«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірдің көсегесін Кәсіпкерлік көгертеді

Өңірдің көсегесін Кәсіпкерлік көгертеді
ашық дереккөз
Өңірдің көсегесін Кәсіпкерлік көгертеді

Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлік пен бизнесті қолдауға байланысты жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар көп-ақ. Ұлттық экономикамыздың аталған буынының алға жылжуына өңірлік кәсіпкерлер палатасы да айрықша елеулі үлес қосуда.

Жалпы, біз бизнес пен билік арасындағы алтын көпір болу арқылы кәсіпкерлік ісімен айналысатын азаматтарды саладағы тың идеялар мен жаңалықтардан жан-жақты хабардар етіп, ой-пікір, ұсыныстарын, талап-өтініштерін тиісті тараптарға жеткізуді діттейміз. Тиісті заңнамалар аясында кәсіпкерлер мүдделері мен құқықтарын қорғау басты ұстанымымызға да айналып отыр. Өңірдегі кәсіпкерлік, әсіресе, шағын және орта бизнес салалары бұдан бес-алты жыл бұрынғы жағдайға қарағанда анағұрлым ілгерілей түскенін атап өтуге де тиіспіз. Жалпы, мемлекет тарапынан қолдаудан бөлек, жеке ісін жүргізуі кезінде кездесер кедергілер мен қордаланған мәселелері толық шешімін тапқан жағдайда ғана кәсіпкердің шаруасы ілгері басатынына деген сенімі арта түсетіні, тәуекелге де бара алатыны белгілі. Мұндай жағдайлармен өңір кәсіпкерлерінің де жиі бетпе-бет келуіне тура келуде. Мәселен, биыл жыл басынан бері палатаға 225 шағым түсті. Палата тарапынан қолданылған тиісті шаралардың нәтижесінде олардың 50-ден астамы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Талдап, саралау барысында аталмыш арыз-шағымдардың 30 пайызға жуығы жер қатынастары мәселесіне қатысты екеніне көз жеткізілді. Шынында да, жер – басты байлығымыз, негізгі несібе көзі. Біздің облысымыздың жер жағдайы ауыл шаруашылығы үшін өте-мөте қолайлы болғандықтан, кәсіпкерлердің 70 пайызға жуығы агроөнеркәсіптік кешен саласында жұмыс істеуде. Олардың басым дені жеке ісін жүргізу үшін көп жағдайда жер ала алмай қиналады екен. Осы орайда айта кетейік, ендігі жерде Үкіметтің қаулысымен «Атамекен» ҰКП жер бөлу, субсидия беру бойынша құрылған барлық комиссиялардың құрамына 50 пайыздық үлеспен өзі қатыса алады немесе өзінің бизнес өкілін кіргізе алатын болды. Яғни, бұдан былай жер мәселесімен шағымданған кәсіпкерлер өтінішінің оң шешімін табуына мүмкіндік те молая түспек. Елімізде үш жылдан бері жер аукцион арқылы сатылып келеді. Дегенмен бұл істе де шикілік бары анықталды. Мысалы, жергілікті атқарушы органдар өкілдері аукционмен жер сатылатыны жөнінде мерзімдік басылымдар арқылы халықты алдын ала хабардар етуі керек. Солай істеп те жатыр. Алайда белгілі бір себептерге байланысты бұл жөнінде кәсіпкерлердің түгел хабардар болып жатқандары аз. Міне, осындай болмашы нәрседен үлкен мәселе туындайтыны белгілі. Осыған байланысты палата тарапынан өңір басшысына мемлекеттік мүліктерді аукцион конкурсына қоятын портал арқылы жерді де сату жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл ұсынысымыз бірден қабылданып, бүгінде оның тиісті құжаттарына қол қойылды. Жуық арада аукционға шығарылған кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдері электронды түрде сатыла да бастайды. Бұл жағдайда санаулы ғана таралыммен шығатын мерзімді басылымдардағыдай хабарландыруды халық көрмей, естімей қалады деген мәселе туындамайды деп ойлаймыз. Осы пилоттық жобамыз күткендегідей нәтиже беретін болса, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде де қолданылып, бизнеске қажетті жер электронды түрде аукционға шығарылмақ. Демек, мұндай жағдайда кәсіпкерлер жерге әділетті жолмен қол жеткізе алатын болады. Уақыт талабы мен қоғамдық өзгерістерге сәйкес жалпы жағдайдың да жиі құбылып тұратыны белгілі. Мысалы, еліміздің Салық кодексі КСРО ыдырағаннан кейін мемлекеттік қызметтерге арналып түзілген. Қазір бұл кодекс бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірлесе қайтадан әзірлену үстінде. Жалпы, заң талаптары мен нормаларына заманға сай ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, толықтырып тұрмаса болмайды. Бұл бағытта да атап өтерлік жетістіктеріміз баршылық. Былтыр бірқатар заңдарға 800-ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс бердік. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда «Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. ...Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр» деп атап көрсеткені баршаға мәлім. Міне, осы мәселеге байланысты облысымызда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қанатқақты жобаның қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын атап өтуге тиіспіз. Жоба Үкімет тарапынан да қолдау тапты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бүгінде өңірімізде үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту ісі басталды. Осыған байланысты 10 пилоттық ауылдық округ таңдалып алынып, қазіргі уақытта оларда құрылған кооперативтерге жеңілдетілген несие беру мәселесі шешілуде. Аталмыш жобаға пилоттық округ аумағындағы әрбір үйдің, әрбір отбасының қатысуына құқы бар. Яғни, бұл іспен айналысуға ниеттенген кез келген ауыл тұрғыны 2,5 пайызбен несие ала алады. Биыл осы мақсатқа әкімдік тарапынан 7 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл өңіріміздегі шағын және орта бизнес нысандарының дамуына айрықша серпін бермек. Аталмыш жоба сәтті жүзеге асырылып, күткендегідей нәтиже беріп жатса, болашақта еліміз бойынша жаппай енгізілетін болады. Палата өңір бизнесін дамыту ісінен де шет қалып жатқан жоқ. «Бастау» жобасы аясында жыл сайын мыңдаған тұрғынды кәсіпкерлік негіздеріне оқытудамыз. Биыл 4600-ге жуық адам оқытамыз деп жоспарладық. Қазірдің өзінде 2859 тыңдаушы арнайы оқыту-үйретуден өтті. Олардың 1000-ы – жастар. Жалпы, соңғы үш жылда 7470-ке жуық азамат кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп шықты. Тек биылдың өзінде 2 000-нан астам адам өзінің жеке кәсіпкерлік ісін ашып отыр. Бұл да көңіл қуантарлық нәтиже. «Бастау» – кезінде жоғары оқу орнында оқыған, дипломы бар, бірақ қазір жұмыссыз жүрген азаматтар санаттарына да зор мүмкіндіктер сыйлайтын жоба. Бұдан бөлек жас өскіндерге бизнестің әліппесін оқытып, кәсіпкерлік сауатын қалыптастыру үшін «Бизнесті жүргізу бастамалары» деген пәнге басымдық беріп жатырмыз. Осы орайда мектеп пен колледждердің 500-ге жуық мұғалімін оқыттық. Олар енді орта мектептердің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне осы пән бойынша сабақ беретін болады. Мұның да шағын және орта бизнеске пайдалы әсері болады деп сеніммен айта аламыз. Біз жалпы өңір бизнесіне серпін беруді ойлаймыз. Қазір ауқымды бір істі қолға алудамыз. Яғни облыстың қай өңірінде қандай өнім бар немесе жоқ екенін зерделеп шықтық. Оның нәтижесі де жоқ емес. Атап айтқанда, Алматыдан «Атамекен-Тараз» ЖШС арқылы 100 инкубатор сатып алып, енді оларды тауық етін өндірумен айналыспайтын аудандарға үлестіріп бергелі отырмыз. Бұдан басқа лимон шаруашылығын құруды қолға алсақ дейміз. Бұл жеміс түрі бізге негізінен Түркия, Өзбекстан елдерінен тасымалданады. Өзбекстаннан келген сарапшылармен ақылдаса келе біздің өңірімізде де жылыжай ішінде лимон өсіруге болатынына көз жеткіздік. Осы бағытта 47 жылыжай салу үшін мамандарды оқытуды қолға алдық. Қазірдің өзінде палата Айша бибі ауылының маңынан екі лимон өсіретін жылыжайды іске асыру жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ бір кездері Жамбыл жерінде аты дүркіреген жүзім шаруашылықтарын қайта жаңғыртуды да ойластырудамыз. Палата жанындағы іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері Өзбекстанға барып, жүзім өсірудің қыр-сырына қанығып қайтты. Алдағы уақытта бұл мақсатқа арнайы жер телімдерін бөліп, білікті агрономдармен бірлесе жұмыс істеу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қысқасы, біз Үкімет тарапынан бөлінген қаражатты айрықша сұранысқа ие, алайда кенжелеп қалған табысты салаларға бағыттауды жөн деп таптық. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде облыста 13,2 миллиард теңге қаржы мал шаруашылығын дамытуға берілген екен. Бірақ мал саны небәрі 8,7 пайызға ғана көбейді. Егер шаруалар алған қаржыны тиімді пайдаланған болса, өрісіміздегі мал басы бұдан да көп болар еді. Сондықтан қанға сіңген ата кәсіп қой деп бар қаржыны тек мал шаруашылығына бағыттай бермей, бау-бақша индустриясы дамытылуын да ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Қырғыз топырағында тамыр жайып өскен құлпынай, таңқурай біздің жерге шықпай ма? Сол сияқты қонақ келсе ғана дастарханға қойылатын бадамша дәнін (миндаль) бізде ешкім өсірмеген де, өсірмейді де, өсіруге ниеттеніп жүрген шаруа да жоқ. Ал өзбек ағайындар соның көл-көсір пайдасын көріп отыр. Әлде жамбылдықтардың мұндайға ебі жоқ па? Таңқурай мен құлпынайдың 90 пайызын өзбек ағайындардан, 10 пайызын көрші қырғыздардан тасимыз. Палатамыз тарапынан осыған байланысты қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, таңқурай өсіру бойынша Алматы облысынан бір шаруашылықпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Олар өз шарттарын қойып, көшет алмасуға келісті. Ал өңірімізде қазірдің өзінде 50 гектар алқапқа таңқурай егіп көруге ниетті шаруашылықтар бар. Сондай-ақ өзбек елінен 10 000 түп бадамша көшетін әкелу жұмыстары жүргізілуде. Бұйыртса қараша айында алғашқы бадамшаны егеміз деген жоспарымыз бар. Алдымен Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы өзіміздің агро аумаққа егіп, қалғанын Меркі жеріне жерсіндірмекпіз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жандандырыла түспек. Түйіп айтқанда, мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржыны тиімді бизнеске жарату өңір экономикасы үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді болмақ. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

Олжас ҚАРЖАУОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Ұқсас жаңалықтар