«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ қар. Көк мұз. Қарбалас тірлік

Ақ қар. Көк мұз.  Қарбалас тірлік
ашық дереккөз
Ақ қар. Көк мұз. Қарбалас тірлік

Қараша айының екінші онкүндігінің соңы қарлатып берді. Күздің алғашқы қары өңірімізді бір-ақ күнде «ақ көрпеге» орады да тастады. «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының 21 қарашада облыстың кей жерлерінде қалың қар жауатыны тұрғысындағы дауылдық ескертуі дәл келді. Облыс тұрғындары осы күндері кей жерлерде тұман түсіп, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жаяу бұрқасын тұратынынан, жолдардың көк тайғаққа айналатынынан да жақсы хабардар. Әсіресе алыс сапарларға шыққан жүргізушілердің қаперінде болар бір жай осы. Тараз қаласында көше жолдарын қардан тазалау ісі түн ортасынан ауа бере-ақ басталып кетіпті. «Бұл іске «Жасыл ел – Тараз» ЖШС-ның жұмысшылары жұмылдырылды. Автокөлік ағыны басталар таңертеңгілік уақытқа дейін облыс орталығындағы Төле би, Жамбыл даңғылдары, Асқаров, Жансүгіров, Тұрысов, Сейфуллин көшелері қардан арылтылып, жолдарға құм себілді. Аталған іске барлығы 32 техника және 70 жұмысшы күші тартылды. Мұндай жұмыстар күндіз де екінші ауысым жұмысшылары тарапынан тәулік бойы жалғасты» деп хабарлайды қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлбахрам Дүйсекова. Қаладағы қар тазалайтын техникалардың сайлы болуынан табиғаттың кезекті «сынына» байланысты ешқандай да қиындықтар туындай қоймағанын атап өтуге тиіспіз. Қысқасы, қала қысқа дайын болып шықты. Ал өңірдің облыстық және республикалық маңызға ие автомобиль жолдары бойындағы жағдай қандай? Бір-ақ түнде басып қалған қалың қардан жолдардың өткізгіштік мүмкіндігі төмендеп, базбір жерлерде кептелістер орын алмады ма екен? Осы мәселеге байланысты облыс әкімдігінің автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасына хабарласқан едік. «Облыста жалпы пайдаланымдағы жолдардың ұзақтығы – 4327 километрді құрайды. Оның ішінде 1152-сі республикалық, 1987-сі облыстық, 1188-і аудандық маңызға ие. Жалпы, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын 2019-2020 жылдардағы қысқы мезгілде күтіп-ұстау мақсатына 92,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, бұл жұмыстарға 12 мердігерлік ұйым тартылған. Көк тайғаққа қарсы 4683 тонна құм-тұз аралас материалдар дайындалды. Арнайы техникалар 117 бірлікті құрайды. Сондай-ақ аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мезгілде күтіп-ұстау жұмыстарына 79,2 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл іс 9 мердігерлік ұйым тарапынан жүзеге асырылатын болады. Бір мердігерлік ұйымды анықтау үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Аудандар кесімінде де көк тайғаққа қарсы 5820 тонна құм-тұз аралас материалдардың қоры жасалып қойылған. 119 бірлік арнайы техника бар. Ағымдағы жылдың 20-21 қарашасы аралығында жауған қарды тазалау үшін жергілікті маңызы бар жолдарға 67 техника күші жұмылдырылды» деп жауап берді бұл тұрғыда басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінен алынған мәліметке сайсақ, қалың қар жаууына байланысты жолдар бойында, асуларда төтенше жағдайлардың орын алуы тіркелмеген. Осы ретте айта кету керек, облыстың таулы аудандарында қар қалың жауады деп күтілсе, ал құмды өңірлерге бұл күні қырбық қар ғана түскен. «Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» демекші, қыстың аты – қыс. Өңіріміздің солтүстік-шығысынан секундына 9-14 және 15-20 метр жылдамдықпен бұрқасынды жел тұрып, ауа температурасы түнде және күндіз 2-7, кей жерлерде 13 градусқа дейін төмендеп, аяз белең алады деген болжам да жасалды. Тараз қаласы аумағында да солай. Түнде 4-6, күндіз 2-4 градус деңгейінде аяз болады. Жауын-шашынның ықтималдылығы 75-80 пайыз көлемінде. Бәрінен де қар-ішігін жамылған Тараз қаласының бұрнағысынан да сұлулана түскенін айтсаңызшы! Саябақтары мен гүлзарлары түн мезгілінде де самаладай жарық. Айнала-төңіректен қыстың демі сезіледі, қар исі аңқиды.

Баймаханбет Ахмет

Ұқсас жаңалықтар