Ауыл шаруашылығы айрықша маңызға ие
саланың үздік қызметкерлері марапатталып, сый-құрметке ие болды
Кеше Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні салтанатты жағдайда аталып өтті. Оған облыстық мекемелер мен агроқұрылымдар басшылары, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері шақырылды. Ең әуелі аталған ғимараттың фойесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ал салтанатты жиын облыстың бүгінгі таңдағы асыраушы сала бойынша атқарылған жұмыстары көпшілікке бейнекөрініс арқылы көрсетіліп, келесі жылғы жоспарлары таныстырылуынан басталды.
Айта кетейік, жалпы биыл агросалада атқарылған жұмыстар ауқымды. Мәселен, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 687,1 мың гектарға жетіп, 9,7 пайызға артты. 333,5 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 23,0 центнерді құрады және 763,2 мың тонна астық бастырылып, 92,2 мың тонна өнім артық алынды.
Жыл басынан бері салада 275,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 104,4 пайызға орындалса, оның ішінде егін шаруашылығында – 168,9 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 105,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Салаға 22,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш –123,7, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі қорына 6,5 миллиард теңге инвестиция салынып, 157,5 пайыз көлемінде қалыптасты.
Өңірде жыл басынан бері 614 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 7,3 пайызға жаңартылды.
Биыл аймақта 5,6 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Дегенмен жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан алынған тәтті түбір 320,2 центнерді құрап отыр. Қазіргі уақытта қант қызылшасын жинау жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін қант зауыттарына 125-130 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 17 мың тонна отандық қант өндіріледі деп күтілуде.
Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыруға қол жеткізу мақсатында ылғал сақтау технологиясы биыл 29,0 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, су үнемдеу технологияларының көлемі 20,5 мың гектар алқапқа жетіп, 12,6 пайызға артты.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған механикалық жасақ биылғы жылы 65 шақырымды құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4843 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Соңғы екі жылда 6247 гектар алқап толық сумен қамтамасыз етілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде Мойынқұм ауданындағы 37 шақырымды құрайтын 7 канал пайдалануға беріліп, тары және жүгері егу жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады.
Аймақта 2015 жылы отырғызыла бастаған үдемелі бақ көлемі 1064 гектарға жетіп, облыстағы бақ 3375 гектарды құрады. Облыста аумағы 32 гектарды құрайтын 300 дана жылыжай болса, олардан 2019 жылдың 1 кезеңінде 2,9 мың тонна өнім алынды. Бұл маусымаралық кезеңде ішкі нарықты 23 пайызға қамтуда. Қазіргі уақытта қосымша қажетті 37 гектар жылыжайлар құру жұмыстары жүргізілуде. Аймақта мал басы саны да артып келеді.
Салтанатты жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке де айналып отыр. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін облыстың агроөнеркәсіп кешенінің еңбеккерлері табысты қарсы алып отырғанына бүгін бәріміз де куә болып отырмыз. Сіздер қажырлы еңбектеріңізбен еліміздің экономикасының дамуымен қатар, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлестеріңізді қосып келесіздер, – деп атап өтті Асқар Исабекұлы. – Қазіргі уақытта ауылдық жерлерде ел тұрғындарының 50 пайызға жуығы тұратынын ескерсек, ауыл шаруашылығы тек өндірістік қана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар ауқымды сала екені анық. Ал Жамбыл облысында ауылдық жерде халықтың 60 пайызы тұрады. Сондықтан да осыны ескере отырып, жылдан-жылға мемлекеттің қолдауы мен бюджеттің мүмкіндігі арттырылу үстінде. Биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндігінше серпін берілуде.
Ауыл шаруашылығы саласына биыл бөлінген қаржы 30,4 миллиард теңгеден асып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгедей артық. Ал 2017 жылғы деңгейге қарағанда екі есеге ұлғайып отыр. Яғни аталған жылы салаға бөлінген қаржы 14,9 миллиард теңге көлемінде болды. Осылай бола да береді. Өйткені саланың айрықша стратегиялық маңызға ие екендігі баршаңызға жақсы мәлім.
Дегенмен облыстағы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті өте жоғары деп айтуға негіз жоқ емес. Жалпы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының жағдайы да осындай. Өзге өңірлермен салыстырып қарайтын болсақ, біздің өңіріміздің ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысуға әлеуеті де, мүмкіндігі де орасан зор. Көршілес облыстармен салыстырғанда да. Айталық, Түркістан өңірінің ахуалы біздікінен де жоғары. Өйткені ауа райы біздегіден әлдеқайда қолайлы. Алайда көршілерімізге қарағанда ағын судың көзі де бізде басымдау, дебиті де жеткілікті. Міне, осы әлеуетімізді тиімді пайдаланғанда ғана тиімділікке қол жетеді емес пе? Осы жерде үлкен сұрақтар туындайды. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы да бірінші кезекте мемлекеттік қолдаудың арқасында, осы саланың қызметкерлерінің аянбай еңбек етуінің арқасында мүмкін болып отыр. Мұны жақсы білеміз. Егер де оны цифрмен дәйектейтін болсақ, кеше ғана Үкіметте ағымдағы жылдың он айының қорытындысы таныстырылған кезде осы ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіші 104,4 пайызды құрап, республика бойынша бүгінгі таңдағы ең жоғары деп танылды.
Біз үшін бұл, әрине, әлі жеткіліксіздеу. Сондықтан да біз келешекте әлеует, мүмкіндігімізді толығымен пайдалануға тиіспіз. Осыған байланысты қазіргі уақытта біз әрбір ауданның кесіндісінде нақты жоспарлар жасауға көштік. Біржағынан аудандар тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыру ісі басталғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бірақ тұрмыстық жағдайды түзеуді, әлеуметтік мақсатты көздегенмен де, бұл жерде де біраз шаруаларды жақсарта түсуге мүмкіндік барын атап айтуға болады. Біздің шамамыз бойынша пилоттық жоба басталған барлық ауылдарда тиісті шаруалар атқарылатын болса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді кемінде 30 пайызға арттыруға болады екен.
Ал енді ауыл шаруашылығы саласына 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Жыл сайынғы өсім 3-4 пайыз көлемінде. Яғни бір-екі жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін 30 пайызға арттыруға болатынына мүмкіндіктердің бар екені анықталды. Жұмыстар басталып та кетті. Біз бірінші кезекте тауарлы шаруашылық мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Жеке қосалқы шаруашылықтардың ерекше әлеуетке ие екенін жоғарыда айттық. Бұл жерде көзделген мақсат – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Ал тауарлы шаруашылықтарды дамытудың нақты жоспарын жасап, жол картасын дайындап жатырмыз. Әрбір ауданның кесімінде олардағы жердің көлемі, мүмкіндігі, су көзі, дебиті қандай екендігі тұрғысындағы әлеует, мүмкіндіктерді ескеріле отырып, әр ауданда, нақты ауылдық округте жергілікті тауарлы шаруашылық құруға қатысты не істеп, не қою керектігі зерделенуде. Өйткені жалпы мәселелер ауқымы белгілі. Жылда айтылумен келе жатыр. Қолжетімді несиенің жоқтығы, аздығы, техниканың жетімсіздігі, көбінің тозығы жеткендігі, асыл тұқымды мал үлесінің аздығы, сапалы тұқымның жоқтығы деген секілді. Осылай әрі қарай кете береді.
Мұны сапырып айта бергеннен мәселе шешілмейді. Ендігі жерде әрбір ауылдық округ бойынша не істеуіміз керек? Салаға бөлініп жатқан 30 миллиард теңге қаржыдан бұл іске қаншалықты мүмкіндік жасап отырмыз? Не болмаса, оның мақсатты жұмсалуындағы тиімділікті қаншалықты деңгейде арттырудамыз? Күн тәртібіне қазір, міне, осы сұрақтарды қойып отырмыз. Рас, субсидиялардың бәрі бөлініп жатыр. Бірақ сол субсидиялардың тиімділігі қандай көлемде? Бірінші кезекте бөлінген субсидияларды қандай бағыттарға жұмсауымыз керек? Алдымен кімдерді қолдауға тиіспіз? Ең алдымен қандай мәселелерді шешіп алуымыз керек? Осыларды бір пысықтап, нақты мәселелерді анықтап, соған сәйкес түбегейлі жоспарлар түзу қажет. Олай жасалынбаса, жылдағы айтылып жүрген мәселелер қайталана беретін болады. Әр аудан, әр ауылдық округ бойынша тауарлық шаруашылық құру тұрғысында жоспарлар түзілуде. Ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі пилоттық жоба өз алдына. Тауарлы шаруашылыққа қатысты жұмыс жобасы өз алдына бір бөлек дүние. Осындай нақты жоспарға сәйкес жұмыс істеп, алға қарай жылжитын болсақ, жетістіктеріміз бұдан әрі қарай да көбейе түседі ғой деп ойлаймын.
Бүгін – мереке, кәсіби мереке, үлкен мереке. Халықтың көбі ауылды жерде тұратындықтан да, оның мәні де маңызы да айрықша елеулі. Еңбектеріңізге алғысымызды айта отырып, алға қойған жоспарларымыз ойдағыдай орындалып, атқарылған еңбек елдің игілігіне айнала берсін. Табысымыз көп болсын!
Бұдан кейін өңір басшысы Т.Рысқұлов ауданындағы «Бай-Алғабас» шаруа қожалығының жетекшісі Арылбек Қораласбаевты, Жамбыл ауданындағы «Берікқожа» шаруа қожалығының жетекшісі Әселкүл Дайырханованы, Байзақ ауданындағы «Бапыш Сейсенбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәкен Рәпілбековті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» облыс әкімінің төс белгісімен, бірқатар азаматтарды агроөнеркәсіп кешені саласындағы ұзақ жылдарғы жемісті еңбектері үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, сонымен қатар, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, сала ардагерлері Нұрмахан Тілегенов, Аманжол Аманбаев құттықтау сөз сөйлеп, аграрлық саланың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек озаттарына тиісінше Жамбыл облысының Құрмет грамотасын, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерін, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің грамоталарын табыстады.
Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев облысымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында егін, мал шаруашылығы және қайта өңдеу салалары бойынша «Ең озат ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі-2019» аталымы бойынша жүлделі орындардан көрінген үздік агроқұрылымдар басшыларын марапаттап, заттай бағалы сыйлықтар тапсырды. Осы орайда, Шу ауданындағы «Қызылша» ЖШС-ның механизаторы, ағымдағы жылы 90 гектар алқапқа қант қызылшасы тұқымын сеуіп, тәулігіне 27 гектар тәтті түбір жинау жұмыстарын жүзеге асырған Абзал Бектің «Ең озат механизатор», Жуалы ауданындағы «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сауыншысы, ағымдағы жылы 250 тонна сүт сауған, 15 жылдық жұмыс тәжірибесі бар Райгүл Қырықбаеваның «Ең озат сауыншы», Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының малшысы, аталған шаруашылықта ағымдағы жылы 100 қойдан 120 төл алған, 2010 жылдан бастап үздік жұмыс атқарып келе жатқан Сатыбалды Қыздарбековтің «Ең озат шопан» деп танылып, тиісінше сый-құрметке ие болғанын да атап өткеніміз жөн. Осы орайда облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін насихаттап жүрген БАҚ өкілдерін Алғыс хаттарымен марапаттап, заттай бағалы сыйлықтар табыс етті.
Іс-шара барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Басты мақсат – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру. Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығында еңбек ететін мыңдаған жамбылдықтар ел экономикасының маңызды стратегиялық бағыттағы саласын дамытуға сүбелі үлестерін қосып келеді. Жылдағы дәстүрге сәйкес саланың үздіктері анықталып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің марапатталуы да осының басты айғағындай болды.
Баймаханбет Ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді