Істі болғандар «Беу, қыздар-ай!» қойылымын тамашалады
Облыстық қазақ драма театры жоспарлы көшпелі қойылыммен Тараз қаласындағы ЖД-158/7 түзеу мекемесіне барып, сонда жазасын өтеп жатқан азаматтарға Қаныбек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» атты комедиясын қойды. «Беу, қыздар-ай!» – қазақ комедияларының ішіндегі классикалық шығарма. Оқиға барысында жас мамандардың өз еріктерімен ауылға жұмыс істеуге барғаны баяндалып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалуы көрініс береді. Комедияда сонымен қатар, қоғамымыздағы түйткілді мәселелердің бірі – жұмысбастылықпен уақтылы тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың жайы да әдемі әзіл-әрекетпен көрініс тапқан. Бірі – ақын, бірі – суретші, бірі – магистрант ауыл үшін ауадай қажет үш мамандық иесі Көкдала ауылында тұратын айдай сұлу Айсұлу қызды іздеп сол ауылға келгенде, ұжымшар төрағасы Әбдіқадыр мен ауылдың учаскелік инспекторы қатты қуанып, әлгілерді алып қалуға тырысады. Сөйтіп, Айсұлу сұлуды іздеп ауылға келген әлгі үш сері жігіт Айсұлудың әпкелері – Күнсұлу, Жансұлу, Нұрсұлу атты қыздарға ғашық болып қалады. Осы уақытта Айсұлудың Алматыға оқуға кеткен сүйген жігіті Серке де ауылға оралады. Оқиға осы тұста шиеленісе түседі. Ақырында Алматыдан келген үш бойдақ жігіт Күнсұлу, Жансұлу, Нұрсұлу есімді бақыттарын тауып, сол ауылда бір-бір мамандық иесі болып, қоныс теуіп қалады... Комедияда Айсұлу рөлін – театрдың жас актрисасы Ақнұр Елемесова, Күнсұлуды – Жадыра Құттыбаева, Жансұлуды – Индира Мұстафаева, Нұрсұлуды – Ризат Қылышбаева сәтті ойнап шықты.Спектакльде аңғал мінезді магистрант Хасеннің бейнесін Абзал Дәулетбақов, қиял суретші Сұлтанды – Жандар Қырықбаев, ақын жігіт Әубәкірді – Мәмбет Қожалиев комедиялық жанрға сай жоғары деңгейде шығарды. Учаскелік инспектор рөліндегі Анар Алтыбаеваның да ерекше қимылдарына, тапқырлығына тәнті болдық.Ұжым басшысы Әбдіқадыр образын сомдаған актер Әбу Шоңбаев, ауылдағы электрик маманы рөлін ойнаған Нұрсұлтан Маханов өз кейіпкерлерінің бейнесін барынша даралап көрсете білді. Театр ұжымын абақтыға мекеменің бас әкімшісі Айжан Сатыбалдиева бастап барғанын айта кеткен жөн. Аталған ЖД-158/7 мекемесі бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбеков театр ұжымын үлкен ықыласпен қарсы алып, алғысын білдірді. Абақтыда өздерін жақсы жағынан көрсетіп, тәртіпті жүретін жазасын өтеуші азаматтар бар екен. Мәселен, Алексей Вовк өлең жазады, сценарийлер құрастыруға икемді. Сондықтан мекеме басшылығы клубта өтетін мәдени іс-шараларды оған сеніп тапсырған. – Бір кездегі жасаған ауыр қылмысымыздың жазасын осында өтеп жатырмыз. Өзім аяғымды шалыс бастым. Оған қатты өкінемін. Осыдан бостандыққа шықсам, ендігі өмірімді тек игі істерге арнаймын. Отбасымның мен үшін алаңдайтыны жаныма батады. Бізді жеке тұлға деп бағалап, арнайы қойылыммен келген облыстық қазақ драма театры ұжымына, актерлеріне рахмет. Мұнда да өмір бар. Мұнда да күлкі бар. Актерлердің шеберлігіне, ойнақы сөздерге күлдік. Қойылымнан жақсы әсер алдық, – дейді жазасын өтеуші Данияр Нұрекеев.
Е.ЖАҢАБАЙҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді