«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Дүние деген жәрмеңке, келдің екен – көріп кет!»

«Дүние деген жәрмеңке, келдің екен – көріп кет!»
ашық дереккөз
«Дүние деген жәрмеңке, келдің екен – көріп кет!»
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="109934,109935,109936"]

Жәрмеңке басталғалы небәрі жарты сағат болса да азық-түлік толы сөмкелерін арқалап аялдамаға қарай аяңдап, қайтып бара жатқан жұрттың саны көп. Менімен бір автобуста келген Таня әжейді де тілдеспей тұрып-ақ жәрмеңкеге келе жатқанын қолындағы дөңгелегі бар ала сөмкесінен байқаған едім. Қоғамдық көліктен түсе салысымен жолай ұшырасқандардан «Почем баранину купили?», «А капусту за сколько брали?» деп сұраумен болды. Құнын білген соң «Я же говорила, что на ярмарке дешевле» деп сөзінің расталғанына қуанғандай, қасында еріп келе жатқан маған бір қарап қойды. Автобустың ішінде «Ауыл-Береке» базарынан түскелі тұрған жолаушыларға да «Если вы на базар за продуктами, то идите лучше на ярмарку. Там намного дешевле» деп үгіттеп келген-ді.

Соңғы рет жәрмеңкеге бұдан бірер жыл бұрын келгенмін. Бірақ онда адам қарасы онша көп бола бермейтін еді. Ал облысымыздың 80 жылдығына орай өткен сенбі күні ұйымдастырылған жәрмеңкеге халық көп жиналыпты. Әсіресе Жуалының майы мен ірімшігіне, тараздық «Сәуле» кондитерлік фабрикасының өнімдеріне тұрған кезекті көріп таңғалдым. Бұл күні өнімдерін әкелген Байзақ, Талас, Мойынқұм, Шу аудандарының сөрелерінде де адам қарасы еш үзілмеді. Күнделікті тұтынатын азық-түліктен бөлек, мұнда қымыз бен шұбат (литрі 500 теңге), тары мен талқан (килограмы 730 теңге), қауын (120 теңге) мен қарбызға (100 теңге) дейін болды. Ал Шу ауданынан әкелінген мақсары майы тараздық тұрғындардың басым бөлігіне таңсық екені аян. 5 литрі 3500 теңгеден сатылған бұл майдың пайдасы ұшан-теңіз. Құрамында Е және К дәрумендері бар мақсары майы жүрек жұмысын жақсарту үшін, тері, буын ауруларына қарсы, шаш күтімінде, жалпы сән әлемінде көп қолданылатын көрінеді. Бұл күні жалпы құны 39,9 миллион теңгенің 148 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңке жаймаларына жайылды. Оның 11 тоннасы ет (жылқы етінің келісі – 1800, қой еті – 1550, сиыр еті – 1700 теңге), 4 тоннасы сүт (литрі 160 теңге), 3 тоннасы шұжық өнімдері (750-1500 теңге аралығында). Өткерілген жұмыртқа саны – 2000 дана. 3 тонна балық (серке – 800 теңге), 0,8 тонна бал (1300 теңге), 2 тонна макарон (150 теңге), 121,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер ұсынылды. Жалпы, барлық өнімдердің бағасы базардыкімен салыстырғанда 5-25 пайызға төмен болды. Жуалының «Зылиха» шаруа қожалығының картобы (60 теңге) мен ет өнімдері қойылған сөрелер айналасы бірер сағатта босап қалды. Жәрмеңкеге келген тараздық тұтынушыларды сөзге тартқанымызда, өзін Гүлнұр Асылбекқызы деп таныстырған апамыз: – Азық-түлік бағасы қымбаттаған кезде мынау бір жақсы болды. Мен осымен екінші мәрте келіп тұрмын. Өткен аптада картоп пен пияз, жылқы етін алған болатынмын. Бүгін килограмын 80 теңгеден 20 килограмм қырыққабат және 1400 теңгеден құрт, 2000 теңгеден қазы сатып алып, қысқа қамданып жатқан жайымыз бар. Қарапайым халық үшін осындай жәрмеңкелердің апта сайын өтіп тұрғаны жақсы. Ұйымдастырушыларға рахмет! – деді. Ал Асылбек Нұржанов: – Бәрі дұрыс, рахмет! Тауар бағалары да қолжетімді. Өзім бүгін сиыр еті мен бір қап картоп алдым. Бірақ енді соны үйіме жеткізу жағы аздап қиындау болып тұр. Ақылы таксилер жақын маңнан көрінбейді. Алаңға көлік кіретіндей де жағдай жасалса, әсіресе үлкен кісілерге жеңілдеу болар ма еді деп ойлаймын. Әйтпесе алған азық-түлігін тіпті, таксиге дейін жеткізіп алудың өзі қиындау болып тұр, – деді.

* * *

Жәрмеңке жексенбі күні де жалғасты. Сенбі күнгідей тараздықтар орталық алаңға ертемен ағылды. Бұл күні Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу және Тараз қаласының тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды. Бұл күні жалпы құны 50 миллион теңгенің 174 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары шығарылды. Тоғыз тонна етті алушылар ертемен кезекке тұрды. Төрт тонна сүт алушылардың да қарасы көп. Үш тонна шұжық түрлері қойылған сөрелердің алдында да кісі қарасы басым. Балық пен жұмыртқаны, кондитерлік және макарон өнімдеріне де, тұзға да сұраныс аз болмады. Жеміс-жидек және көкөніс те қысқа қамданып жатқан қалалықтар үшін аса қажет. Өнімнің бұл түрінің 146,2 тоннасы жеткізіліпті. Оны да қаптап та, сөмкелеп те алып жатты. – Біз 500 килограмм сиыр, осынша жылқы және 350 килограмм қой етін алып келдік. Жарты тонна табиғи таза тұзымыз тағы бар. Жақсы өтіп жатыр. Сарысу шұбатының «бренд» екенін өзіңіз де білесіз, бірден өтіп кетті. Басқа да сүт өнімдерін шаруаларымыз әне-міне сатып үлгереді, – дейді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей. Сарысулықтармен Меркі ауданынан келген тауар өндірушілер қатар орналасыпты. Талғат Уәлиев жетекшілік ететін «Табиғат» шаруа қожалығы сүт өнімдерін жеткізіпті. 50 литр сүт пен осынша айран жәрмеңке басталысымен-ақ өтіп кетсе, 50 литр қымыздың да өз тұтынушылары табылуда. Жәрмеңкенің қалалықтар үшін де, өнім өндірушілер үшін де пайдасы зор. Мәселен, сиыр еті базарда бір килограмы 2100 теңге болса, бұл жерден, 19 пайыз арзанға яғни 1700 теңгеге алады. Жылқы етінің бағасы да жәрмеңкеде 1800 теңгеден сатылуда. Бұл 14 пайыз арзан. Тіпті ысталған, бұқтырылған шұжық базардан 25 пайыз арзанға өткерілуде. Сондай-ақ балық түрлері де осынша арзанға сатылуда. Сүт өнімдері де 20-25 пайыз төмен. Ал өнімін алып келген шаруалар ақысыз-пұлсыз сөрелерге өздері тұра қалып саудасын жасай береді. – Шырағым, мен қарт адаммын. Біріншіден, базарға жетуім де, ығы-жығы халықтың ішінен тамақ өнімдерін алып шығуым да қиынға соғады. Екіншіден, ол жердің бағасынан бас айналады. Сосын осында келдім. Алаңның өн бойына екі қатар етіп қойылған сөрелерде, ет, сүт, шұжық, нан өнімдері санитарлық талаптарға сай сатылып жатыр. Жеміс-жидек пен көкөніс тиеген автокөліктерге арнайы орын бөлінген. Қай азық-түліктің түріне болмасын бағасы қолжетімді. Облыстың 80 жылдық мерейлі мерекесіне қарсы мынадай жағдай жасаған облыс басшылығына аналық алғысымды айтамын, – деді Тараз қаласының тұрғыны Шырынкүл Ысқақова. Сонымен облыс орталығының тұрғындары ауылдағы шаруа ағайындардың, қаладағы өнім өндірушілердің арқасында екі күнде қысқа азық-түлікпен біршама қамданып алды. Сол үшінде ризашылықтарын білдіріп жатқан үлкен де, кіші де көп. Халқымыздың тарихында Қарқаралы, Қоянды, Атбасар жәрмеңкесі деген атпен қалған атақты жәрмеңкелер болған. «Жамбыл жәрмеңкесі» де тәуелсіздік тұсындағы бірегей жәрмеңкеге айналып келеді. Абыз Әбіш (Кекілбаев) кезінде:

«Дүние деген жәрмеңке: Келдің екен – көріп кет! Дүние деген жәрмеңке: Алдың екен – беріп кет!»

деп жазыпты. Сол абыз айтқандай, «Жамбыл жәрмеңкесінің» де сату-шылары мен алушылары үзілмесін.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар