақ жайт. Әсіресе кеңшар кезінде дүрілдеп аты шыққанын білетіндер әлі ұмыта қойған жоқ. Өткен ғасырдың 1980-1990 жылдары аралығында кішігірім индустриялық ауылға да айналып қалып еді. Бір өзінде тұрмыстық қызмет көрсету үйі, мал бордақылау алаңы, екі бірдей кірпіш зауыты, құрама жем шығару, барометриялық сабан, тері-былғары өңдеу, елтіріден бас киім тігу, етті бұқтырып, қалбырлау, шұжық өндіру, брынза (сүзбе ірімшік) қатыру цехтары жұмыс істеді. Солардың бүгінде жұрнағы да қалмағаны өкінішті. Бәрінен де тұрғындардың сол кездің өзінде-ақ нарыққа өтпелі кезең талаптары үдесінен шыға алғанын айтсаңызшы!
Дегенмен тәуелсіздік жылдарында елді мекеннің байырғы даңқын қайта оралту ісі жанқиярлық еңбекпен жалғастырылумен болды. Жергілікті тұрғындар туған ауылдарын түлетуді тақыр жерден бастады деуге негіз жоқ емес. Бүгінде мұндағы қой-ешкі саны бағзы кездегі межеге жақындап та қалыпты. Шаруа қожалықтары мен жеке үйлерде 2 401 мүйізді ірі қара малы, 33 957 қой-ешкі, 890 жылқы, 331 түйе, мың қаралы үй құстары бар. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 150 662 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер – 144 618, егістік – 2 386, шабындық –3 575, жайылымдық – 138 657 гектар көлемінде. Биыл көпжылдық шөп – 633, көкөніс – 8, жүгері – 55, картоп – 14, күнбағыс – 5, бақша дақылдары 21 гектар алқапқа орналастырылып, тиісінше өнімдері жиналып алыныпты. Қысқа қажетті мал азығының жоспары 15 200 тонна орнына, 15 505 тоннаға асыра орындалған. Шаруалар қыс айларында мұртымызды балта кеспейді десіп отыр. Мал шаруашылығы саласында ілгерілеу жоқ емес. Мысалы, «Шалқар» шаруа қожалығы «Меркі ет комбинаты» ЖШС-на 14 400 тонна қозы етін өткізсе, «Қазына» шаруа қожалығы Өзбекстан еліне 20 тонна осындай ет өнімін экспортқа шығарған. Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да, көмек те мол. Атап айтқанда, 15 шаруа қожалығы иеліктеріндегі уақ малды асылдандыру ісін жүзеге асыруда. Олар мемлекет тарапынан әрбір туар мал басына 1500 теңгеден субсидия алып та отыр. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 3 агроқұрылым 13 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізіп, қораларындағы төрт түлік мал басын көбейте түскен. Ауылдық округке тартылған инвестициялық қаржы есебінен қора-жайлары басына «Шыңғысхан» шаруа қожалығы – 3, «Шалқар» шаруа қожалығы 1 күн панелін орнатқан екен. Ал жайылымды суландыру бағдарламасы бойынша «Қойшыбай-Ата» шаруа қожалығы – 2, «Нұр» және «Бақнұр» шаруа қожалықтары бір-бірден құдық қаздыртып, тиісінше қаржылай субсидияларын да алыпты. Жалпы, округ аумағында бүгінде 44 шаруа қожалығы тіркеліп отыр. Барлығы 7 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Облыс орталығы – Тараз қаласы мен екі аралыққа, Қаратау қаласына жолаушылар тасымалдау ісі 1 автобус, 1 «Газель», 20 жеңіл автокөлік көмегімен жүзеге асырылуда. Ауылдың бақуаттана түскені, кәсіпкерлердің мүмкіндігі мен әлеуеті артуы осыдан да байқалады емес пе?! Аудан орталығынан шалғайда орналасқан бұл ауылдың тұрғындары тәуелсіздіктің шуағы мен шапағатына бөленудей-ақ бөленіп отыр. Округ аумағындағы Ойық, Көктөбе, Сейілбек және Тұрымқұл ауылдарында 2964 адамнан тұратын 434 отбасы бар десек, олардың бүгінде 235-і яғни 68 пайызы орталықтандырылған тораптық су-құбыр жүйесі арқылы берілетін таза да сапалы ауызсуды пайдаланып отыр. Округтегі 419 (оның ішінде Ойық ауылындағы – 338, Сейілбек ауылындағы – 45, Тұрымқұл ауылындағы – 36) үйге газ кіргізіліп берілген. Яғни тұрғындардың 97 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде. «Аралбек» шаруа қожалығының басшысы Е.Іленұлы көмекке мұқтаж төрт отбасына газ құбыры кіргізілуіне көмек көрсетіпті. Мұндай қолы ашық, «Атымтай жомарт» азаматтар ауылда жетерліктей. 1281 тұрғын экономикалық тұрғыдан белсенді топқа жатады. Былтыр 31 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген екен. Бүгінде олардың 26-сы жұмысқа орналасыпты. Орташа айлық жалақылары 40 мың теңге көлемінде. Бұдан бөлек 26 отбасындағы 159 азамат атаулы әлеуметтік көмек алады. – Жалпы, округ бойынша биыл көлік, жер және мүлік салықтарының түсімі жоспардағыдан асыра орындалуына қол жеткізілді. Көктемгі, күзгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлықтарын өткізуге де айрықша мән берудеміз. Өйткені тазалық мәдениеттің басы. Жоғарыда аталған іс-шаралар аясында аулалар мен көшелер тазартылуымен қатар, көпшілік орындарына көрнекі ақпараттар мен билбордтар жазылып ілінді. Соңғы екі жыл ішінде «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында «Жеңіс» саябағына арка және «I love Oiyk» белгісі орнатылуы, шағын футбол алаңының салынуы, Ш.Смаханұлы атындағы негізгі мектепке ағымдық жөндеу жүргізілуі, Бөлтірік шешен кесенесі мен Қарақожа мешіті төңірегінің абаттандырылуы, басқа да жұмыстар әр жылдардағы мектеп түлектері мен ауылдан шыққан кәсіпкерлердің демеушілік көмектерінің арқасында мүмкін болды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша аудандық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржы есебінен біраз нысандар мен ауылішілік көше жолдары жөндеумен қамтылды. Осылай ауылымыз еңсесін тіктей түсті. Содан да болар, бүгінде ауылдан көшу дегеніңіз атымен жоқ. Керісінше қайта көшіп келушілер саны көбейіп отыр. Биылдың өзінде үш отбасы туған ауылдарына оралды, – дейді ауылдық округтің әкімі Медет Үрістенов. Округ аумағында бүгінде 4 мектеп, 1 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық бекет, 1 бөбекжай, мектеп жанындағы 2 шағын орталық, 1 шаштараз, 1 қоғамдық, 275 жекеменшік монша, 1 мал сою бекеті жұмыс істейді. Көктөбе ауылынан жеке кәсіпкер Жарқынбек Тілеубердиев 50 орындық тағы бір балабақша ашуды ойластыруда екен. Осылайша мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері желісінің кеңейтілуі де қуантады. Қорыта айтқанда, ауылдықтардың бағдары – белгілі, мақсаты – айқын. Ол – өңір экономикасының әлеуеті артуына, еліміз әлемдегі дамушы мемлекеттердің шоғырынан көрінуіне ауызбіршілікпен жұмыла атсалысу. Міне, осы асқақ мұраттары оларды алға бастай бермек.
Ойық ауылы, Талас ауданы.
Баймаханбет Ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді