Кел, балалар оқылық!

Кел, балалар оқылық!
ашық дереккөз
Кел, балалар оқылық!

Әсілінде, академик Қаныш Сәтбаев бұл күнді ешқандай мерекемен теңемей, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн екенін бекер айтқан жоқ. Өйткені, бұл күні қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалаған сан мыңдаған бала алтын ұясына қарай ағылады.

Жадыраған жаздан соң, келіп қалған күздің күнін сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен қарсы алудың өзі ғанибет. Әріп танытып, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін, достарын сағынған балалардың бұл асығуларының өзі ғажап. Жаңа оқу жылында облысымыздың 450 мектебі оқушыларға есігін айқара ашады. 190 мыңнан аса оқушысы осы қуанышпен қауышса, олардың 27 289-ы 1-сыныпқа келеді. Демек, олар әліппенің сиқырлы әріптерімен таныстырып, қолға қалам ұстауды үйрететін алғашқы ұстаздарымен де осы білім ошағында табысады. Ғалымның да, ел қорғаған батырдың да, тілінен бал тамған ақынның да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшының да, егін салған диханның да, мал бағып, терін төккен шопанның да, тіпті, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкердің де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алғанын тарыдай болып кірген сәттен түйсіне бастайды. Міне, ұстаз бен шәкірт арасындағы адами түсіністік осы күннен бастау алады. Бұл күннің құдіреттілігі сонда, одан әрі есейген жылдармен бірге өмірдің қыр-сырын білуге, санқилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жандүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын ала береді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмірге топшысын қатайтып ұшыратын ұстаз, расында да, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Егер олай болмаса, біз неге ұстазды диханға теңейміз. Өйткені, ол әр адамның жанына білім дәнін себе біледі. Осы білімді алуға ұмтылған балаларды жадырап күтіп алатын ұстаздардың күні бұл. Білім беруге ұмтылған ұстаздарынан жақсы білім алуға ұмсынған шәкірттердің де күні. Бұл күн – түпсіз білім тұңғиығына бойлауға асыққандардың күні.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Алтын ұя мектебім

Білім алып мектептен, Ұштық самғап биікке. Небір арман – жүректе, Жетсек дейміз тілекке.

Алтын ұя мектебім, Ойдан әсте кетпедің. Сенің арқаң білім ап, Осы күнге жеткенім. Көкке самғап барамыз, Бақыт жолын табамыз. Болашаққа жол ашқан Алтын ұя – анамыз!

Бал бөбектер

Мерекемен, бөбектерім, Шат болсыншы көңілдерің. Әрбірің зор азамат бол, Сендерсіңдер ел тірегі! Тәй-тәй басқан болашағым, Бал дәуренің – бала шағың. Өздеріңе үлкен-кіші Үмітпенен қарасады.

Бал қылықты сәбилерім, Көргенді бол тәрбиелі. Тал бесіктен басталған жыр, Ертеңгі елдің қайраткері!

Айткүл Дүйсенбекова, Зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар