«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тағдырым телеарнамен тоғыстырды

Тағдырым телеарнамен тоғыстырды
ашық дереккөз
Тағдырым телеарнамен тоғыстырды

Мен облыстық телеарнаға ойламаған жерден келдім. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бастапқы кезінде Үкімет Қызылорда облысын «экологиялық апат аймағы» деп жариялады. Сол-ақ екен ел апатты аймақтан арқардай ауып көше бастады. Жамбылға (қазіргі Тараз) келіп, алдымен пәтер, жұмыс мәселелерін шешпек болдым. Бірден үйренген жерім театрға атбасын бұрдым. Жұмысқа алатындығына толық сенімдімін, өйткені «ҚР еңбек сіңірген артисі» деген дардай атағым бар. Театр директорына кірсем, қызық болғанда «қырық сылтау» айтып театрға жолатқысы жоқ. «Алсақ та қосалқы топқа жарты айлықпен ғана алуға мүмкіндігіміз бар» деп қарап отыр. Менің де айдарымнан жел есіп тұрған кезім, көп аялдамай қолды бір сілтеп театрдан шықтым да кеттім. Сонымен әйтеуір сол кездегі «ЖТД» телеарнасында аға редактор болып қызмет істеп жүрген Есенгелді Төреқұлов деген азаматпен жолығып қалдым. Жағдайымды айтып, елге келетінімді, бірақ жұмыс таба алмай жүргенімді тілге тиек етіп едім, қолымнан жетелеп сол кездегі «ЖТД»-ның төрағасы Елен Әлімжановқа кіргізіп жіберді. Елаға бірден келісіп, телережиссерлыққа қабылдады. Сондай-ақ жол, көшкенде кететін шығынымды да төлеп беретін болды. Театрдан пұшайман болып келген көңілім көтеріліп, ағаның алдынан шалқып шықтым.Сөйтіп телеарнадағы қым-қуыт шығармашылық тіршілігім басталды да кетті. Ұжымға бірден сіңістім. Бұл жерде өзім қатарластар көп екен. Ақылын айтып, көмек қолын созған Мақсат Салықов, Ербол Нәметқұлов, Гүлнар Тілешова, Нұрби Қожанова, Нәзиля Дәуірбаева, Майра Әбдіқұлова, Галина Ботабекова, Сапарғали Әлібаев, Мұқан Әбілқайыров, Еділ Әлиевке шексіз ризамын. Шамсат Сәменов пен Есенгелді Төреқұлов ағалық ақылдарын аяған емес. Менің телеарнада шығармашылық саласында істемеген жұмысым қалмады десем де болады. Режиссерлықтан бөлек оператор, монтажер, диктор, коментатор, редактор, бас редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бұл ең біріншіден басшылықтың маған деген сенімі болса, екіншіден, менің қандай жұмысты да бас тартпастан, қорықпастан атқарып кете беретін қағылез мінезімнен-ау деп ойлаймын. Бекет Момынқұл телеарнаға директор болып тағайындалғаннан кейін маған өзі осы кезге дейін атқарған директордың орынбасары-бас редактор қызметін ұсынған кезде қатты қиналдым. Бірінші басшы солай шешім қабылдаған соң амал жоқ қызметке кірістік те кеттік. Бұйрық алғаннан кейін Бекетімді танымай қалдым, Құдай-ау тапсырманы үйіп-төгіп берсін. Күндіз – күлкі, түнде – ұйқыдан қалдық. Жаңа жобалар, тың идеялар, адамның санасына сыймайтын ұсыныстар. Түнгі екі-үшке дейін жұмыс істейміз, таңертең сағат сегіз болмай қылқиып жұмыста отырамын. Өзі де мазасыз, бізге де маза бермейді. Таңғы лездеме сағат тоғызда басталады да, бітісімен кешеден қалған аласапыран тірлікке кірісеміз. Қойшы, сол қарқынмен 4-5 жыл осылай еңбек еттік. Бұл телеарнада шығармашылық шарықтау да, қоғамдағы күнде болып жатқан өзгерістерге ілесе алмай алабұртқан шақтарым да өтіпті. Арнада еңбек еткен жылдарда Елен Әлімжан, Әлмұхан Исақ, Мұса Рахманбердиев, Бекет Момынқұл, Әлібек Татанов, Серік Ахметов, Қалыбек Атжан сияқты басшылармен қызметтес болыппын. Бәрімен де ағалы-інідей араласып, абыройлы еңбек еттім деп ойлаймын. Бүгін қарап отырсам телеарнаға қырға шыққан қырық жасымда келіппін де, асқаралы алпысымда әдемі кетіппін. Әдемі кетіппін дегенім, 2010 жылы облыстық қазақ драма театрына директорлық қызметке ауыстым. Қимастық сезім болды. Өйткені телеарнада тамаша күндерім өтті. Мен бұл жерден абырой жинадым, халықтың сүйіспеншілігіне бөлендім, елдің жанайқайын эфирге шығарып, өзекті ойларды ортаға тастадым. Оны жұрт «Айтарым бар», «Сіз қайда жүрсіз?», «Сүлеймен 6», «Мәслихат», «Майдан дәптері», «Өтті ғой соғыс күркіреп», «Біздің елдің жігіттері...», «Туған жер түлектері», «Жеті жұлдыз», «Ән жұмбақ» ток шоулар мен хабарларым арқылы жақсы біледі. Бұл тек есте қалғандары ғана, қаншама айдарларды жастарға жұмыс істету мақсатында бағыт-бағдар ретінде бердік. Осы телеарнада жүріп «мен» деген мықты журналистермен қоян-қолтық жұмыс істеп, достастым. Олар Болат Мәуленов, Мұхан Әбілқайыров, Сапарғали Әлібай, Ілияс Ысқақов, Қуат Бораш, Мәдина Көбеева, Есенгелді Төреқұлов, Раиса Фролова, Еділ Әлиев, Телғара Үсенбаев, Күләш Өмірзақова, Наимбек Бағбанов, Ғазиза Рүстемова, Гүлбаршын Құланбаева, Бақытжан (Советский) Әлімқұлов болып созылып кете береді. Қазақтың маңдайалды азаматтарынан сұхбат алып, эфирге шығару бақытына ие болдым. Шерхан Мұртаза көкеммен өмірден өткенінше үзеңгілес бола жүріп, жиырмадан астам хабарлар жасап, Шер ағаның шығармашылық жолы мен өмір өткелдері жайлы екі бөлімнен тұратын «Ұлт жүгін арқалаған ұлы тұлға» деген толық метражды бейнефильмді жасауға бас редактор ретінде атсалыстым. Бұл ұлы суреткердің көзі тірісінде жамбылдық тележурналистердің Шер ағаға қойған ескерткіші. Осы жұмыс Шерағаңның өзі көзімен көріп, асқан ризашылықпен алғысын айтып, батасын берген ұжымның үлкен жұмысы болатын. Бұдан бөлек телеарна ұжымы республикада алғашқылардың бірі болып қайырымдылық акцияларын ұйымдастырғанбыз. Жалпы, мен өнерім арқылы театр сахнасында Қызылорда облысына танымал болсам, тележурналистикамен Жамбыл облысына танылдым. Облыстық телеарна арқылы биліктің алдында да азды-көпті беделді болғанымды жасырмаймын. Жеке архивімді қарап отырсам, осы кезең аралығында телеарнаның арқасында марапат-мақтаулардан да кенде болмаппын. Елбасының Алғыс хаты, Мәдениет министрі болған марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың Құрмет грамотасы, облысты әр кезеңдерде басқарған әкімдер Серік Үмбетов, Бөрібай Жексенбиннің, Кәрім Көкірекбаевтың қолынан алған сый-сияпаттар мен марапаттар соның айғағы. Жамбылдықтарға танымал еткен осы Жамбыл облыстық телерадио компаниясына айтар алғысым шексіз. Тележурналистика мені тек материалдық және танымалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да байытты. Бүгінгі буынға айтарымыз, алдыңғы буынның салған сара жолын алға қарай абыроймен жалғастырыңыздар демекпіз. Отыз жылдығын атап өткелі жатқан менің Алтын Ордам – Жамбыл телеарнасына айтарым, Жаса! Жайна! Жарқыра! Алға!!!

 

Асқарбек СЕЙІЛХАН, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар